ӘКЕМДІ ІЗДЕП ЖҮРМІН

0

Жаныс қарт дөң үстіне тағы шықты.Күздің қара суығы қарып тұр.Ұзын бүрмелі жасыл пұлыш шапанының қапсырма етегін қайта -қайта көтеріп тастап, бел тұсын әжептеуір тоңазытып тастады.Сонда да болмай жоқ іздеген жылқышыдай батар күннің астына алақанын күнқағар етіп тағы қарады…Бағанағы жалғыз қарайған әлі тұр.Таңертең бұл төңіректі айналып ой шұқанаққа қарамай, олай жүйткіді,былай жүйткіді „Мас”- дейін десе жүрісі шеккі емес.”Аңшы”- дейін десе қырқаны бір айналып келіп көлігінен түсе салады да жатаған Шолақ төбенің біріне шығып айналсоқтап жер тінтіп қарай береді.Мұның бәрін Жаныс қария ескі дүрбісімен байқаған.

…Қойшы ел аман, жұрт тынышта үрейленбей. „Қорыққанға қос көрінеді”- деген деп, кәрі жүрегін орнықтырып, түскі шәйға барып отырған.Үйдегілер де қарияның бұл мазасыз қылығын „алжасқан кәріліктің салдары”- деп, қоя салады. Жаныстың бұл бала жасынан әдеті, көңілін жай таптырмайтын мәселе шыға қалса қашан не бүк,не шік еткенше осылай сабылып жүргені.Бірақ, көбіне шешуін тауып, таудай болып төр алдындағы сықырлауық диванына мақтангершілікпен күлімдеп жата кететін… .

Түскі асын ішіп,жастыққа басы тиіп еді, Бір қарашал елестеп „тұр,тұрлап” оятып жіберді.Әлгінің түр әлпеті таныс. Бірақ тап баспады.. Сексен секіретін жас емес.Осы жасында талаймен ұшыратты, қауышты, өкпелесті, бірақ тірі пенде болып арыға барып жаға жыртыспаған. Асып бара жатқанда да ақылы араға тұрып,талай пәледен құтқарып қалған. Мұндайда елестер мен түсінен кезектесіп шықпайтын өмірден өтіп кеткендердің өзін ояна сала ұмытып қалады. Баяғыда тірісінде; „түсті ұмытып қалған жақсылық, сонда да білетін дұғаңды бағыштап жібер, иесін өзі тауып алады”-дейтін әкесі марқұм. Жастықта жүре тыңдағанмен, міне сексеннің сеңгірінде сенімді серігі бола бастады. Солай етті де.Аузынан түспейтін „Ықылас” сүресін үш қайталады да керегедегі кемпірі дүниеден өтер бұрын әдіптеп, мол етіп тігіп берген шапанын алып, бір иіскеп киіп, сыртқа беттеді. Қосағының қол табының иісі шыққандай рахаттанып қалды.Не болса соны медеу еткен кәріліктің рымы-ай шіркін. Осы елес жетегімен дөң басына шыққан беті…

Бұл қыраттан төңірек етене ыстық көрінеді.Ауыл шетінен жарыса созылып сонау, тау етегіне барып жоқ болатын балапан төбелерде Жаныстың өмір іздері сайрап жатқандай.Ал, батысқа қарай шексіз жазықтық.Бұлақ, тымасы қаптаған жайылым. Бүгінде күздің сары бояуы шауып, өңі тозыңқырап қалды. Мұнда мамырда соқсаң ғой. Ғажап.Әлемдегі ең көрікті өмір, сұлу табиғат бесігі осы дерсің. Құмарың қанып, рахаттанып қайтасың.

Қарт есік алдындағы қазыққа үлкен немересі Аңсар күндегі әдетінше түс алдында шалдың кәрі қара айғырын әкеліп байлаған. Артынша ат дорбасын басына іліп, жемдеп,ерттеп қойған еді.Ол көп жылғы сыралғы серігі бүгінде өзі сияқты қуаты қайтқан мінісіне беттеді. Қайран дәурен.Адам да, жануар да, табиғат та осылай күн кеше бермек-ау… .

***

Жаныс қарт батар күннің қызылының астына атын тебіндеп қарайғанға да жетіп қалды.Есік пен төрдей „Жип” жеңіл көлігі болып шықты.Төрттағандап тышқан қорыққан „күмп” етіп, түсіп кеткенге ұқсайды…. Төрт доңғалағы әрең көрінеді. Айнала,айнала шықпақшы болған көліктің тұла бойын ақ шаң көміп бата берген.Көлікті зерек шал бірденнен таныды.Бұл өңірде мұндай қымбат машина тек ауыл әкімі Жанатта ғана. Ол нағып жүр, тал түсте үй іргесінде адасып. Жоқ, жоқ! Ол емес.Мынау ине жіптен жаңа шыққандай су жаңа екен.Жер білмейтін біреу болды ғой… .

