Ата-аналар форумы

0

Ұлттық рух — ұрпақтың бойына тәрбие арқылы сіңетін ең асыл құндылық.Тәрбие саласының басты мақсаты — елін сүйетін, жерін қадірлейтін саналы азамат қалыптастыру.Салт-дәстүр мен тілге құрмет ұлт рухының берік негізін қалайды.Ұлттық рухы биік ұрпақ қана ел болашағына жауапкершілікпен қарайды.
Осындай тәрбие алған жас өрен қай ортада жүрсе де өз тамырын ұмытпайды.
Отбасы бір түбірден тараған үлкен ағаш іспеттес. Адамзат баласы шыр етіп дүние есігін ашқан күннен бастап, сол ортаға бейімделіп ықпалына көніп ер жетеді. Бала бақыт, бала қуаныш, өмірді жалғастырушы, демеуші. Ата — ана тәрбиелеуші.
Әке-асқар тау, ана-мөлдір бұлақ, бала-жағасындағы құрақ. Тәрбие-тал бесіктен басталады.
Әке мейірімімен құрышын қандырып, ана сүтінен нәр алып, әке ұлағаты мен ана тағылымын көріп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін ұлтжанды тұлға болып қалыптасады.
«Заң мен тәртіп» жобасы аясында ауданымыздағы мектептерде арнайы құқықтық кабинеттер ашылып, интерактивті сабақтар, тренингтер ұйымдастырылып келеді.
Мақсаты – жас ұрпақты заң талаптарын түсініп, құқықтық санасын дамытуға тәрбиелеу, құқықбұзушылықтың алдын алу. Сондай-ақ профилактикалық іс-шаралар аясында аудандық прокуратура мен аудандық білім бөлімі бірлесе отырып, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша түрлі шаралар ұйымдастыруда.
«Заң мен Тәртіп» жобасы аясында аудандық білім бөлімі мен Абай атындағы орта мектебінің ұйымдастыруымен «Адал азамат тәрбиесіндегі жауапты ата–ана, қолдаушы ұстаз және қауіпсіз мектеп» атты ата-аналар форумы өтті.
Алдымен келушілер фойеде мектеп оқушыларының қолөнер көрмесі мен түрлі өнер туындылары және «Даналық мектебі» жобасы аясында «Аталар мектебі», «Әжелер мектебі», «Жеңгелер мектебі» қойылымдарын тамашалады.
Форум мақсаты — ата-анамен мектеп қарым-қатынасын күшейту, отбасы құндылықтары мен ұлттық рухани байлықтарды дәріптеу. Құқық бұзушылықтың алдын алу үшін мәселені бірлесіп, шешу жолдарын қарастыру.
Форумға аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов, аудандық прокуратурасының прокуроры Ердәулет Аманбаев және ата — аналар қатысты.
Жиында Абай атындағы орта мектебінің директоры Қ. Айнеков есеп беріп, мектепте жыл бойына атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарымен бөлісті.
-«Адал азамат- біртұтас тәрбие» бойынша жоспарға сәйкес алты жоба аясында іс-шаралар, дөңгелек үстел, пікірсайыстар мен дебаттар, шебер сыныптар жүргізілді. Даналық мектебінен «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Әке -тірек, бала- жүрек», «Аға қамқорлығы» тақырыптар аясында оқушылармен кездесулер, дөңгелек үстел және тренингтер өткізіледі. Сонымен қатар мектепте «Қыран» ұлдар ұйымы мен «Қыз жібек» қыздар ұйымы жұмыс жасайды. Қыз балаларға тазалығы мен ибалы тәрбие беру аясында ардагер аналардың ақыл- кеңестерін беру мақсатында кездесулер мен пікірсайыстар, медбике, дәрігерлермен кездесу мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Баланың түрлі зиянды әрекеттерден сақтандыру мақсатында апта бойы қауіпсіздік сабақтары жүргізіліп, онда ақпараттық және түсіндірме жұмыстары беріледі. Ата-аналарды Педагогикалық Қолдау Орталығында тренинг бағдарлама бойынша ата-аналармен, білім алушылармен кездесу және ата- ана мен білім алушының бірлескен кездесулері жиі жүргізіледі.
