Әке-асқар тау

0

Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласындағы көпсалалы колледждің акт залында аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен маусым айының үшінші жексенбісі Әкелер күніне орай «Бала тәрбиесіндегі әкенің орны» тақырыбымен аудандық әкелер форумы өтті. Форум жұмысы Саудакент халық театрының «Менің әкем» атты сахналық қойылымымен басталды. Форумды аудан әкімінің орынбасары Жұмат Жұмабекұлы Сақыпбеков құттықтау сөз сөйлеп ашып, әкенің отбасындағы, ұрпақ тәрбиесіндегі орнына тоқталды.

Құттықтау сөзден соң аудандық мәдениет үйінің әншісі Темірбекқызы Қолғанат «Әкені аңсау» әнін тарту етті. Мұнан соң жүргізуші құрметті спикерлер аудан әкімінің орынбасары Жұмат Жұмабекұлы Сақыпбековті, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Диханбай Ақділданы, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Марқаш Мизенбаевты және жас әке, ақын, сазгер Самат Тоқбановты төрде орналасқан орынға жайғасуға шақырды. Спикерлер өз орындарына жайғасқан соң форум тізгінін аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Диханбай Жұмабайұлы Ақділда қолына алып, жүргізіп отырды. Форумның күн тәртібіне сай аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Марқаш Мизенбаев»Бала тәрбиесіндегі әкенің орны» тақырыбында баяндама жасады. Екінші кезекте жас әке, ақын, сазгер Самат Тоқбанов «Әке мен бала» атты монологын оқып, соңынан өзінің алып келген гитара аспабымен Мұқтар Шахановтың «Әке туралы жыр» атты әнін көпшілікпен қосыла шырқады. Спикерлер өздеріне берілген сұрақтарға жауап берді. Саудакенттік ардагер Сейтқадыр Әбдіхалықов форум тақырыбына байланысты өз пікірін білдірді. Форум жұмысына аудандық билер кеңесінің төрағасы Жандарбек Қалмырза, қалалық билер кеңесінің мүшелері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері және ауылдық ардагерлер ұйымының төрағалары қатысты. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Диханбай Ақділда қорытынды сөз айтып, форум жұмысының қорытындысы ретінде ардагерлерге, әкелерге арналған үндеу қабылдау қажеттігін, осы үндеудің мәтіні көпшілікке таратылып берілгенін айта келіп, форумға қатысушылардан үндеу жөнінде қандай ұсыныс-пікірлері бар екенін сұрады. Қатысушылар негізінен үндеуді қолдайтындықтарын жеткізді, дауыс беру нәтижесінде Үндеу толық қабылданды. Спикер Үндеудің аудандық баспасөз бетінде жарияланатынын да айтып өтті. Форумға келген барлық қатысушыларға рахметін айтып, форумды жабық деп жариялады.

С. Аппазов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.