-Ассалаумағалейкум, жолаушы?

Қос қолдап доңғалақ астындағы құмды аршып жатқан етжеңді жүргінші „селк” ете қалып,орнынан ұшып тұрды.Қымбат костюм топырақ- топырақ. Оны асығыс қаққан болған қалалық жігіт ағасы:

-Уәликумассалам-деп, орнынан көтерілді.

-Дала құмы икемге келер емес ақсақал. Көрмеген жердің ой шұңқыры көп деген,күмп етіп түсіп кетті жолың болғыр темір ат.

-Қай баласың? Не қылып жүрген жансың апақ-сапақта. Азаннан бері осы тұстан бірнеше көрдім.Жоқ іздеп жүрмісің? Әлде мал аңдыған ұрымысың?

-Оның екеуі де емеспін қария.Әкемді іздеп жүр едім!

Айдалада әкесін іздеген қандай қазақсың.Есің дұрыс па өзі-деп Жаныс кәдімгідей таң қалып күлген болды.

-Қария мен осы жерлікпін.Осы Алғабастікімін. Жергілікті болсаңыз. Осындағы Жомартбек шалдың баласымын. Баяғыда         „Алғабастың” осы төртінші бөлімшесін басқарған едім…

-Түсіндім, Түсіндім Берікболмын де.Ия, ия қалай білмейін-деп шал аттан түсті.

-Өзіңіз кім боласыз қария?

-Мен бе, жұмысты өткізіп көшеріңде, өзіңді қорғап аштан, бораннан қырылған жүздеген малды біздің мойнымызға салып  3 жылға соттатып жіберген төрт малшының бірі Жаныспын.Қалай тез ұмытқансың, „қорғандарыңды”!

-Ой, кешіріңіз, Жанке! сіздің ұшырасқаныңыз қандай жақсы болды-деп қалбалақтап келіп қолұсынып амандасып жатыр… Одан соң сөз бетін тез аударып:

-Сонау жылы есіңізде ме? Боранды қыста қозғала алмай, сіздің ақылыңызбен қайтқан әкемді осы жобадағы бір дөңге жерлеген едік… Таң атқалы басын таба алмай…!

-Оған отыз жылдан асты ғой.Одан кейін келіп пе едің?

-Жоқ… . Әне-міне — деп, жүріп…  Партия, партияның тапсырмасы деп, жүріп бұрыла алмай кеттік қой.Содан қалай ақталайын ескерусіз қалды… Өзіңіз білесіз сондай қылышынан қан тамған заман еді ғой..

-Білемін,білемін.Сол бас кесердің бірі өзің болдың. Жекешелендіруді сылтау етіп әлгі Жаңбырбай директор екеуің Алғабастың барлық малын сатып,  малшысын сорлатып, соттатып жүріп байып бір түнде ел-жұртпен қоштаспай, Құдайы да жасамай,өлген әкеңнің басына да бармай  екеуің де ұрланып көшіп кетіп едіңдер. Сол өзің мойныма елу бас мал салып соттатып жіберген малшыңның бірі мен едім… Өтті- кетті…  Жарайды. Ұмытпасам әкең ендігі жүзден асты.Қайтқанда „сексенбесте „деп, мен намаздап едім. Жарықтық ертеде қиналып жүргенімде емшекте жарымай жүрген ұлыма, ”сауып берші”- деп, бір сүтті ешкі беріп еді. Содан теңеліп кеткенбіз. Сол жылдан бері соғып отырғаның  осы ма? Ұл-ақ, екенсің! Әкеңді бұл жерден емес, жер астындағы дұғасыз, намазсыз жүрген лектің ортасына ізде патшағар. Бала болғаныңнан сенің тумай туа шөккір. Өкімет болғаныңа болайын сенің!

Көз алдыңдағыны көрмейтін соқыр неме ер соңымнан. Сендей құдай ұл бергенше қубас өткені жақсы еді сормаңдай әкеңнің -деп, жүз метрдей жердегі үстін жусан басып кеткен шеткі қамысы күнге күйіп ашылып қалып, жер болып кеткен әке моласын көрсетті.

-Мынау сенің әкең.Анау ағаш қазықты „ұмытылып кетпесін”- деп мен қағып едім байғұстың басына.

Берікбол ауыр денесіне ие бола алмай еңкілдеп жадағай жалғыз моланы құшақтай „әке”- деп ен даланы жаңғыртып құлай кетті .

