Біліктілігін шыңдады
Қазақстан экономикасының тұрақты дамуында жұмысшы мамандардың үлесі орасан зор. Елдің өндірістік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және көлік салалары дәл осы мамандардың біліктілігі мен еңбегіне сүйенеді. Шикізат өндірісі мен өңдеу өнеркәсібі, энергетика, инфрақұрылымдық жобалар жұмысшы мамандықтарынсыз мүмкін емес. Жыл сайын Қазақстанда жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар ашылады, оларды сапалы мамандармен қамтамасыз ету елдің экономикалық болашағы үшін маңызды. Ауданымыздағы ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысшы мамандар саланың дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді.
Өткен аптада «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Жаңаталап ауылдық округінде орналасқан ветеринариялық пунктте ветеринария саласының қызметкерлері арасында «Vet Skills Cup – Кәсіби шеберлік» атты сайыс ұйымдастырылды.
Сайыстың негізгі мақсаты – әріптестер арасындағы ынтымақтастықты арттыру, достық қарым-қатынасты нығайту және мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдау.
Байқауға ветеринария саласының мамандары қатысып, «Зооқамқор», «Жануарлар жанашырлары» және «Төрт түлік қорғаны» атты үш команда өзара бақ сынады. Қатысушылар жоғары дайындықтарын, ұйымшылдықтарын және кәсіби білім-біліктерін көрсетіп, тартысты әрі қызықты сайыс өткізді.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды «Зооқамқор» тобы жеңіп алды. 2-орынды «Жануарлар жанашырлары» тобы иеленсе, 3-орынды «Төрт түлік қорғаны» тобы қанағат тұтты.
Жеңімпаз командалар ұйымдастырушылар тарапынан диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»