Ана тілі-асыл қазына

0

Тіл-ұлттық мәдениеттің гүлденуі, салт-дәстүрдің одан әрі дамуы, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың ұлы жемісі. Тіл -әр халықтың ұрпақтан — ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті құралы. Қазақ тілі, қазақ халқының ана тілі. Қазақтың туған тілі ата-бабаларымыздың келер ұрпаққа аманаты. Тіл тазалығы салт-санамыздың өркендеуі һәм ұлтымыздың жаңғыруы. Ана тіліміз өзінің сан ғасырлық дамуы барысында рулық тіл дәуірін де, тайпалық тіл дәуірін де, халықтық тіл дәуірін де басынан кешірді. Қазіргі қазақ тілі өркендеген мәдениеттің тілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады» деген болатын.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» -деп, айтып кеткен. Ата Заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халқымыздың байлығы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше. Себебі, бесікте жатқан сәбиге ұлы даланың баһадүр бабаларымыздың батырлығын, ақын-жыраулардың дастандарын, ертегілерді айтып, санасына құйса жас жеткіншек ұлтжанды болып өседі. Сондықтан ұлы елдің азаматы, адал перзенті болу үшін өзінің ана тілін, білуі тиіс.
Оны әр уақытта аялап шұбарламай, кейінгі ұрпаққа жеткізу-біздің борышымыз. Қазақ тілі — қазақ халқының ана тілі. Адам баласы дүниеге келіп, есі кіре бастағаннан-ақ адамдық қасиеттерді қалыптастыратын әдептілікті, ізгілік пен ізеттілікке толы халықтың нұры, асыл сөздерін, тілдің жан тербетер әсер-күшін ана тілінде ұғып, үйренеді. Яғни, ғасырлар бойы жинақталған саф алтындай таза тіл қазынасын, оның сөз байлығын адам жаны мен жадына енгізу анадан бас­талады. Ал ананың ақ сүтімен бойымызға қоса даритын тіл мұрасын, бар байлығын, көркемдік қуатын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші ол біздер. Ана тілі арқылы адамдар бір-бірімен сөйлесіп, ойын жеткізеді, пікір алысады. Қазақ тілі шыр етіп дүние есігін ашқаннан ананың ақ сүтімен келеді. Отбасында қазақтың салт-дәстүрін баланың бойына сіңдіріп тәрбиелесе ғана ұлттық тіл сақталады. Қазақтың әр сөзін алып қарасақ бес алты мағына береді. Кең байтақ жерімізді ата –бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап кеткен. Мирас болып қалдырып кеткен кіндік қан тамған жерде кейбір қандас бауырларымыз өзге тілде сөйлегенін естігенде қынжылтады. Ұлттық рух, ұлттық тәрбие бойда болатын болса тіліміздің көркемдігі жоғалмайды. Аузы дуалы ақсақалдарымыз артынан ерген ұрпағына салт-дәстүр, ырым-тыйым қазақтың батырлығын, тіліміздің шұрайлығын айтып отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Атаның әрбір сөзін тыңдап, бойына сіңіріп өскен ұрпақ білікті де білімді болып шығары ақиқат. Қазіргі қоғамда сөз маржанын ақтарып, суреттеп жазатын тұлғаларымыз азайып барады. Олай дейтінім құлақтың құрышын қандырып, ғасырдан-ғасырға жететін әндерден гөрі өмірі бір жылдық шала қазақ әндер қаптап кетті. Кейбір әншілеріміз жеңіл әндерге құмар. Әрине бұның бары атақ, ақша үшін. Жеңіл әндерді тыңдаған ұл-қыздарымыздың келешегі не болмақ?
Иә, дархан даласындай көңілі кең қазақ елі түрлі ұлт өкілдерін тар жол тайғақта құшағына алды, бауырына басты. Бірлік пен жарасымды тірлікті ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы бүгінде өзге жұртты сүйсінтіп келеді. Тіпті елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін этнос өкілдерінің де саны артқан. Бұл түрі басқа болса да, тілегі бір отандастардың қазақ халқына деген, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді де құрметтейді. Сондықтан өз тілін өгейсітіп жүрген қаракөздерімізге үлгі болып жүр.
