Мұғалімдер ЖИ негіздерін меңгерді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында білім беру саласын цифрландыру мен заманауи технологияларды енгізуге ерекше назар аударып келеді. Соның ішінде жасанды интеллект (ЖИ) мүмкіндіктерін мектептерде тиімді пайдалану – маңызды бағыттардың бірі ретінде атап өтілді.
Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру үшін оқыту үдерісіне цифрлық шешімдерді енгізу, оқушылардың жеке қабілетін дамыту және дербестендірілген оқытуды жүзеге асыру қажеттігін айтты. Бұл ретте жасанды интеллект оқушылардың білім деңгейін талдап, әр балаға жеке тапсырмалар ұсынуға мүмкіндік береді.
Ауданымызда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен 13-24 сәуір аралығында «Бастауыш сыныптарда дербестендірілген оқытуға арналған цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект» тақырыбында бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған курс өтіп жатыр.
Аталған курсқа аудан мектептерінен 25 бастауыш сынып ұстазы қатысып, білім беру үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді қолдану жолдарын меңгеруде.
Аталған курсты Жамбыл – Өрлеу институтының тәжірибелі тренері Кошербаева Жұлдыз жүргізуде. Ол курс барысында жасанды интеллектті білім беру үдерісіне енгізудің тиімді жолдарын түсіндіріп, мұғалімдерге практикалық бағытта қолдау көрсетуде.
Тренер сабақ барысында заманауи әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, қатысушылардың қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлуде.
Курстың негізгі мақсаты — бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігінің педагогикалық мақсатқа бағытталуы, этика және білім беру процесінің цифрлық қауіпсіздігі қағидаттарына негізделген цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, дербестендірілген оқытуды жобалау және іске асыру саласында жетілдіру.
Нәтижесінде мұғалімдер оқыту процесін жаңаша ұйымдастырып, әр оқушының қабілетін дамытуға бағытталған тиімді білім беру ортасын құрады.
Курс барысында педагогтер оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып оқытуды ұйымдастыру, цифрлық құралдарды пайдалану және заманауи әдіс-тәсілдерді тәжірибеде қолдану бағытында өз білімдерін жетілдіріп, қатысушылар тәжірибе алмасып, алған білімдерін оқу процесінде қолдануға дайын екендіктерін білдірді.
Галия Байгараева,
Донда Сенбин атындағы орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі