ҰСЫНЫС-ПІКІРЛЕР ОРТАҒА САЛЫНДЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр тоқсан сайын «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» жарлығы естеріңізде болар. Яғни, халық үнін еститін үкімет тұжырымдамасының бір парасы десек те болады. Сол жарлыққа сәйкес Жайылма ауылдық округіне қарасты Қызылдихан ауылында аудан әкімі С.Мамытов есептік жиынын өткізді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық прокуратураның басшысы, аудандық мәслихаттың төрағасы, ардагерлер және алқа билер кеңесінің төрағалары мен мүшелері, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, құзырлы орган қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімі қазіргі таңға дейін атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап, алдағы мақсаттарға да тоқталып өтті.
-Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысымен Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша қазіргі таңда ауданымызда тіркелген 1 542 шаруа қожалығының 1 421-і белсенді жұмыс атқаруда. 2025 жылы егістік алқаптарының 23 150 гектарына дақылдар егілді. Тәлімді егістік алқаптарына 1 724 тонна тұқым себу қамтамасыз етілді. Шаруа қожалықтары тарапынан 3 575 тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды. Оның құнының 50%-ы субсидиялауға жатады. Шаруашылықтар 1 030 тонна жеңілдетілген дизель отынына қол жеткізді. Дизель отынының бағасы 254 теңге/литріне, бұл нарық бағасынан 15% төмен. 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына және жазғы егін жинау жұмыстарына шаруашылықтар тарапынан 1480 тонна дизель отынына өтініш жолданды.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 305 млн. теңгеге 42 жоба несиелендірілді.
Шаруа қожалықтардың жұмсаған шығындарының бір бөлігін қайтару бойынша ауданымыздан шаруа қожалықтары 675 млн. теңгеге субсидиялауға өтініш жолдады. Бүгінгі таңда, оның ішінде 90 шаруа қожалыққа 354 млн. теңгесі төленді, ал қалған 321 млн. теңгенің өтініштеріне 2026 жылдың І-тоқсанында төлем жасалатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы аудандағы 13 000 гектар жайылымдық жерді кері қайтару жоспары бекітілді. Нәтижесінде бүгінде пайдаланылмай жатқан 15 146 гектар жайылымдық жер қайтарылып, жоспар 117%-ға артығымен орындалды.
Бұдан бөлек, аудан көлемінде комплексті ветеринарлық нысандардың құрылыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 5 вет. пункт, 8 мал емдеу орны (раскол) және 8 мал шомылдыру орнының (купка) құрылысы аяқталды. Бүгінде аталған нысандарды сатып алу және құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан тұрғындарын үймен қамту мәселесі бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндап өтсем. Жалпы, 2023-2024 жылдары тұрғын үй қорынан пәтерге мұқтаж азаматтар есебінен 423 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Атап айтқанда: — 2023 жылы 1, 5 млрд. теңгеге 160 пәтер, 2024 жылы 3,2 млрд. теңгеге жекелей 263 пәтер сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға берілді. 2025 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды пәтермен қамтамасыз ету үшін «Самұрық Қазына» қорынан 1 млрд. 882 млн. теңге қаржы қарастырылды.
Бұл қаржыға, жалпы аумағы 7 200 шаршы метрді құрайтын Жаңатас қаласындағы 5 қабатты 60 пәтерлі жаңа тұрғын үй құрылысы жүргізіліп аяқталуда және 60 пәтерлі 1 шағын аудандағы № 45 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылды.
Аталған үйлер коммуналдық меншікке сатып алынуда. 2026 жылдың 1 тоқсанында «Отбасы Банк» АҚ арқылы түрлі санаттағы кезекте тұрған 120 отбасын пәтермен қамтитын боламыз, -деді.
Сонымен қатар аудан көлемінде және шалғайдағы ауылдардың тыныс-тіршілігіне қатысты есепті мерзім ішінде жүзеге асқан оң істерге, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына, сондай-ақ алдағы міндеттер мен шешімін күткен түйінді мәселелерді кеңінен айтып өтті. Өткен есептік кезеңде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешілу барысына тоқталды.
Есептік жиында ауыл тұрғындары жарыссөзге шығып, өзекті мәселелерді көтерді.
Аудан әкімі Сәкен Мамытов тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, көтерілген мәселелердің шешу жолдары мен орындалу кезеңдері жайында айтып өтті. Сондай-ақ ауылдық округ әкіміне жиында айтылған пікірлерге іс-шара жоспарын жасап, жұмыстар атқаруды жүзеге асыруды тапсырды.
Ауыл тұрғындары есептік жиынға баға беріп халыққа жаңа талапқа сай, слайд арқылы атқарылған жұмыстың нақты дерегін көрсетіп, халықпен етене жақын жұмыстар атқарып жүргендігін, нәтижесінде халықтың мұң-мұқтажы тыңдалып, тұрғындардың сұранысы ескеріліп, көтерілген мәселелер көп ұзамай өз шешімін табуда екенін жеткізді. Аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды естіп, көріп отырмыз. Ауданымыз гүлденіп дамуда. Өте қуанышты жайт. Жайылма ауылдық округінде де ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауылға қолдау көрсетіп отырған облыс, аудан, ауыл әкімдеріне алғысымды білдіремін деген тілектерін айтты.
