МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР БАҚТАРЫН СЫНАДЫ

0

7 мамыр-Отанқорғаушылар және 9 мамыр- Жеңіс  мерекелері  қарсаңында орталық стадионда аудан әкімдігінің Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлер арасында спартакиада өтті. Оған аудан, қала әкімдіктерінің, ауылдық округтерден келген спортшылар қатысып, әдемі ойын үлгісін көрсетті.

Стадион алаңында барлық қатысушы командалар сапқа тұрды. Спортшылар «Аудан әкімі аппараты», «Қала әкімі аппараты», «Сұңқар»(Жаңаарық, Түркістан, Жайылма ауылдық округтері), «Айбын»(Байқадам, Игілік ауылдық округтері) командаларға топтасып, «Көңілді старт», «Қол күресі», «Арқан тарту» және «Нысанаға дәлдеу» шарттары бойынша додаға түсті. Жамбыл облыстық №26 БЖСМ басшысы Серік Ниязов ойын шарттарын толық түсіндіріп өтті.

Ойын басталмастан алдын сайысқа қатысушылар мен жанкүйерлерді аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев мерекелерімен құттықтап, жүзден жүйрік атануларына тілегін білдірді.

Көңілді ойын көрігін қыздырған спортшылар бір-бірінен қалыспай мәреге бірінші болып келуі үшін барлық күш-жігерлерін салды. Командалар арасында аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері сондай-ақ, бас мамандар шеберліктерін танытты.

Жарыс нәтижесінде «Сұңқар» командасы бірінші,  «Айбын» командасы екінші, «Қала әкімі аппараты» үшінші орындарды иеленді. Жеңімпаз және жүлдегер командалар аудан әкімдігінің Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының тағайындаған медаль және Мақтау қағаздарымен марапатталды.

Камели Сүлейменова, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.