Нашақорлықпен қоғам болып күресуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы екенін атап өтті. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын», -деп мәлімдеген болатын.
Қазіргі таңда ғасыр дертіне айналған нашақорлықпен күрес мемлекетімізде қарқынды жүруде. Ауданымызда да бірқатар жұмыстар атқарылған. Осы орайда аптаның дүйсенбісі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.
Жиынға қала және ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, тиісті мекеме, кәсіпорын басшылары сондай-ақ Жамбыл облысы Полиция департаменті Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы, полиция полковнигі Данияр Асылбеков қатысты.
Күн тәртібіндегі «Нашақорлық және есірткі бизнесінің алдын алу бойынша қабылдаған шаралардың нәтижесі мен тиімділігі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар туралы» аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Р.Оразбайұлы аудан бойынша нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар жайлы баяндама жасады.
Баяндамашы өз сөзінде аудандық полиция қызметкерлерімен бірге «Нашақорлыққа-жол жоқ» атты және аудан бойынша орын алған заңсыз есірткі айналымына қарсы қылмыс бойынша Жамбыл облысы ПД-нің Сарысу АПБ-мен 01.06.2026 жылғы №351-бұйрығына сәйкес, аудан аумағында есірткінің заңсыз айналымы саласында құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған аудан аумағында маусым айының 01-нен қазан айының 31 аралығында «Қарасора-2026» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы кешенді жоспармен өткізіліп жатқандығын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы У.Салимова да баяндама жасап, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес бекітілген «Әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозицияланған ақпараттық жұмыс жүргізу жөнінде іс-шаралар жоспарының орындалуы» бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер толық қаралып, аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы баяндамашыларға атқарылып жатқан жұмыстар бойынша тиісті тапсырмалар жүктеді.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»