Ыстық күнде балаларға қуаныш сыйлаған игі шара

0

Жаз мезгілінің аптап ыстығында балалардың қауіпсіздігі мен көңіл күйіне ерекше көңіл бөлу маңызды. Осы аптада Сарысу ауданында ауа температурасы өте жоғары болып, тұрғындар ыстықтан қатты қиналды. Әсіресе балаларды әбігерге салып жатқаны анық.

Осындай кезде Сарысу ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің өрт сөндірушілері балаларға ерекше қуаныш сыйлады.
Аудандық саябақта және барлық шағынаудандардың ойын алаңшаларында демалып жүрген балаларға өрт сөндіру көлігімен салқын су сеуіп, аптап ыстықтан сергітті. Балалар мәз-мейрам болып, су астында асыр салып ойнап, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Бұл шара олардың жазғы демалысын одан әрі қызықты етіп, ұмытылмас әсер қалдырды.
Ата-аналар да өрт сөндірушілердің бұл игі бастамасына ризашылықтарын білдіріп, олардың тек төтенше жағдайларда ғана емес, халыққа қуаныш сыйлайтын ізгі істердің де ұйытқысы екенін атап өтті.
Сарысу ауданының өрт сөндірушілерінің бұл игі ісі мейірімділік пен қамқорлықтың жарқын үлгісі. Осындай шаралар балалардың қауіпсіз әрі көңілді жазғы демалысын өткізуіне ықпал етеді.
Балалардың күлкісі елдің қуанышы. Осындай игі бастамалар көп болсын!

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.