ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНГЕ -ЖЫЛЖЫМАЛЫ КІТАПХАНА ЖҰМЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

0

Кітапхана – ұлттың рухани байлығы мен мәдени мұрасын жинақтайтын киелі орын. Ол тек кітапты сақтап қана қоймай, адамзат ойының, өркениетінің даму тарихын ақтаратын білім ордасы. Кітапхана – өткен мен бүгінді жалғайтын, болашаққа бағыт беретін рухани көпір. Мұнда әрбір кітап – түрлі тағдырларды, құбылыстарды сипаттайтын бір әлем, тарихтың куәгері.

Маятас ауылдық кітапхана филиалы оқырмандарға кітапты қолжетімді ету мақсатында Қожамұрат шаруақожалығына арнайы барып, «Жылжымалы кітапхана» қызметін ұйымдастырды.
Маятас ауылына қарасты шалғайда орналасқан шаруақожалық тұрғындарына жаңадан түскен көркем әдебиеттер, танымдық және салалық кітаптар таныстырылып, олардың мазмұнына кеңінен шолу жасалды. Оқырмандар өздерінің қызығушылықтарына сәйкес кітаптар таңдап алып, кітап оқу мәдениеті мен рухани құндылықтар жайында еркін пікір алмасты.
Осындай көшпелі кітапхана қызметі ауыл тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттырып, рухани-мәдени өмірін байытуға, сондай-ақ кітапханалық қызметтің шалғай елді мекендерге де қолжетімді болуына мүмкіндік берді.
ІС-ШАРА ЖАЙЫЛМА АУЫЛДЫҚ КІТАПХАНАСЫНДА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ
Жайылма ауылдық кітапханасы тұрғындарға кітапханалық қызметті қолжетімді ету мақсатында Ақтам шалғай елді мекеніне барып, «Жылжымалы кітапхана» жобасы аясында көшпелі қызмет ұйымдастырды.
Іс-шара барысында жаңадан түскен көркем әдебиеттер, балаларға арналған шығармалар мен танымдық кітаптар көпшілік назарына ұсынылып, әдебиеттерге мазмұнды шолу жасалды. Оқырмандар өз қызығушылықтарына сай кітаптарды таңдап алып, кітапханашылармен еркін пікір алмасты.
Жылжымалы кітапхана – шалғайдағы елді мекен тұрғындарының кітапқа деген қолжетімділігін арттырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды мәдени бас­тама. Кітаптың әр шаңыраққа жетуі – білім мен руханияттың ауыл өмірімен сабақтастығының жарқын көрінісі.
ЖЫЛЖЫМАЛЫ КІТАПХАНА – РУХАНИЯТТЫҢ КЕРУЕНІ
Кітаптың шуағы жетпеген жер қалмасын деген ізгі ниетпен Ақтоғай ауылдық кітапханасының мамандары шалғайдағы Ғани және Еркебұлан фазендаларын бетке алды.
Кең даланың төсінде еңбек етіп жүрген тұрғындарға рухани азық сыйлаған бұл сапар – кітап пен оқырманды тоғыстырған тағылымды кездесу болды.
Көшпелі кітапхана барысында әр жастағы оқырманға арналған жаңа әдебиеттер таныстырылып, қазақ қаламгерлерінің таңдаулы туындылары мен танымдық басылымдар ұсынылды. Оқырмандар өз талғамына сай кітаптарды таңдап алып, әдебиет әлемі туралы әсерлі әңгіме өрбітті.
Дала төсіндегі еңбек пен кітаптың үндесуі – руханияттың мәңгілік құндылығының айқын көрінісі. Жылжымалы кітапхана – шалғайдағы әр шаңыраққа білімнің шырағын, кітаптың құдіретін жеткізетін игілікті бастама. Өйткені кітап қай жерде оқылса, сол жерде ой оянып, рухани әлем байи түседі.

Айтбала Жолмаханова, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің
директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.