БЕСАСПАП ҰСТАЗ
Қадым заманнан қанымызға сіңіп, ғасырлар бойы болмысымызда жалғасып келе жатқан асыл қасиеттеріміздің бірі-жасы үлкенге құрмет көрсету, қарияларды қадірлеу.Бұл әлімсақтан жеткен бабалар аманаты. Мұның ерекше тәлімдік, тәрбиелік мәні де бар.
Айтары бар ақсақалдарымызды, абыздарымызды алақанға салып қошемет көрсету кейінгі буынның парызы, әрине. Рас, сайып келгенде қора-қопсы төңірегін түгендеуден өзге айтары жоқ қарияларды да көріп жүрміз. Дегенмен де, мына ауыздығымен алысқан аласұрған заманда ұршықша иірілген ұрпақтың ұлттық тамырын, намысын оятатын, ойлы пікір, өнегелі өсиет өргізетін, көргені көп көреген қарияларымыз керек-ақ. Бұл өз кезегінде нарық теңізінің асау толқынында күнкөрістің «ескегімен» адасып жүрген өскелең буынға рухани сүйеніш демеу болып, күш-жігер серпіліс берер еді.
Ал енді, шежірелі ауданымызда осындай тағылымды дәріс айтатын, ығып кеткен жастарға ықтасын болатын ақылман ағалар бар ма десек, әрине жеткілікті дер едік. Солардың бірегейі, бүгінде абыз жасына жетіп, сергекті сексеннің етегінен ұстаған Серік Уәлиұлын айтар едім. Имани сабырлы жүзінен өзекті жанға тән көңіл күйдің ауаны сезілетін әмәнда өзін байсалды да байыпты ұстайтын бұл кісіні әу бастан білетін-мін. Білетінім сол, өткен ғасырдың сексенінші жылдары Б.Қашқынбаев атындағы орта мектепте бізге оныншы сыныпта тарих пәнінен сабақ берді. Мектеп директоры арыны асау Бестібек Жақыпбеков, ал Серік ағай оқу ісінің меңгерушісі болды.
Өзімен замандас бір шоғыр мұғалімдерге қарағанда тәкап-парлау, кірпияздау, мейлінше сұсты көрінетін. Кейбір мінезі жұмсақтау ағай-апайлардың сабақтарында шығып кетіп, кіріп-келіп, улап-шулап отыратынбыз. Серік ағай келгеннен бастап тәртіпті бірінші кезекке қойды. Дауысын көтермей-ақ өткір көзімен түксиіп қадалғанда жым-жырт болатынбыз. Сыныпта шыбын екеш шыбынның да, ызыңы естілмейтін.
Бір ғажабы, сабақ алдында өзгелердей оқушыларды түгендемейтін, сосын екілік баға қоймайтын. Қазір ойлап отырсам, бұл методикалық әдіс тәсіл оқушы психологиясына әжептеуір оң әсерін тигізеді екен. Ағайымызды біз тек сабақ үстінде ғана емес, мектептегі кетеуі кетіп шиқылдап ырғалып жатқан парта, шкафтарды ондап жатқанында үнемі көретінбіз. Аракідік мектеп ауласында найзағайдай жарқ жұрқ еткізіп, әлдебір темір- терсектерді дәнекерлеп те жататын. Ойын баласымыз ғой қайдан білейік ағайдың екінші жұмысы шығар деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, мектептің жыртық тесігін жамап-жасқау тіпті де міндетіне кірмейді екен. Есейіп, ес жиған соң ғой естіп жатқанымыз.
Әрине, Серік ағайдың темір-қазық іспетті жол көрсетер тәлімінен бүгінге дейін айнымағанына тәнтіміз. Әсіресе ағай ұстазымыздың ”мұғалім өз пәнінің мұғалімі ғана емес, тәрбиешісі де болуы шарт”. Ғұлама ойшыл әл-Фараби “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі тиіс. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы” деген тәмсілін әсте естен шығарған емеспіз. Ағайдың үйіндегі жұбайы Рабиға Айтқожақызы да бізге биология пәнінен дәріс оқыды. Тылсым табиғаттың қалыптасуын түйсігімізге терең тоқыдық. Мәдениет дегеніміз парасаттылық десек сол парасаттың жылы лебі апайдың да, ағайдың да болмыс-тарынан есіліп тұратын. Бүгінде ой таразысына салып қарасам ұстазымыз сол кезеңдерде бар болғаны 33-34 жаста ғана екен. Бізге оқушыларға көпті көрген, көп жасаған көнекөз болып көрінетін.
Осы жазбамның басында ағайымды бірегей деген едім, енді оның да себебін айта кетейін негізгі мамандығы әрине мұғалімдік. Сонау 1965 жылы Ленин атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы С.М.Киров атындағы университеттің тарих факультетіне түседі.1969 жылдан Маятас ауылында білім ошағында ұстаз.1972 жылдан жеті-сегіз жыл бедерінде Комсомол, партия қызметінің алғы шебінде идеология майданында болады.
1979 жылдан 1987 жылдар аралығында Б.Қашқынбаев орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары әрі тарих пәнінен дәріс оқыса, сол жылдан 1995 жылға дейін табан аудармай сегіз жыл бойы мектеп директоры қызметін атқарады.
Айтайын дегеніміз мейлі үлкен ұжым басқарған басшы болсын, әлде қосшы болсын бала кезден бойына бабадан дарыған ұсталық қасиетін тастамады, бірге алып жүрді қарапайым көпшілік халыққа қажетті сандық та жасайды, нәресте сәбилерге қазақи бесік те жасайды. Аңқасы кеткен ағаштан түйін түйіп жиһаздың небір түрінің иін қандырады. 2000 жылы отыз жыл жүйкені жұқартқан ұстаздықтан өз еркімен бас тартып, кәсіпкерлікті қолға алады.