Бүгінгі күнге дейін «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы бойынша 10 кездесу, 3 дөңгелек үстел, 2 коучинг, 2 шеберлік сыныптар, 1 спорттық шаралар, 4 дебат, 2 байқау, 2 эссе жазу байқауы, 4 түрлі челлендждер ұйымдастырылды. Барлық шараға 128 оқушы, 60 ата-ана қамтылды. Сонымен қоса оқушылар арасында аудандық көңілді тапқырлар алаңы ойынына мектеп командасы белсене қатысып, « Үздік әзіл» номинациясымен марапатталды.
Білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілету аясында құқық бұзушылық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған 20 іс-шара өткізіліп, 120 оқушы қамтылды. Құқық қорғау және прокуратура органдары қызметкерлерімен 2 кездесу ұйымдастырылып, оған 8-11 сыныптардың 53 оқушысы қатысты.
Сонымен қатар, қаңтар айындағы «Заң мен тәртіп» айлығы аясында 4 сынып сағаты мен сондай-ақ міндетті деңгейде қауіпсіздік сабақтары өткізілді. Полиция бөлімдерімен бірлесіп 4 рейд жүргізіліп, 7 профилактикалық бейнеролик әзірленді. Аталған айлық кезеңінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесу, “Заңға құрмет-тәртіп кепілі” деген тақырыпта интербелсенді ойын, “Салауатты өмір-құқықбұзушылыққа жоқ” атты спорттық сайыс, “Заңды құрметтеу-жауапкершілікті арттыру” тақырыбында сурет байқауы, “Құқықбұзушылыққа және заңдылық” тақырыбында ұлдар жиналысы ұйымдастырылды.Ата-аналардың оқу-тәрбие процесіне белсенді қатысуы балалардың өзіндік сенімділігін, эмоцияларын басқару қабілетін, ынтымақтастық дағдыларын және мектеп ұжымына бейімделуін дамытуға оң ықпал етеді. Ата-аналардың мектеп өміріне жүйелі түрде қатысуы баланың оқуға деген оң көзқарасын қалыптастырып, мотивациясын күшейтіп, академиялық жетістіктерін арттырады; сондай-ақ оның әрі қарай білім алуға ынталылығын және жеке өсуге ұмытылысын ынталандырады.
Бала тәрбиесі – ортақ мүдде. Ата-ана, мектеп, оқушы үштігі тығыз қатынаста жұмыс істесе, көп жетістікке жетеріміз сөзсіз. Себебі, балаларымыздың, оқушылардың білімі мен тәрбиесі ересектердің басты міндет-мақсаты саналады. Балалардың тәрбиесін бір ғана мектеп пен мұғалімге жүктеп қойғанымыз дұрыс емес. Екі жақты байланыс нығайғанда ғана барлық күрделі мәселелердің түйіні шешіледі деп ойлаймыз. Сондықтан, бүгінгі форумда еркін түрде пікір алысатын боламыз
,-деді.
Келесі мәселе бойынша «Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары» тақырыбында аудандық прокуратурасының қызметкері Ердәулет Аманбаев хабарлама жасады.
Одан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов сөз сөйлеп, —Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңесте «Заң және Тәртіп» қағидатын ұстану қоғамның идеологиялық және саяси нұсқаулығына айналуы қажет екенін атап өтті. Президент: «Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел», – деді. Бұл жаңа қоғамдық келісімнің іргетасында тұрған маңызды міндет.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан –Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде балалар арасында жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығын атап, білім беру ұйымдарындағы тәрбие ісіне ерекше назар аударуды тапсырды.
Бұл бағдарлама аясында түрлі жобалар мен тәрбие сағаттары, еріктілік бастамалар мен шығармашылық тапсырмалар арқылы оқушылардың бойында адалдыққа негізделген өмірлік ұстанымды қалыптастыру көзделіп отыр.
