Жазылымның аяқталуына санаулы күндер қалды
Баспасөзге жазылу науқанының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Дегенмен бұл күндері ауданымызда газетке жазылу көрсеткіші көңіл көншітпей тұр. Ауданымыздан шығатын жалғыз газетке жазылушылар саны аз.
Үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығына жазылымда жеке кәсіпкерлер де шет қалмай, қолдарынан келгенше көмек қолын созды. Аудан айнасына айналған басылымның уақытылы оқырмандарына жеткізіліп, жаңалықтардан дер кезінде хабардар болып отыруларына үлестерін қосуда.
Әр жазылым барысында газеттің таралымына атсалысып жүрген жеке кәсіпкердің бірі-Ерке Алданазарова.
— Байқасақ, қазір баспасөзге қызығу азайып барады. Біз, барлығымыз бірге төл газетімізге қолдау көрсетіп, оның тұрақты оқырманына айналуымыз қажет. Газет жай ғана қағаз емес, ол — адамды рухани тәрбиелеп, парасатын арттыратын құрал. Болашақ ұрпақтың санасын ізгілікпен толтыру үшін — оған газет оқыту керек. Баспасөз бетіне үңілген әр адамның рухы биік, көкжиегі кең, ойы тұнық болады. Біздің аудандық басылым, киелі қара шаңырақ, көшеден естіген, көргеннің бәрін көз жеткізбей жаза бермейді. Дәлелді дүниелер мен халықтың мұң-мұқтажы міндетті түрде жарияланады.
Жазылым мәселесіне қайта оралар болсам, жазылымның жүруіне өз көмегімізді тигізсек, бұл басылымның уақытылы оқырмандарына жол тартуына септігіміздің тигені. Алты айға жазылым бағасы 2510 теңге аудандық газетке жазылу барлығымыздың міндетіміз деп ойлаймын,-деді Ерке Алданазарова.
Бүгінгі күнге дейінгі «Қазпошта» торабынан алынған мәлімет бойынша 1745-ке жуық оқырман газетке жазылып отыр. Бұл әрине жиырма төрт мыңнан астам халқы бар аудан үшін төмен көрсеткіш екені сөзсіз. Сондықтан да, шынайы ақпарат алғысы келетін оқырмандарды бұл науқаннан қалыс қалмай, газетке жазылуға асығуға шақырамыз!