Ардагерлерге құрмет – ұрпаққа өнеге

0

2026 жылғы 29 мамыр күні аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің ұйымдастыруымен ауданымыздың еңбек сіңірген ардагерлеріне арналған Түркістан облысының тарихи-мәдени және рухани нысандарына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – ардагерлерімізді еліміздің тарихи-мәдени мұраларымен таныстыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және рухани сабақтастықты нығайту болды.
Экскурсия барысында қатысушылар алдымен халқымыздың қасиетті орындарының бірі саналатын «Баба Түкті Шашты Әзіз» әулие кесенесіне барып, тарихи деректермен танысты. Бұл киелі мекен қазақ халқының рухани өмірінде ерекше орын алады және көптеген зиярат етушілердің тағзым ететін орны болып саналады.
Келесі бағытта ардагерлер түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласындағы «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесіне барды. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген бұл бірегей сәулет ескерткіші қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің асыл қазынасы болып табылады. Қатысушылар кесененің тарихымен танысып, оның тарихи маңыздылығы жөнінде мол мағлұмат алды.
Сондай-ақ экскурсия аясында «Рабиға Сұлтан Бегім» кесенесі де тамашаланды. Қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі Рабиға Сұлтан Бегімнің өмір жолы мен тарихи рөлі туралы мәліметтер ардагерлердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Бағдарлама барысында қатысушылар «Ұлы Дала Елі» орталығын аралап, қазақ халқының бай тарихы мен мәдени мұрасын айшықтайтын көрмелермен танысты. Сонымен қатар «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында болып, өңірдің тарихи жәдігерлері мен құнды экспонаттарын тамашалады.
Экскурсияның келесі бөлігінде ардагерлер Түркістан қаласының заманауи келбетін айқындайтын «Керуен Сарай» туристік кешеніне барды. Мұнда қонақтар туристік нысандарды аралап, қаланың жаңаша даму қарқыны мен сәулеттік ерекшеліктеріне куә болды.
Танымдық сапар барысында ардагерлер тарихи орындардан ерекше әсер алып, ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді. Мұндай игі шаралар аға буын өкілдерінің рухани дүниесін байытып қана қоймай, ұлттық тарих пен мәдени мұраны насихаттауға зор үлес қосады.
Саяхат барысында ардагерлерге таңғы, түскі, кешкі астары беріліп, гид-экскурсовод және медицина қызметкерімен қамтылды. Аудан ардагерлеріне арналған бұл экскурсия тарихи тағылым мен рухани құндылықтарды ұлықтауға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі ретінде есте қалды.

Әсел Бекбатырова, Сарысу ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.