АТА — АНАЛАР ФОРУМЫ ӨТТІ

0

Елімізде «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында құқықтық тәрбие мен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, «Әділет мектебі» жобасы – «Заң және тәртіп» идеология­сын жүзеге асырудың маңызды құрамдас бөлігі ретінде есептелінеді. Бұл жоба оқушылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, заңды құрметтеуге және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған әлеуметтік-бағдарламалық бастама.
Жоба аясында ауданымыздағы мектептерде арнайы құқықтық кабинеттер ашылып, интерактивті сабақтар, тренингтер ұйымдастырылып келеді.
Мақсаты – жас ұрпақты заң талаптарын түсініп, құқықтық санасын дамытуға тәрбиелеу, құқықбұзушылықтың алдын алу. Сондай-ақ профилактикалық іс-шаралар аясында аудандық прокуратура мен аудандық білім бөлімі бірлесе отырып, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша түрлі шаралар ұйымдастыруда.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауларында заң үстемдігін қамтамасыз етуді, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты нығайтуды мемлекеттің басты бағыты ретінде айқындап берді. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Сарысу ауданында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда «Біздің ұлтымыздың арман-мұраты Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстанды құру идеясынан бастау алады. Заң және тәртіп біздің мызғымас тұғырымыз. Бұл, ең алдымен, еліміздің әр азаматына және барша халқымызға ортақ тәртіп»,-деп атап өтті.
Осыған орай аудандық мәдениет үйінде «Заң мен Тәртіп» жобасы аясында аудандық білім бөлімі мен Д.Қонаев атындағы орта мектебінің ұйымдастыруымен «Ата — ана. Ұстаз. Оқушы: болашаққа бағытталған ынтымақтастық» тақырыбында ата — аналар форумы өтті. Алдымен келушілер фойеде мектеп оқушыларының қолөнер көрмесі мен түрлі өнер туындылары және «Даналық мектебі» жобасы аясында «Аталар мектебі», «Әжелер мектебі», «Жеңгелер мектебі» қойылымдарын тамашалады.
Форум мақсаты — ата-анамен мектеп қарым-қатынасын күшейту, отбасы құндылықтары мен ұлттық рухани байлықтарды дәріптеу. Құқық бұзушылықтың алдын алу үшін мәселені бірлесіп, шешу жолдарын қарастыру.
Форумға аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов, аудандық прокуратурасының прокуроры Ердәулет Аманбаев, Сарысу АПБ ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Жандос Амангелдиев пен ата — аналар қатысты.
Шарада «Ата — ана. Ұстаз. Оқушы: болашаққа бағытталған ынтымақтастық» тақырыбында Д.Қонаев атындағы орта мектебінің директоры Л.Шукеева есеп беріп, мектепте жыл бойына атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарымен бөлісті.
-Ата-аналар мен педагогтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, отбасы мен мектеп арасындағы құқықтық мәдениетті нығайту жұмыстары жүргізіліп келеді. Қоғамдық мониторинг және кері байланыс барысында жобаның тиімділігін арттыру үшін ата-аналар мен оқушылар арасында сауалнамалар өткізіліп, ұсыныстар жиналды.
Осы жұмыстардың барлығы оқушылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, заңға бағынушылықты нығайтуға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Балалардың құқықтық мәдениетін, жауапкершілігін және заңға деген құрметін қалыптастыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда: әлеуметтік бейнероликтер түсіріледі, сурет байқаулары мен интерактивті және тағыда басқа іс-шаралар өткізіліп келеді. Қай елде, қай кезде болмасын, бала тәрбиесін ерекше дамытушы да, ілгері апарушы да-балалар, яғни бүгінгі ұрпақ-ертеңгі елдің болашағы. Жел бесіктен, жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің ұйытқысы ата-ана мен ұстаз. Болашақ десек те, келешек десе де бала – ұрпақ деген мағынаны білдіреді. Адамның өзге тіршілік иесінен айырмашылығы – дүниеге перзент әкелген соң, оның болашағын ойлау, адам етіп тәрбиелеу. Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мемлекеттік абыройлы міндеті. Кезінде Әл Фараби бабамыз «Ғылым емес, ең алдымен, тәрбиеге көңіл бөлу керек, тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды» – демеп пе еді. Осыған орай, бүкіл ата-ана тәрбиеге бет бұруы керек. Ұрпақ тәрбиесіне мүдделі екендігін ата-аналар іс-жүзінде дәлелдеп отырулары тиіс. Міне, осындай ынтымақ бірлігінде ғана ойдағыдай нәтиже берері ақиқат. Жас ұрпақ біздің өміріміздің тікелей жалғастырушы ғана емес, еліміздің тірегі, мызғымас болашағы. Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Бала – дербес тұлға. Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді,-деді.
