«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ»: БІР БАЛАНЫҢ ҚУАНЫШЫ – БҮКІЛ ҚОҒАМНЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
«Әділетті мемлекетте әрбір азаматқа, әсіресе балаларға тең мүмкіндік жасалуы тиіс» –
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл – жай ғана айтылған сөз емес, ел болашағын айқындайтын маңызды ұстаным. Себебі білімге бастар жолдың бәрі ең алдымен балаға жасалған қамқорлықтан басталады. Ал әрбір бүлдіршіннің мектеп табалдырығын сеніммен аттауы – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Осы ізгі қағиданы негізге ала отырып, 2026 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында еліміз бойынша дәстүрлі «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы өтеді.
Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл акция – әлеуметтік қолдауға мұқтаж балаларға нақты көмек көрсетіп қана қоймай, халқымыздың қайырымдылық пен жанашырлыққа негізделген асыл құндылықтарын дәріптейтін игі бастама. Акция аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына қажетті оқу құралдары, мектеп формасы және басқа да қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге қолдау көрсетіледі.
Бір баланың қолына ұстатқан мектеп сөмкесі – оның білімге деген сенімін нығайтса, бір жұп мектеп киімі – оның ертеңге деген үмітін арттырады. Сондықтан бұл акцияның мәні материалдық көмектен әлдеқайда терең. Бұл – жүректен шыққан жанашырлықтың, азаматтық жауапкершіліктің және қоғам бірлігінің жарқын көрінісі.
Бүгінде ел Президенті ұсынған «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» құндылықтары қоғамдағы өзара қолдау мен әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, «Мектепке жол» акциясы – адамгершілік пен қайырымдылықты нақты іспен дәлелдейтін маңызды әлеуметтік жоба.
Қайырымдылық – байлықтың өлшемі емес, жүректің кеңдігінің көрінісі. Сондықтан ауданымыздың кәсіпкерлерін, меценаттарын, мемлекеттік мекемелерді, қоғамдық ұйымдарды және барша қайырымды азаматтарды осы игі іске белсене атсалысуға шақырамыз.
Бүгін бір балаға көрсетілген қолдау – ертең ел игілігі үшін еңбек ететін саналы азаматтың қалыптасуына қосылған үлес.
Ендеше, «Мектепке жол» акциясына бірге үн қосып, әрбір баланың білімге деген жолын қуанышпен бастауына мүмкіндік жасайық. Өйткені баланың бақыты – елдің бақыты, ал оның сапалы білімі – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі.
Аудандық білім бөлімі