Ана тілі –халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі,-деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. Себебі, қазақ тілі-Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Тіл-ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы-оның ана тілі. Тіл –халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі-оның бақыты мен тірегі.
Қазақ тілі XV ғасырдағы қазақ хандығы тұсында әбден қалыптасып болған еді. Ол 1989 жылдан бас­тап Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесіне ие болды. Тіл байлығы- әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі дамыған елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал, ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың. Сонау замандағы ата-бабаларымыздың өздері де қазақ тілінің жойылуына аз қалған шақта жан аямай күресіп, қолдарынан келгенше тырысып,бізге, келешек ұрпаққа қазақ тілін аманат етіп қалдырды. Осы тілімізді біз ары қарай дамытып, жетілдіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында бүгінгі күнгі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне баса назар аударды. Алдағы уақытта туған тіліміздің мәртебесі күшейіп, ұлтаралық қатынас құралына айналатынын жеткізді. Бұған дейінгі кездесулерде де Мемлекет басшысы тіл тақырыбына қатысты ұтымды ойын білдіріп келді. Қазіргі жаһандану заманында бұл мәселе ешқашан өзектілігін жоймайды.
Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі, ажырамас белгісі. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай міндет емес, себебі ол тіл сол мемлекет иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Мемлекеттік тіл мемлекеттік маңызды мәселе болғандықтан, азаматтық, патриотизм, мәдени тұтастық сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Түптеп келгенде, ол – өңірдің, елдің ұлттық қауіпсіздігі, әлеуметтік тұрақтылығы мен интеллектуалды даму мәселесі. Ал бұл істің шешуі шыдамдылық пен табандылықты талап етеді және тілді үйрету зорлықпен емес, шынайы ынтамен ыңғайланатын шаруа. Мемлекеттік тілді білу – кәсіби талап.
Қазақ тілі, қазақ халқының ана тілі. Қазақтың туған тілі ата-бабаларымыздың біздерге қалдырған аманаты. Тіл тазалығы салт-санамыздың өркендеуі һәм ұлтымыздың жаңғыруы. Ана тіліміз өзінің сан ғасырлық дамуы барысында рулық тіл дәуірінде, тайпалық тіл дәуірінде, халықтық тіл дәуірінде басынан кешірді. Қазіргі қазақ тілі өркендеген мәдениет тілі.
Тәуелсіздіктің негізгі тірегі -ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да-тіл. Ол қасиетті де қастерлі.Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры баршамыздың қолымызда. Тілді оқып –үйренуді барынша жоғары деңгейге көтеру қажет.
Ұлы ақын Мұқағали Мақатаев: «Ал екінші бақытым – тілім менің, Тас жүректі тіліммен тілімдедім. Кей-кейде дүниеден түңілсем де, Қасиетті тілімнен түңілмедім»,-деп жырлағандай, Мағжан Жұмабаев та: «Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың… Алтын күннен бағасыз бір белгі боп, Нұрлы жұлдыз, бабам тілі сен қалдың»,-деп толғанады, осы екі ақын да сол кездегі тек тілдеріне ғана үміт артқан еді. Сол үміттің ар жағында бізге деген сенім де жатыр. «Ана тілі – жүрек үні» деген көркем сөзді мен былай түсінемін: Біздің жүрегіміздің түбінен «ана тілім» деген үн шығып тұруы тиіс, анық естілуі керек. «Өз тілін сезінбеген бала ана сүтін татпаған жетіммен тең»,-деп қаһарманымыз Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, өз тілін қадірлемеген бала, оны жан жүрегімен сезінбеген адам ана сүтін де қадірлемеген, оны мүлде татпаған жанмен тең. Егер өзіміз сондай болсақ, намысымызға тимей ме? Өз намысымызды да, тіл намысын да қорғау – біздің иығымызға жүктелген парыз.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.