Сонымен қатар, жеке қабылдауға жазылған тұрғындарды да қабылдап, мәселелерін тыңдады.
Бұдан кейін тұрғындармен кездесу жиыны Игілік ауылдық округіне қарасты Өндіріс ауылындағы клуб үйінде жалғасын тапты.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық прокуратураның басшысы, аудандық мәслихаттың төрағасы, ардагерлер және алқа билер кеңесінің төрағалары мен мүшелері, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, құзырлы орган қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты. Кездесу жиынында аудан басшысы сөз алып, ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ алдағы жылдар ішінде атқарылатын жұмыстарды тілге тиек етті. Сонымен қатар, Игілік ауылдық округінде де жүзеге асқан жобалар мен алдағы округте жоспарланған жұмыстарға да тоқталды.
— Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген «Көлік-логистиканы одан әрі дамыту» бағыты аясында ауданымызда бірқатар нақты жұмыстар атқарылуда.
Ағымдағы жылы Шығанақ және Қамқалы ауылдары арасындағы облыстық маңызы бар 17 шақырым жолды жөндеу жұмыстары облыстық бюджеттен 715 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстары толық аяқталып, қазіргі таңда пайдалануға берілді. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен 716 млн. теңгеге Саудакент және Жайылма ауылдары арасындағы облыстық маңызы бар 11 шақырым жол күрделі жөндеуден өтуде. Бүгінде 10 шақырым жолдың құрылысы аяқталды. Қалған 1 шақырымы 2026 жылы жөнделетін болады.
Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 17 млн. теңгеге Ұйым ауылындағы Сырлыбаев көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы 2025 жылы ауданда аудандық және облыстық жолдарды жөндеуге 1 млрд. 451 млн. теңге қаржы жұмсалды.
Аудан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған аса маңызды шаралардың бірі – ол елді мекендерді газдандыру болып отыр.
Жоба бойынша 98 шақырым жоғары қысымды газ құбыры, электр желілері мен талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы толық салынып, Түркістан облысындағы «Шалдар» АГРС маңынан қосу жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда газ құбырлары мен жабдықтары сынақтан өткізіліп, АГРС алаңында қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. «ЕвроХим-Қаратау» кешеніне газ беру бойынша жергілікті және Түркістан облысының «Интергаз Орталық Азия» АҚ өкілдерімен бірлесе тиісті жұмыстар атқарылуда. Жалпы жобаның құны 24,7 млрд. теңгені құрайды.
Бүгінгі таңда, жобаның құрылыс жұмыстары мердігер тарапынан кешігіп іске асырылуда. «Строй Газ Компании» ЖШС-іне жобаны 97 күн мерзімге кешіктіргені үшін, тапсырыс беруші тарапынан сотқа талап-арыз жолданып, Жамбыл облысының мамандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен 271 млн. теңге айыппұл салынды. Жобаның аяқталу мерзімі 2026 жылға қалып отыр. Аудан халқын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары өз жалғасын тауып келеді. Мысалы, аудандағы барлық елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.
Қазақстанның Арнайы мемлекеттік қоры қаражаты есебінен Жайылма және Маятас ауылдарында ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жобасына 1,6 млрд. теңге (РБ — 1,3 млрд.тг., ОБ — 330,4 млн.тг.) қаражат бөлінген болатын. Қайта жаңғырту жұмыстары 2026 жылы басталады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Президентіміздің елді мекендерді 100% ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде, «Саудакент ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту» жобасының екінші кезеңі қалып отыр.
ІІ-ші кезең бойынша (қалған 400 ауланы) ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжат әзірленді. Жобаға сараптама қорытындысы алынды және энергетика басқармасы тарапынан ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 417 млн. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды,-деді.
Өткен жылы есептік жиында көтерілген сұрақтың орындалу барысына тоқталды.
Сондай-ақ «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы, кәсіпкерлік саласы, ірі компаниялар мен инвестициялық жобалар, тұрғын үй бойынша, құрылыс жұмыстары, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, елді мекендерді ауыз сумен қамту, автокөлік жолдары, елді мекендерді газдандыру, аудандағы әлеуметтік сала, бюджеттік-инвестициялық жобалар, мобильді байланыс және интернет туралы, жолаушылар тасымалы және жарықтандыру бойынша тоқталып өтті. Ауылдың тыныс-тіршілігін толықтай қамтыған жиында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау мақсатында қолға алынған жұмыстар да қамтылды.
Ауыл тұрғындары аудан әкімінің есептік кезеңде атқарылған жұмыстарына оң бағасын беріп, алдағы ел игілігіне арналған жоспарларына сәттілік тіледі. Жиын соңында тұрғындарды жеке қабылдады.
Аудан әкімі әр елді мекендегі күрмеулі мәселелерді саралап, шешу жолдары мен мерзімдері бойынша қосымша түсіндірді.
Сондай-ақ аудан басшысы тұрғындарға жаңа конституция жобасын түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сәулет ЕСҚАРА,
«SARYSÝ»