Бірегей емей немене осыдан екі жыл кейін тарихи танымдық естелік кітапты жарыққа шығарды.Туындыда тұтас бір әулеттің ата тегі, түп тамыры, тарихи ашаршылықтың азабы терең жан-жақты зерделенген. Кітаптың атауы “Тағылым”. Зейін қойып оқып шықтым расында да тәрбиелік мәні ерекше дүние екен. Осы жерде ағайдың түпкі мақсатын көздегенін кітаптағы алғысөзді келтіре кетсек артық болмайтын шығар.
-Әке-ана өткен өмір мен бүгінді байланыстырып тұрған көпір іспетті. Баласы әкесі арқылы ата-бабасының рухани кеңістігін, өсиеттерін жақсы жақтарын бойына дарытады. Сол көпір арқылы өзінің болашағымен қауышып, ұрпақ тәрбиесі жалғаса береді. Әкесі бар, анасы бар үйдің шаңырағы ешқашан шайқалмайды. Әке-шеше отбасы ғана емес бүкіл әулеттің қамқоршысы, ел ағасы, ел анасы. Демек,әке-шешенің ықпалын, өсиетін бойына сіңірген ұрпақ, келешекке жол салатын “Алтын көпір”. Бұл көпір сонау бабалар жолынан бастау алған.
Бабалар тарихының болашақ ұрпақ алдында алатын орны ерекше. Сол аталарының тағдырын тауқыметін сезіп білу арқылы өз отбасын тәрбиелейтін бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі тәрбиеші “Шежірелі қартқа” айналары анық,- дейді автор ұстаз. Одан әрі үзіндіні назарға алған жөн болар. ”Кешегі бір аумалы-төкпелі кезеңде өмір сүрген бабаларымыз тағдырдың “талайын” басынан кешіріп, елі, жері, отбасы үшін арпалысты заманды басынан кешірсе керек. Жоғарыда айтқанымыздай, өмірден озған ата-бабаларымыздың сол бір ғасырдағы ісі, өнегесі, еткен еңбегі жайлы қазіргі ұрпаққа паш ету, жастарды тәрбиелеуге деген құрал болмақ”. Ия, ағай өте құнды тұжырым жасаған әулетінің әлеуетін алыстан болжаған абыз ұстаз келешек ұрпағына нарықтың жанталас ұрысында ұтылмайтын ұтымды жол сілтеп отыр. Бұл әрбірімізге сабақ болса керек. Шындығында бабамыздың асыл қасиетін толық түсіну үшін қазақ ұлтының ресми тарихын ғана емес, рухани шежіресінде терең зерделеуіміз қажет. Әрбір саналы азамат өз отбасының ата тегін, кіндік қаны тамған атамекен шежіресін терең ұғынғаны жөн. Кешегі кеңестік заманда туған жерінің, елінің түп тамырын зерттесең рушыл, ұлтшыл тіпті нәсілшіл деп қудалайтын. Олардың мақсаты ата тегіңді, тіліңді, діліңді мүлдем жойып жіберу болды. Белгілі бір дәрежеде ол мақсат-мұраттарына жетті де. Жуырда ғана Серік Уәлиұлы ағайымызбен телефон арқылы тілдесіп мереке тойымен құттықтадық. Ұстазымызбен аз кем дидарласқан соң көкейді мазалаған бір сауалыма жауап беруді өтіндім.
— Ағай, материалдық игілік алға шыққан сайын адамдар рухани жүдеулікке бой алдырып бара жатқан сияқты, сіз не дейсіз?
— Оның рас,заманның талабына, қарқынына бар күнәні жаба салатын болдық. Жалпының емес жалқының мүддесі бірінші кезекте. Дегенмен, рухани ашаршылыққа жол берген ұлттың келешегі келте болатынын тарих сан мәрте дәлелдеді. Рухани жүдемес үшін рухы жігерлі адамдармен жиі араласу қажет. Сондай-ақ кітаптыңда адам санасынының өрістеуіне ерекше ықпалы бар. Рухани жұтандық тоғышарлыққа, алауыздыққа, ашкөздікке ұрындырады. Жуырда мен ел арасында беделі жоғары даулы мәселелерге төрелік айтып, қара халықтың құрметіне бөленген, ақылман абыздар Қазыбек, Бөкен билердің жазбасын оқыдым. Ол кісілердің үш ғасыр бұрын айтқан шешендік сөздері әлі де өзекті. ”Сот та, би де құнды өндірседе арды өндірмейді”, ”Арам байлықтан таза кедейлік артық”, — дейді дана билер. -Бізге тек ынсап пен қанағат қажет, қарағым, деп сөзін түйіндеді қария. Қош айтысарда “Айтқаны, тағы бір-екі кітаптың сұлбасын жасап жатырмын. Денсаулық болса жеріне жеткізермін, болмаса балалар аяқтар”-деді.
Жаратылыс заңын қазып зерттеген жапон ғалымы Митио Каку кванттық физикаға сүйеніп жақын адамдар ағзасындағы атомдар бөлшектері ғарыш кеңістігінде өзара әрекеттесіп байланыста болады деп түйін сөз тұжырым жасайды. Демек, қазақ атамыз ”аруақтардың рухы желеп-жебеп жүрсін деп бекер тілемесе керек”. Яғни,батыр бабаларымыздың рухы сізді үнемі қолдап, қорғап бойға алған кітабыңызды өзіңіз аяқтайтыныңызға бек сенімдіміз. Жаратушы иеміз сізді шапағат шуағынан кен де қылмасын!
Берік Сәдуақас, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Саудакент ауылы.