Кітап әлеміне жазғы саяхат

0

Жаз-демалыс пен жаңа әсерлердің ғана емес, кітаппен достасатын ерекше мезгіл. Осыған орай Сарысу аудандық орталық кітапханасында «Кітап әлеміне жазғы саяхат» атты жазғы оқылымның ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараның басты мақсаты: оқырмандардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, танымдық ой-өрісін кеңейту және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Іс-шараның шымылдығын «Айлин» би тобының бишілері «Надарым» биімен ашып, кеш жүргізушісі кітапхана қызметкері Д.Берекеқызы жазғы оқылым жайлы кеңінен ақпарат берді. Алғашқы құттықтау сөз кезегін алған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры А.Жолмаханова кітап оқудың пайдасы жайлы айтып өтті.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкері М.Әбілдің сөзіне жазылған М.Арапбаеваның «Жасасын өмір», А.Сейітовтың сөзіне жазылған, композитор Қ.Молжановтың «Еркемін» әнін және де «Асылым» әнін әуелете шырқады.
Сонымен қатар «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында оқуға ұсынылған жазушы Қ.Жұмаділовтың «Тағдыр» романына түсінік беріп, 25 маусым қала күніне орай арнайы ұйымдастырылған «Кенге бай, келешегі кемел-Жаңатас» атты кітап көрмесіне және жерлес ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған кітап көрмесіне кітапхана қызметкері Л.Рахымбаева библиографиялық шолу жасаса, қала туралы арнау өлеңін кітапхана қызметкері Ж.Әбдірахманова, Қ.Жұмаділовке арнау өлеңін кітапхана қызметкері М.Серікбаева нақышына келтіре оқыды. Сондай-ақ «Манас» қырғыз этно-мәдени орталығының жетекшісі А.Сатыбеков пен ақын Т.Құсайынов жазғы оқылым шарасына сәттілік тілеп, арнау өлеңдерін оқыса, кітапхананың тұрақты оқырманы А.Қойшыбаева «Кеңес бір» күйін, ал Д.Бейсенбай мен А.Сатыбалды «Адай», «Балбырауын» күйлерін күмбірлете орындады. Іс-шара барысында «Ақын-жазушыларды тап» атты сұрақ-жауап ойыны ойнатылып, Жаңатас қалалық балалар кітапханасының қызметкері М.Тұрлыбекова осы кешке арнайы жасалған көрме-инсталляциясына кеңінен шолу жасады. Кеш соңында кітапхана қызметкері А.Ерболқызы «Жолыққан қандай жақсы» атты қырғыз әнімен кешті қорытындылады.

Iңкәр Саспақова, кітапхана қызметкері

Leave A Reply

Your email address will not be published.