…Күні бойы адамдарды бағып, баялыш тасасында отырған мола байғұзы ұнамсыз шақырып, сондай жердегі жыңғыл басына пыр етіп барып ауысып қонды.

— Ә-к-е, мен келдім қасыңа. Түсімнен түнеріп,  ұйқы бермей шықпай қойғанды қой енді. Мен қорқып жүрмін. Өмірден де, сенен де..

-Доғар еңірегенді. Жетесіз  неме.Одан да „құлқуаллаңды” бағышта…!!!

-Мен ондайды білмеймін  Жәңке.Құлың болайын оқып жіберші,құдай үшін,әкем үшін жалынамын Жәңке, оқышы.

Жаныс шал дұға оқыды.Ол құран бағыштап отырғанда бағана көзі ілініп кеткендегі бейне тағы қөрінді.Бұл қатыгез ұлдың мейірімді әкесі екенін ұққан қария күрсініп бетін сыйпады.

Берікбол Жаныстың шақырғанына бармай әкесінің басында қалды. Қария бәрін іштен ұқты.Оның ауылға аттауға беті шыдамаған.Кешірілмес ел алдындағы, әке аруағы  алдындағы қателігін ұққан бойы қала берді.Қара айғырына жеңіл мінген шал ауылға қарай жортып бара жатты.

Ертеңіне кенже баласының тракторымен қонақтың көлігін шығарып кететіндігін айтты.

Ай орталап қалған қыркүйек.

Ол талмаусырап ұясына батып,әлемді қараңғылық басып қалған шағында моланың жартылай көміліп, күн қағып қарайып кеткен шіріген қамыс асты қыбыр ете қалды да артынша баланың білегіндей қара шұбар улы жылан шықты да әкесін құшақтап тәтті ұйқыда жатқан ұлын алқымынан шағып өлтірді.

…Ертесіне келген Жаныс ақсақал білеудей үрейлі шұбар жыланның Берікболдың мойнын орап шырт ұйқыда жатқанын көрген ол басын шайқап жыланды бұтамен түрткілеп оятып жіберді.Ол есті қарттан түк сескенбей иіріліп қалпына келді де бағана әзірде өзі шыққан қамыс қуысына еніп ғайып болды. Ол баласына:

-Ұлым „әке қарғысы у, ана қарғысы су”- деген осы.Бұл жылан тегін емес. Әке рухының қарауылы, әрі  қарғысы….! Қарғыс алмай өс Ұлым. Мына қағылған ағаш қазықтың астында мына қымбат көлік мінген ағаңның әкесі жатыр.Ол отыз жылдан кейін ғана әкесін іздеп келіп мынадай халге душар болды.Құдайдың жазасына не шара. Ал сен, анаң жарытпай аштан өлмелі халге жеткеніңде осы шалдың берген нән сүтті ешкісінің арқасында аузың аққа тиіп, дертіңнен айығып аман қалғансың! Емдеп жүрген білгіш дәрілердің өзі таң қалып жағасын ұстаған.Сол ешкінің сүті саған тамақ, әрі ем болып нардай болып ажарланып ет жинаған едің. Міне, бүгінге дейін ауырмай шапқылап келесің.”Ешкі сүті ем”- деген халық. „Алмақтың да салмағы бар.” Бір Қараң өліп те қалады.Сат та қайырымды қарттың басын тұрғыз,төрт құлақ бейітін көтер.Мал баспасын.Бетін жуып, ыстық жасының кермек дәмін шайып жатсын.Сауабы тиеді қарағым. Ал мынаны полиция балаға хабарла, көлігінің нөмірін айт.Іздеуші келгенше құрдастарыңды ертіп келіп, осы жерге „аманат” қылып салқын топырақпен тереңдеп көміңдер.Иістеніп кетпесін, жыртқыш жеп кетпесін. Ит пейіл болса да адам баласы ғой.”Итке ит өлім бұйырған”Әкеге жақсылық жасамағаннан еш жақсылық күтпе.Одан өзіне де, қоғамға да еш пайда жоқ.”Қазақ сондай бір опасызынан айырылды”- деген осы.Кешір Алла асылық айтсам.Бірақ, бұған одан артық баға жоқ.Тұрма  балам бар да іске кіріс… .Бұл бәріне сабақ болсын.

…Өлі Берікболдың бұлардан бұрын үлгерген қарғалар қос көзін ебін тауып шұқып кетіпті.

„Тірісінде де соқыр еді сорлы әкесіне де соқыр күйінде баратын болды.” Жаратқан шебер ғой.Біз асыққанмен ол асықпай ұрымтал тұсын аңдиды”-деп күбірледі Жаныс шал.

Бергентай НҰРМАХАНҰЛЫ.

Сарысу ауданының

 „Құрметті азаматы”.

Жаңатас қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.