Одан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов сөз алды:
-Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, ана да балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды.
Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Иә, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала — әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік,-деп бала тәрбиесіне жан-жақты тоқталып, атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.
Келесі мәселе бойынша «Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары» тақырыбында аудандық прокуратурасының қызметкері Ердәулет Аманбаев хабарлама жасады.
«Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау – қоғамның ортақ міндеті» Сарысу АПБ ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Жандос Амангелдиевтың есебі тыңдалды.
Кездесуде «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу», «Әкенің отбасындағы рөлі», «Бала тәрбиесіндегі басты мектеп – отбасы», «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері», «Ұрпаққа үлгі бол!», «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясындағы алдын алу шаралары сияқты маңызды тақырыптар талқыланды.
Іс-шара барысында қатысушылар жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Құқықтық мәдениетті қалыптастыруда ата-аналар мен мұғалімдердің рөлі зор екені айтылды. Сондай-ақ балалардың өз құқықтарын білуі, заң талаптарын сақтауы және қоршаған ортасына құрметпен қарауы үшін қандай шаралар қолға алынуы керектігі туралы ұсыныстар жасалды.
Сонымен қатар, республикалық, облыстық сайыстарда топ жарған оқушылардың ата — аналарын түрлі номинациялар бойынша марапаттап, арнайы сый-сияпаттар тапсырылды.
Форумда мектептің жас мамандары сахналастырған «Балалық шаққа саяхат» атты көрінісі ерекше әсерге бөледі. Мектеп ұжымының оркестрі өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына ие болса, мектеп ата-аналарынан құралған әкелер мен қыздарының биі шараның көркін кіргізді.
Бұл ата-аналар форумы– құқықтық мәдениетті қалыптастыру және бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадамдардың бірі. Форум ұйымдастырушылар алдағы жұмыс күндері осындай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, балалардың құқықтарын қорғау бағытында кешенді жұмыстар атқарылатынын айтты.
Иә, халқымыз ертеден бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған. Ең алғаш балаға тәрбиені мектеп емес, ата-анасы беретіні анық. Бала өзін қай жерде қалай ұстауы мен сөйлеуіне де ата-анасы жауапты. Сонымен бірге оның білімді азамат болып шығуы жолында бала бойына сіңіріп жатқан білімін ата-анасы қадағалайды. Ана балаға мейірім берсе, әке қамқорлық көрсетеді. Жалпы бала тәрбиесінде ата-ананың атқарар рөлі зор екендігі сөзсіз. Бала тәрбиесі жайында ертеректе барлық дерлік ақын-жазушыларымыз қалам тербеп, болашақ үшін алаңдаған еді. Мәселен, Абай атамыздың көпке белгілі өлеңдері мен қара сөздерінің өзі балаға тұтастай тәрбие береді. Ал Ахмет Байтұрсынұлы бала білімі жолында түрлі өнегелі сөздер қалдырған. Айта берсек тәрбие туралы қалам тербеген жазушылар жетерлік. Олардың барлығы жайдан-жай құр сөз етіп қалдырған жоқ. Келешек жастар сол сөздердің мән-мағынасын ұғынып, жақсы қасиеттерді игеріп, еліміздің болашағы жарқын болуы мақсатында қалдырды.
Отбасы тәрбиесінде балаға жауапкершілік пен үлкенді сыйлауды, кішіге ізет көрсетіп, намысқой болуды үйретеді. Ешкімнің ала жібін аттамай, бала өзінің өмір жолында тек түзу жүруі үшін ата-анасы бар жақсыны үйретеді. Кейін бала өсе келе ойлау қабілеті мен мінезі айналасындағы жолдастарына қарай да тарта бастайды. Сол үшін әр ата-ана өз баласының кіммен жолдас болып жүргенін қадағалауы қажет.
Жалпы бала тәрбиесі көз жұмып қарайтын дүние емес екені анық. Сол үшін отбасындағы әке де, ана да бала тәрбиесіне жауапты екендігін естен шығармағаны жөн. Балаға бесіктен бастап тәрбие берер болсақ, келешек үлкен үміт күтер азамат болып шығары белгілі. Сондықтан да әр ата-ана бала тәрбиесін басты назарға алып, ертеңгі ел болашағын сенімді тапсыратын азамат тәрбиелеуі қажет.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.