Адамның бір қызығы бала деген…

0

Мерекелік асқақ көңіл-күй ресми шараның шымылдығы түрілмей тұрып-ақ, қала орталығын ерекше бір сиқырлы әлемге бөлеген еді. Орталық алаң маңында қанат жайған шығармашылық көрмелер мен танымдық алаңдар бүлдіршіндердің шексіз қиялы мен жасын талантына жол ашқан ғажайып кеңістікке айналды. Бұл күні балалар тек мерекенің сырттай тамашалаушы қонағы емес, оның басты кейіпкері, нұрлы болашақтың жарқын бейнесі ретінде өз өнерлері мен қабілеттерін көпшілікке мақтанышпен паш етті.

Көрме алаңында Балалар шығармашылық орталығының, Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің, Балалар-жасөспірімдер орталығының және Аула клубтарының тәрбиеленушілері дайындаған ең таңдаулы, көз жауын алатын туындылар жұртшылық назарына ұсынылды. Бір қарағанда қарапайым болып көрінетін әрбір жұмыстың артында бала жүрегінің лүпілі, таудай талпынысы мен шығармашылық ізденістің алтын соқпағы жатқанын аңғару қиын емес еді. Сөрелерден орын алған алуан түрлі суреттер мен ерекше қолөнер бұйымдары келушілердің жанарын жаулап, таңдай қақтырды. Түрлі-түсті бояулармен өрнектелген суреттерден бала көңілінің мөлдір тазалығы сезілсе, табиғи материалдар мен ермексаздан қиюластырып жасалған бұйымдардан олардың балғын саусақтарының шеберлігі мен еңбекқорлығы айқын байқалды.
Шығармашылықтың лебі ескен бұл ғажайып алаңды арнайы аралаған Сарысу ауданының әкімі жас таланттардың маңдай тер, адал еңбегіне жоғары баға беріп, олардың өнерге деген лаулаған құлшынысын ерекше атап өтті.
Көрме алаңындағы әсерлі де көркем сәттерден соң, мерекелік шара аудандық орталық алаңда өзінің ең ресми әрі ең салтанатты бөліміне ойысты. Сән-салтанаты келіскен үлкен сахна төріне бір мезетте жайқалған гүлдей болып 60 оқушы шығып, мың бұралған қазақ биін орындағанда, алаңға жиналған мыңдаған халықтың ду қол шапалағы мен ыстық ықыласы көк аспанды жаңғыртты.
Бала – өмірдің гүлі, отбасының қуанышы ғана емес, мемлекетіміздің ертеңгі тұтқасы, егемен еліміздің берік іргетасы. Дәл осы ретте, Сарысу ауданының атын халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі ең беделді білім, өнер және спорт байқауларында асқақтатып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген дарынды бүлдіршіндерді ұлықтаудың сәті туды.
Мерекенің алғашқы ақжарма құттықтау сөз кезегі Сарысу ауданының әкімі Мамытов Сәкен Үмбетұлына берілді. Аудан басшысы Балаларды қорғау күнінің тарихи әрі әлеуметтік маңыздылығына кеңінен тоқталып, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп отырған ата-аналар мен ұлағатты ұстаздар қауымына зор алғыс білдірді. Осыдан кейін, Сәкен Үмбетұлы ауданның айнымас мақтанышына айналған бір топ дарынды оқушыларды Алғыс хатпен және арнайы бағалы сыйлықтармен салтанатты түрде марапаттады. Олардың қатарында айтулы жетістіктерімен дараланған жас таланттар бар.
Салтанатты шарадағы қуанышты сәт мұнымен ғана шектелмеді. Өнерімен өрге жүзіп, білімімен дараланған тағы бір топ белсенді бүлдіршіндерді аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов құттықтады.
Аудан әкімінің демеуші­лігімен алаң ортасында сиқырлы цирк әртістері өнер көрсетті. Алаңды күлкіге көмкерген сайқымазақтардың қызықты ойындары балаларды ғажайыптар әлеміне жетеледі!
Мерекелі шарада Әлімқұл Қарақат «До-ре-ми», «Еркем-ай», Елубек Алтынбек пен Берікқызы Кәусар «Балалық шақ», Айнұр мен қызы Балауса Сәкенқызы «Ана мен қызы», Жаңатас қалалық балалар Өнер мектебінің домбырашылар ансамблі «Балбырауын» күйі, Балалар-жасөспірімдер орталығының бүлдіршіндері орындаған хор-попуриі, дүйім жұртты тәнті қылды. Ал бишілер тобы «Диско», «Көбелек», «Қара жорға», «Айлин» би үйірмесінің «Ана мен қыз» билері әсерлілігімен жүректерді тағы бір баурап алды.
Мерекелік думан тек ән мен бимен шектеліп қалған жоқ! Орталық алаңның екінші қанатында нағыз адреналин тасыған спорттық арена бой көтеріп, халықты өзіне тартты. Аудандық спорт мектебінің ұйымдастыруымен өткен бұл алапат белдесулерде жасөспірімдер өздерінің темірдей төзімділігін, ептілігі мен бойындағы тасқынды күш-жігерін ортаға салды. Балақайларды жігерлендірген сайыс балалар арасында қызыққа айналған ләңгі тебуден басталып, артынша ауыр темірді ойыншықтай ойнатқан кір тасын көтеруден жас батырлардың айқасына ұласты. Ал алаңды айқай-шуға бөлеп, ең көп жанкүйер жинаған нағыз тартысты сәт-арқан тарту мен қол күресі болды! Сахнада тек ұлдар ғана емес, намысты қолдан бермейтін қыздар да белсенділік танытып, нағыз спорттық рух пен жеңіске деген жойқын талпыныс­ты көрсетті. Шыдамдылық пен күш сынасқан бұл тартыстардың қорытындысы бойынша оқ бойы озық шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы бағалы сыйлықтар мен жарқыраған медальдар салтанатты түрде табыс етілді.
Мерекелік ұлы думанның соңына қарай сахна төрiне қайта көтерілген Балалар-жасөспірімдер орталығының үйірме оқушылары бірлесіп, үлкен дайындықпен «Алғыс» хорын орындағанда, бүкіл алаң ұйып тыңдады.
«Бала – болашақтың шамшырағы» атты ауқымды да жасампаз мереке осылайша қаламызда үлкен қуанышпен, жарқын үміттермен және болашаққа деген нық сеніммен өз мәресіне жетті.

Аруна Сұлтанбекова, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің
2 – курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.