Егіс алқабында қауырт жұмыс
Аймақтың дамуында агроөнеркәсіп кешенінің атқаратын қызметі ауқымды. Өйткені, азық-түлік қауіпсіздігі дәл осы сала арқылы қамтамасыз етіледі. Сондықтан да мемлекет тарапынан ауылшаруашылығын дамытуға айрықша назар аударылып келеді. Бұл тұрғыда байыпты бағдарламалар қолға алынып, лайықты нәтижесін көрсетуде. Әсіресе, егін шаруашылығында елеулі істер жетерлік. Сапалы тұқымнан бастап, жеңілдетілген бағада жанар-жағармай бөлу де игі үрдіске айналған. Мұның бәрі де адал еңбек арқылы ризығын табатын шаруаларға үлкен көмек.
Күні кеше аудан әкімі Сәкен Мамытов Түркістан ауылдық округіндегі егіс алқаптарын аралап, дала төсін дүбірге бөлеп жатқан дихандармен дидарласты. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Түркістан солай туған» атты очеркіне арқау болған аймақтың кезінде астық кеңшары ретінде атағы алысқа жайылған болатын. Тәуелсіздік жылдарында нарықтық қатынастар жолға қойылғанда да қолынан іс келетін азаматтар жеке шаруашылықтар ашып, бұрыннан қалыптасқан еңбек дәстүрін жүйелі жалғастыра білді. Қазір бұл өңірде тынымсыз тер төгіп, ел құрметіне бөленіп отырған азаматтар аз емес.
Жұмыс сапары барысында Сәкен Үмбетұлы әрбір шаруашылық басшысымен емен-жарқын әңгімелесіп, егіннің жай-күйі мен науқандық жұмыстардың барысына назар аударды. Суару жүйесі, техникалардың дайындығы және өнім көлеміне қатысты мәселелерді талқылады.
Бүгінде шаруалар дәнді дақылдарды ору жұмыстарын бастап кеткен. Айта кету керек, ауданда 90-ға жуық шаруа қожалығы дәнді дақылдар өсірумен айналысады. Қазіргі таңда жаздық арпа дақылының орташа түсімділігі гектарына 12-15 центнерді құрап отыр. Ағымдағы жылдың өнімі үшін бидай – 2 250 гектарға, арпа – 8 000 гектарға, дәндік жүгері – 420 гектарға, майлы дақылдар (мақсары) – 6 500 гектарға және мал азығы дақылдары – 8 035 гектарға орналастырылған.
Осы орайда аудан басшысы ауыл шаруашылығының дамуы өңір экономикасының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтіп, жауапты сала мамандарына егіс алқаптарындағы жұмыстарды сапалы әрі уақытылы жүргізуді, сондай-ақ өнімділікті арттыру бағытындағы шараларды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ шаруаларға егін жинау науқанын уақтылы өткізуге қажетті жанар-жағар май және техника дайындығын үйлестіру жұмыстарын жүктеді.
Жалпы, егін жинау жұмыстарын жүргізуге шаруаларға 520 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Тарату бағасы 281 теңге.
Шаруалар өтініміне сәйкес дизель отыны кедергісіз бөлінуде. Сонымен қатар, фермерлер ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 209,0 миллион теңгеге техника паркін жаңартты. Бұдан бөлек тағы 150,0 миллион теңгеге жаңа техникалар алуға өтінім қаралуда.
Сапар барысында жауапты сала мамандарына егіс алқаптарындағы жұмыстарды сапалы әрі уақытылы жүргізуді, сондай-ақ өнімділікті арттыру бағытындағы шараларды күшейтуді тапсырды. Аудан басшысы ауыл шаруашылығының дамуы өңір экономикасының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Көсегенің Көкжонындағы келісті жұмысқа қарап көз сүйсініп, көңіл толды. Ертелі-кеш егіс алқабында жүрген еңбек адамдары ел ырысын еселеу жолында аянып қалмайтындығын аңғартты. Шілденің аптап ыстығына қарамастан қауырт жұмыстың бел ортасында жүрген шаруалардың еңбегі қандай құрметке болса да лайық.
«Sarysý»-АҚПАРАТ