Нан-дастархан байлығы
Нан – ең қасиетті ас. Кішкентай кезімізден аузымызға алатын ең алғашқы тағамның нан екеніне ешкімнің таласы жоқ. Үйімізге қонақ келсе, ең алдымен ұсынатынымыз да – нан. Асығып тұрған адам болса, үлкендер: «Ең болмаса, нан ауыз тиіңіз» – дейді. Дастархан басында да ең әуелі наннан бастаймыз. Нансыз дастарханның да, ішетін астың да дәмі болмайды. Нанды қалай болса солай бөлуге немесе турауға болмайды, өйткені оның әр ұсағының өзі киелі. «Нанның ұсағын жеген бала сауапқа қалады» – деп ата-әжелеріміз жиі айтатын. Себебі қиын-қыстау замандарда бір үзім нан талай жанның өміріне үміт сыйлап, жанына жалау болған.
Нан-күнделікті тұтынатын ең маңызды азық-түліктің бірі. Оны сапалы әрі уақытында халыққа жеткізу – үлкен жауапкершілік. Осындай маңызды істі атқарып жүрген кәсіпкерлердің бірі Бағила Анасқызы Шералиева.
Қаладағы наубайхананың иесі күн сайын таңертең ерте жұмысын бастайды. Ол заманауи пештерде әртүрлі нан өнімдерін пісіріп, олардың сапасы мен дәміне ерекше көңіл бөледі. Жаңа піскен нан арнайы көліктерге тиеліп, қаладағы дүкендерге жеткізіледі. Осылайша тұрғындар күн сайын балғын әрі сапалы нан сатып алу мүмкіндігіне ие болады.
Кәсіпкер өз ісін дамыту үшін жаңа технологияларды енгізіп, қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайын жасайды. Сонымен қатар, тұтынушылардың сұранысын ескеріп, нанның бірнеше түрін өндіреді. Бұл кәсіп тек табыс табудың көзі ғана емес, халықты маңызды азық-түлікпен қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызы бар қызмет болып табылады.
Осындай еңбекқор кәсіпкерлердің арқасында қала тұрғындарының дастарқанында әрдайым жаңа піскен, сапалы нан болады. Сондықтан олардың еңбегі құрметке лайық.
Біз 5-шағынауданда орналасқан нан пісіретін наубайхана иесімен жүздесіп қайтқан болатынбыз.
-Мен 2022 жылға дейін басқа жұмыстармен айналыстым. Көптен көкейімде жүрген: «Неге сұранысқа ие ыстық нан пісірмеске» деген ой болды. Сол мақсатпен, нан пісіруге қолайлы жер тауып, кәсібімді бастадым. Әуелі аз-аздан пісіріп, кейін келе сұраныс арта түсті. Қазіргі таңда қаладағы және Ақтоғай, Ұ.Сыздықбаев ауылдарындағы дүкендерге ыстық нандарды екі мезгілде жеткізіп береміз. Күніне 6-7 қаптан дайындалған 1800-ге жуық нан тұрғындар дастарханынан табылуда. Алты тұрғынды жұмыспен қамтып отырмын. Әр жұма сайын аудандық мешітке аз қамтылған отбасыларға арнап, ыстық нанды қайырымдылық есебінде беріп тұрамын. Осы уақытқа дейін жеке кәсіпкерлерге беріліп жатқан мемлекеттік бағдарламалардан ешқандай көмек алмағанмын. Егер мемлекеттік бағдарламалар тарапынан көмек алар болсам, алға қойған мақсаттарым бар. Біріншіден-осы наубайхананы кеңейтіп, нанның басқа да түрлерін пісірсем деген ойым бар. Халыққа тиімді бағада күнделікті ыстық нандарды дүкен сөрелеріне қояр едім. Екіншіден-нан пісіруге ыңғайлы пештерді, қамырды илеуге қолайлы заманауи құрылғыларды сатып алып, басқа да ауылдарды нанмен қамтамасыз етсем.
Қазіргі тоқшылық заманда жастар, өкінішке қарай, нанның қадірін бұрынғыдай терең ұқпайды. Кез келген жерде тәтті тоқаш жеп, жерге түскен нанды елемей, тіпті қоқысқа тастай салатындар да бар. Бұл – кешірілмес қателік. Жастарға осы қателіктерге жол бермейік,-дегім келеді.
Нан – адамзаттың негізгі қорегі, күш-қуат көзі. Қандай мол дастархан жайылса да, нансыз ас толық болып есептелмейді. Кейіпкерімізбен қоштаса отырып, кәсібіне береке тіледік.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»