Отанның ұлы қалқаны

0

Әскери өмір – кешегі ерке баланың бүгінгі ер-азаматқа айналатын, мінезі шыңдалып, жігері қайнайтын үлкен мектебі. Бұл тек заң алдындағы міндет қана емес, елге деген шынайы сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің басты емтиханы. Бүгінде елімізде қызу жүріп жатқан әскерге шақыру науқаны – тек қорғаныс қабілетін нығайту емес, Отан тағдырына бейжай қарамайтын, рухы биік жаңа буынды қалыптастырудың маңызды белесі.

Әскери қызмет – тәртіп пен төзімділіктің, батылдық пен жауапкершіліктің мектебі. Сарбаздар әскери дайындықтан өтіп қана қоймай, ұжыммен жұмыс істеуді, қиындықтарды еңсеруді, өзіне және айналасына сенімді болуды үйренеді. Сондықтан әскер қатарында өткізілген уақыт көптеген жас азамат үшін өмірлік тәжірибенің баға жетпес кезеңіне айналады.
Қазіргі әскердің сипаты да, сарбазға деген көзқарас да мүлдем бөлек. Бүгінде Қарулы Күштеріміз тек заманауи қару-жарақпен толығып қоймай, ең алдымен сарбаздардың жағдайын жасауға көшкен. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларды көргенде, әскердің жастар үшін үлкен мүмкіндіктер алаңына айналғанын байқау қиын емес. Мәселен, қазір әскерге кеткен жігіттердің несиесі болса, оны төлеу мерзімі автоматты түрде уақытша тоқтатылады. «Сарбаз қарызы» деп аталатын бұл жүйе ата-аналардың иығынан үлкен жүкті түсіргені анық. Бұдан бөлек, Отан алдындағы борышын адал атқарған жастар үшін жоғары оқу орындарының есігі айқара ашық. Олар ҰБТ тапсырмай-ақ, өздері қалаған үздік университеттерде тегін білім алу грантын иелене алады.
Ал жоғары білімнен бұрын, бірден жұмысқа араласқысы келетіндер ше? Олар үшін де жағдай жасалған: қызмет барысында автокөлік жүргізушісі, байланысшы немесе техника маманы сияқты бүгінгі нарыққа ең қажетті кәсіптерді тегін меңгеріп шығуға болады. Қысқасы, қазіргі әскер – жай ғана қару ұстап, күзетте тұратын жер емес, жастардың болашақ өміріне даңғыл жол ашатын нақты қолдау орталығы.
Халқымыз: «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Әрбір шаңырақтың амандығы, туған жердің тыныштығы мен елдің қауіпсіздігі – ең алдымен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жас сарбаздардың қолында. Қазір көшеден де, ауыл-аймақтан да әскерге аттанғалы жатқан, көздерінен от шашқан жастарды жиі көреміз. Бойларында сәл толқыныс болғанымен, ел қорғауға деген жауапкершілікті анық сезінеді. Осылайша әскер қатарын толықтыратын әрбір бозбаланың қадамы – мемлекетіміздің қорғаныс қуатын арттырып, елдігімізді бекемдейтін маңызды қадам.
Бүгін үйімен қоштасып, ел шетін күзетуге аттануға сақадай сай отырған әрбір жас азаматқа артылар сенім де, үміт те зор. Олар – кешегі батыр бабалардың ізін басқан, ертеңгі күні ел қорғанының берік тірегіне айналатын нағыз ерлер. Әскерде шыңдалған осы қайсар рухты жастар бар да, Қазақстанның аспаны ашық, болашағы жарқын болатынына кәміл сенеміз. Сап түзе, сарбаз! Ел сенімі өздеріңде!

Әділет ӘбдІкарим, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 1 — курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.