Іскер әйелдер форумы
Ауданымызда әр істің қиюын келтіріп, кәсібін нәсіп етіп отырған қыз-келіншектер жетерлік. Өңір дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген нәзік жандарға Үкімет тарапынан үлкен қолдау берілуде.
Бүгінде әйелдер отбасының берекесін кіргізіп қана қоймай, өз кәсіптерін де дөңгелентіп, ерлермен бірдей еңбек етіп, жанұясының табысын арттырып отыр. Бұл ретте әйелдерді, әсіресе ауылдық жерлердегі нәзік жандарды әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары тұрақты жүргізіледі.
Ауданымызға «Іскер әйелдер» ұйымының Жамбыл облыстық өкілдері келді. Құрамында Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсел Жапарова, Атырау облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, кәсіпкер, меценаты Асем Даутова бар.
Облыстық делегацияны аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков бастаған зиялы қауым өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен іскер әйелдер бірлестігінің аудандық өкілдері күтіп алды.
Келушілер алдымен «Шапағат» бөбекжай бақшасының жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда, 12 топта 280 баланы қамтып отырған балабақшада 51 қызметкер жұмыс жасауда. Облыстан келушілер балабақшаның жұмысына оң бағасын берді. Мұнан соң «Shifa» емдеу орталығы, «DIER FLOWERS» гүлдер салоны, «Нұртілеу-2015» ЖШС медициналық емдеу орталығы, «Baqdaulet» гипермаркетінің жұмыстарымен де танысты.
Сондай-ақ облыстан келген делегация Жаңатаста «Бақдәулет» қонақ үйінің ашылуына қатысты.
Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген шақта басты мақсат кәсіпкерлік саласын дамыту болған. Бұл ретте үкімет тарапынан көптеген бағдарламалар мен жобалар сәтті жүзеге асты. Елдің еңсесі көтерілген кезде көптеген кәсіпкерлік нысандар салынып, ауқымды жобалар жұмысын жандандырды. Жаңатаста «Бақдәулет» қонақ үйінің ашылу салтанаты өтті. Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков құттықтау сөз сөйледі:- Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа қонақ үй — ауданымыз үшін аса маңызды кәсіпкерлік субъектісі болып табылады. 700 шаршы аумақты құрайтын қонақ үй келушілерді ыстық ықыласпен қарсы алады. Кәсіп иесі Айбаршын Жұмаділова аталмыш қонақ үйді ашу арқылы 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкерлік саласында ұзақ жылдар қалтқысыз қызмет етіп жүрген Айбаршын Қамбарқызы ауданымыздағы абыройлы жан. Оның талай қайырымдылық істерін ел біледі. Бүгінде қаламыздағы «Бақдәулет» отбасылық кафесі, мейрамхана мен гипермаркетті ашып, шаруашылығын дөңгелетіп отырған Айбаршын әпкеміз осылайша кәсібін одан әрі қарай дамытып жатыр. Айта кетейін, жоба құны 100 млн. теңгені құрайды, — деді.
Мұнан соң Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева да жаңа қонақ үйдің жұмысына сәттілік тіледі. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шәріпбек Қалжанов қария ақ батасын берді. Қонақ үйдің лентасын облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Қаттабайқызы мен аудандық билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек салтанатты жағдайда қиды.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев: -Бізге экономиканың дамуын жаңа деңгейге көтеру үшін инфрақұрылым, индустрия, цифрландыру және басқа да салаларда серпінді әрі ауқымды жобалар қажет, — деп анық айтқан болатын.
Сонымен қатар Жаңатас қаласында «Іңкәр тәттілері» кофеханасының ашылуы өтті. Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков құттықтау сөз сөйлеп, жаңа нысанның жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан соң Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Диханбай Ақділда мен Іңкәр Тайжанованың әкесі Қуаныш Қалжанов та ізгі тілектерін жеткізді. Жаңа кофехананың лентасын салтанатты жағдайда аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Оңғарбекұлы мен облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Қаттабайқызы қиды. Салтанатты шарада ардагер Тұрдәлі қария ақ батасын берді.
Жалпы жоба құны — 80 миллион теңгені құрап отыр. Кәсіп иесі Іңкәр Тайжанова 5 жылдай кондитерлік салада табысты еңбек етіп, экономикалық дамуға тың серпін беріп келеді. Аталмыш кофеханада 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, таңғы ас, түскі ас мәзірлері, десерттер мен сусынның түрлері бар.
Облыстық «Іскер әйелдер» ұйымының Жамбыл облыстық өкілдері аудандық мәдениет үйінде «Жамбыл облысындағы іскер әйелдердің рөлі: отбасылық-гендерлік саясат пен экономикалық дамудың үйлесімі» атты аудандық форумға қатысты.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – кәсіпкер қыз-келіншектерге мәселені талқылау аймағын қалыптастыру және бизнестің жүйелі дамуына жол ашу. Форумның жұмысы жергілікті әйел-кәсіпкерлердің төл өнімдерін халыққа ұсынған көрмеден басталды. Олардың қатарында экологиялық таза косметика, қолөнер бұйымдары, ұлттық киімдер мен тәтті тағамдардың түр-түрі бар. Келуші қонақтарға ұсынылған бұйымдарды тек тамашалап қана қоймай, ұнағанын алуға да мүмкіндік жасалды.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков құттықтау сөз сөйледі: — Сарысу ауданында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Бүгінде ауданымызда шағын және орта бизнесте табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың қатары жыл сайын артып келеді. Олар түрлі салада – ауыл шаруашылығында, қызмет көрсету, білім беру, қолөнер және басқа бағыттарда өз ісін дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуда, — деді. Мұнан соң Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева, Тараз қалалық мәслихат депутаты Әсел Жапарова мен Жамбыл облыстық жастар қанаты төрайымы Айнұр Келимбетова да сөз сөйлеп, іскер әйелдердің қоғамдағы және отбасындағы рөліне тоқталды. Ауданымыздың экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар әйелдер Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығы мен аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Өз кезегінде кәсіпкерлік саласына, ауданның болашағы үшін өз үлесін қосып жүрген кәсіпкер Айбаршын Жұмаділова да ізгі тілегін жолдап, ауданымыздың дамуына атсалыса беретінін айтты.
Форум аясында қатысушылар өз бизнестерінің шыңына шығу жолында жеткен жетістіктерімен, тәжірибелерімен бөлісті. Мамандар тақырыптық шеберлік сағаттарын өткізіп, бизнес бастаудың жолында кездесетін түрлі кедергілер мен қандай жағдайда оған қаржы алуға болатынын түсіндірді.
Форум концерттік бағдарламаға жалғасып, аудандық мәдениет үйінің әншілері ән шырқаса, «Сарысу» халықтық театры «Кәсібім-менің нәсібім» атты театрландырылған көрінісін қойды. Лэдэкранда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы үндеуге шақыратын бейнеролик қойылды. «Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымы «Шашу» биімен көпшіліктің ықыласына бөленді.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»