Білім беру жүйесінің алдында тұрған басты мақсат – тек білімді, сауатты ұрпақ тәрбиелеу ғана емес, сонымен қатар әділ, адал, елжанды, жауапкершілігі жоғары азамат қалыптастыру. Бұл бағытта қолға алынған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – заман талабынан туындаған, әрі ұлттық болмысымызға, рухани құндылықтарымызға негізделген кешенді жоба.Бүгінгі жаһандану дәуірінде біз білім мен ғылымға ұмтылған ұрпақ тәрбиелеумен қатар, олардың ішкі жан дүниесіне, адами болмысына, моральдық-этикалық қасиеттеріне де жіті мән беруіміз керек. Себебі кез келген мемлекеттің дамуы – ең алдымен, оның азаматтарының адами сапасына тікелей байланысты. Адалдық, әділеттілік, жауапкершілік, еңбекқорлық – бұл қасиеттер уақытпен өзгермейтін, ұлттың іргесін бекітетін, ел болашағын қалыптастыратын негізгі ұстанымдар,-деп заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдердің жауапкершілігі жөнінде маңызды мәліметтермен бөлісті.
Кездесуде «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушы­лықтардың алдын алу», «Әкенің отбасындағы рөлі», «Бала тәрбиесіндегі басты мектеп – отбасы», «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері», «Ұрпаққа үлгі бол!», «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясындағы алдын алу шаралары сияқты маңызды тақырыптар талқыланды.
Іс-шара барысында қатысушылар жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арт­тырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Құқықтық мәдениетті қалыптастыруда ата-аналар мен мұғалімдердің рөлі зор екені айтылды. Сондай-ақ балалардың өз құқықтарын білуі, заң талаптарын сақтауы және қоршаған ортасына құрметпен қарауы үшін қандай шаралар қолға алынуы керектігі туралы ұсыныстар жасалды.
Сонымен қатар, республика­лық, облыстық сайыстарда топ жарған оқушылардың ата — аналарын түрлі номинациялар бойынша марапаттап, арнайы сый-сияпаттар тапсырылды.
Шара соңы мектеп ұстаздар­ымен оқушыларының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Форумда қоғамда орын алып жатқан бала тәрбиесіндегі ең өзекті мәселелердің барлығы да жиында айтылды. Бала тәрбиесінде қоғам болып бірлесе атсалысып, әрекет ету арқылы ғана белгілі бір жетістікке жетуге болатыны сөз болды. Ұжым болып дайындайтын болсақ, біздің балаларымыз міндетті түрде Қазақстанның болашағын өркендететін, Отанына адал, білімді ұрпақ болатыны сөзсіз.
Айта кетелік, ауданымызда мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайту мақсатында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Иә, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген нақылдың астарында қаншама мән-мағына жатыр десеңізші. Бала — ата-анасының айнасы. Ата-аналардың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан да жақсы да, жаман да ісіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор. Мәселен, сіз қанша жерден балаға сөзбен жақсы тәрбие беруге тырысып, ісіңізбен мүлдем басқа әрекет көрсетсеңіз ол сіздің сөзіңізді тыңдамай, жасаған әрекетіңізді қайталайды. Баламыз парасатты болсын десек бірінші өзімізді тәрбиелеген жөн. Біздің күнделікті жүріс-тұрысымыз, мінез-құлқымыз да балаға әсер етеді. «Тәрбие-тал бесіктен басталады» демекші, тәрбиені балаңыздың жаман қылығын көргеннен кейін емес, жаңа туған сәтінен бастап берген абзал. Отбасы-бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Кей жағдайларда әкенің тарапынан балаға қажетті деңгейде көңіл бөлінбей жатады. Жұмыстың көптігін желеу етіп, отбасының жай-күйіне алаңдамай, әйелге ысыра салатын ер азаматтар да бар. Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарағанымыз келер болашаққа салғырт қарағанмен тең. Өйткені біздің ұрпағымыз ол біздің болашағымыз, ізіміздің жалғаушысы. Баласына тағылымды тәрбие беріп, барлық жақсылықты бойына ұялатып өсіру әрбір ата-ананың парызы. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, бүгінгі қыз ертеңгі ана. Ұл әкеге, қыз шешеге қарап өседі. Ұл мен қыз тәлімді тәрбие мен рухани құндылықтарды ең алғашқы мектебі отбасынан алады. «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген нақыл текке айтылмаса керек. Ұлт болашағы үшін ұрпақ тәрбиесінің маңызы ұшан-теңіз.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.