Асқар тау аласармайды

0

Әке туралы сөз қозғалғанда толқымайтын перзент жоқ шығар, сірә. Өйткені, халық даналығында айтылғандай, әке– асқар тау. Ал асқар таудың ешқашан да аласармайтындығы ақиқат. Осы орайда мен әкем, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Садуақасұлы Ануар туралы айтар болсам, ол бір дастан болар еді.
Әкем 1942 жылдың 14 ақпанында Жамбыл облысы, Сарысу ауданының Ақши ауылында дүниеге келген. Ол небәрі алты айлық кезінде атамыз Садуақас Ахметұлы Ұлы Отан соғысына аттанып, содан туған жеріне қайта оралмаған. Әжеміз Жамал Жұманбайқызы жастайынан жесір қалып, жалғыз ұлын бар мейірімімен тәрбиелеп өсірді. Баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жеткізіп, әрдайым ақ батасын беріп, ақ жол тілеп отырған.
Әжем әкемнің атын атамай, ерекше ырымдап: «Менің бастығым, ел басқаратын балам» деп еркелетеді екен. Ана жүрегінен шыққан сол ақ тілек қабыл болып, Алла Тағала қолдап, әкем өмірдің небір қиын сынақтарынан сүрінбей өтіп, ел басқарған, халқына сыйлы азамат болып қалыптасты.
Әкем жастайынан еңбекқор, білімге құштар болып өсті. 1956 жылы, небәрі 14 жасында, Бүкілодақтық пионерлер слетіне қатысып, алғаш рет Мәскеуді көреді. Сол сапар оның көкжиегін кеңейтіп, үлкен мақсаттарға ұмтылуына жол ашқан екен. Кейін Мәскеу кооперативтік институтын тәмамдап, еңбек жолын қарапайым жүргізуші болып бастап, Сарысу аудандық тұтыну одағының төрағасы қызметіне дейін көтерілді.
Әкем мінезі қатал, талапшыл, бірбеткей адам болатын. Алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін. Қай ортада жүрсе де сөзі өтімді, ісіне мығым, елге сыйлы, замандастарының алды болды.
Әкемнің әңгімелері ерекше қызықты әрі тағылымды еді. Әрбір оқиғасы адамды ойландырып, өмірге дұрыс көзқарас қалыптастыруға тәрбиелейтін. Сол әңгімелерінің бірі жадымда мәңгі сақталып қалыпты.
Бұл оқиға өткен ғасырдың 1980-жылдары Мәскеуде болған екен. Әкем қызметтік сапармен барып, әрең дегенде қонақүйге орналасады. Бір күні қонақүйдің төменгі қабатындағы асханаға түскі ас ішуге түседі. Ол кезде адам өте көп болып, бос орын табу қиын соғыпты.
Кезекте тұрған әкеме орта бойлы, мығым денелі бір кісі жақындап:
– Қазақсың ба? – деп сұрайды.
– Иә, қазақпын, – деген жауапты естіген соң:
– Онда маған да тамақ ала салшы. Өзіңе не алсаң, соны маған да ал. Мен осы арада орын тауып қояйын, – дейді.
Әкем екеуіне де ас алып барып, әлгі кісі дайындап қойған үстелге бірге отырып тамақтанады. Әңгімелері жарасып, уақыттарын бірге өткізе бастайды. Қолдары бос кезде бір-бірінің қонақүйдегі бөлмесіне барып, сырласып жүреді. Қоштасар сәтте үй мен жұмыс телефондарының нөмірлерін, мекенжайларын жазып алып, байланыстарын үзбеуге уағдаласады.
Кейін сол кездейсоқ таныстық үлкен достыққа ұласады. Ал әлгі қарапайым азамат кейін бүкіл ел таныған, халықтың сүйікті ақыны әрі жазушысы Мұхтар Шаханов еді.
Осы таныстықтан кейін екі отбасы араласып, сыйластығы жылдар бойы жалғасты. Нақты қай жыл екені есімде жоқ, шамамен 1986 немесе 1987 жылдары Мұхтар ағаның ұлы Қуаныш Байқадам (қазіргі Саудакент) ауылындағы Мәдениет үйінде өндірістік тәжірибеден өтіп, сол кезде біздің үйде бір айдай тұрғаны есімде.
Әкем Алматыға барған сайын Мұхтар ағаның үйіне соғып, ұзақ сырласып қайтатын. Ол кезде Мұхтар ағаның анасы бірге тұратын. Ауылдан арнайы апарылған ет, қазы, қартадан дәм татқан сайын: «Сарысудың еті қандай дәмді!» деп риза болып отырады екен.
Әкем мен Мұхтар ағаның достығы жайлы айтатын қызықты оқиғалар өте көп. Олардың сыйластығы адамгершілік пен адал ниеттің жарқын үлгісі болды.
Жалпы, әкем кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсете білетін, көпке қадірлі азамат еді. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген нақылы дәл біздің отбасымызға арналғандай.
Бүгінде әкеміздің немерелері әртүрлі салада абыройлы еңбек етіп жүр. Екі немересі отбасыларымен Австрияның Вена қаласында, бір немересі Чехияның Прага қаласында тұрады. Немерелері Австрияның Мемлекеттік университетін қызыл дипломмен тәмамдап, өз мамандықтары бойынша ірі халықаралық компанияларда еңбек етуде. Алматыдағы немерелері де өз салаларында жемісті қызмет атқарып жүр. Ал мектеп оқушылары мен студент немерелері де болашақта ағалары мен әпкелерінің жолын жалғап, елге қызмет ететін азаматтар болады деп сенеміз.
Әкем мен анамыз екі ұл мен үш қыз тәрбиелеп өсірді. Бізді бауырмалдыққа, бір-бірімізді сыйлауға, кішіпейілділікке, адалдық пен еңбекқорлыққа баулыды. Үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болуды, салауатты өмір салтын ұстануды, маңдай термен еңбек етуді үйретті.
Біз үшін әкеміз – асқар тау, анамыз – жүрек жылуы. Екеуі де өмір бойы бізге тәрбие беріп, адамдықтың, адалдықтың, еңбекқорлықтың үлгісін көрсетті.
Осындай ардақты әкенің перзенті болғанымды әрдайым мақтан тұтамын. Оның өмір жолы, еңбекқорлығы, елге жасаған қызметі мен адамгершілік қасиеттері біз үшін мәңгілік өнеге болып қала береді. Әкемнің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады.

Сымбат Ануарқызы, Саудакент ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.