Жаңа бас құжат жобасын талқылады

0

Жаңа Конституция жобасы – бұл тек заң мәтінін жаңарту емес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуді және мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігін нақты көрсетуге бағытталған стратегиялық құжат.

Жамбыл облысы ақпараттық топ мүшелері Жайылма ауылдық округінде жиын өткізді.
Жиналыста Қазақстан Рес­публикасының Конституция­сының жобасы талқыланды.
Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Ата Заңына өзгерістер енгізу қажеттігін атап өткен болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар айының 20-сы күні Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында осыған орай нақты тапсырмалар берген болатын..
Жиында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов жан-жақты түсіндіріп өтті.
– Біз бүгінде тарихи маңызы зор кезеңнің куәсі болып отырмыз. Бұл — тарих алдындағы ортақ жауапкершілік. Сондықтан, алдағы уақытта Қазақстан халқы «Бір ел – бір мүдде – бір ұлт» қағидаты аясында бірлесіп ауқымды жұмыстар атқаруы қажет.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақ мемлекеттігін нығайту, тәуелсіздікті сақтау – жаңадан құрылатын Қазақстан Халық кеңесінің алдына стратегиялық міндет ретінде қойылды.
Бұл бастама – қоғам сұранысына сай заманауи талаптарға жауап беретін, әділетті әрі құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Конституция – елдің саяси, әлеуметтік және құқықтық дамуының берік іргетасы. Сондықтан оған енгізілген әрбір өзгеріс терең ойластырылып, жан-жақты талқыланып, халыққа толық әрі түсінікті жеткізілуі тиіс.
Біз бүгін осы мақсатта бас қосып отырмыз, — деді .
Одан кейін Тараз қаласы білім бөлімінің Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясының директоры Рахия Есеева:
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ел дамуының жаңа конституциялық үлгісін ұсынды.
Парламентке — Құрылтай атауын беру туралы бастама – бұл біздің ұлттық болмысымыз бен ата-бабамыздан қалған дәстүрлерімізді төрге шығарудың белгісі. Бұл қадам билік пен халықтың арасындағы сенімді нығайтып, Заң шығарушы құрылымның жауапкершілігін арттыратыны ақиқат, — деді.
Одан кейін ақпараттық түсіндіру мүшелері Байқадам ауылдық округінде тұрғындармен кездесу жиынын өткізді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Ж. Сақыпбеков, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов, Тараз қаласы білім бөлімінің Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясының директоры Рахия Есеева және зиялы қауым өкілдері, округ тұрғындары қатысты.
Іс-шарада облыстық ақпараттық топ мүшелері Конституциялық реформаның негізгі бағыттары мен оның қоғам үшін маңызын жан-жақты түсіндірді.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасындағы басты өзгерістер, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін нығайту және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, ардагерлер өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Конституция білім, ғылым, мәдениет пен инновацияны дамытуға ерекше мән береді. Бұл азаматтардың әлеуетін арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты күшейтуге және өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Жоба азаматтық қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтады. Азаматтар өз пікірін білдіруге, қоғамдық мәселелерге қатысуға және шешім қабылдау процестеріне ықпал етуге мүмкіндік алады. Мұның бәрі қоғам мен билік арасындағы ашық диалогты қалыптастыруға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа Конституция жобасы – әлеуметтік тұрақтылықты арттыруға, азаматтардың құқықтары мен өмір сапасын қорғауға бағытталған кешенді құжат, сондай-ақ мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігін нақты көрсететін стратегиялық бастама болып табылады.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.