Бас иіп тағзым етеміз, Алаштың арыстарына!
Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді. Иә, зобалаң жылдары Қазақстанда 25 мың адам ату жазасына кесілді, халықтың 42 пайызы ашаршылықта қаза болды, миллионнан астам адам ел аумағынан көшіп кетті. Қазақ халқының мықты ұлдары, интеллигенция өкілдері құрбан болды. Лагерьлер, аштық пен депортация олардың өмірін күл талқан еткенімен, ерік-жігерін мұқата алмады.
Халқымыз тұлғалы азаматтарынан, зиялы қауым, мәдениет өкілдерінен, ірі қоғам қайраткерлерінен айырылды. Қазақтың көрнекті перзенттері-Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин және басқа да көптеген саңлақтарымыз «қызыл қырғынның» құрбандары болды. Боздақтар қатарында Сарысу топырағынан шыққан жерлестеріміз Әшір Бүркітбаев, Жанайдар Садуақасов, Бәкен Серікбаев, Дінмұхаммед Әділов сияқты ел ардақтылары да бар еді. Арыстарымыздың қанымен, аналарымыздың жасымен жазылған ол кезең тарихымызда өшпес дақ болып қалды. Олардың есімдерін есте сақтау, ұлықтау, аза тұту ұлтымыздың ұлы тұлғаларына көрсетілген үлкен құрмет! Көктемнің соңғы айы мамырдың 31-ші жұлдызы күллі қазақ елі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алады. Осы күні аудан тұрғындары жазықсыз жапа шеккен ата-бабаларымызды еске алу мақсатында «Даңқ» монументі жанында митингі өткізді. Митингіге аудандық мәслихат, еңбек ардагерлері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысты. Митингіге қатысушылар қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, белгітасқа гүл шоқтарын қойды.
Дәл осы күн азаттық алуға талпынған Алаш зиялыларын ардақтайын күн, халқымыз үшін тағылымы мол тарихи күн, бүкіл қазақ баласы көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн. Өлгенге иман, өткенге салауат тілейтін күн. Бұл күн, солақай содыр саясаттың құрбандарын бүкіл ел болып, еске алып, қадір тұтар күніміз. Аталған жылдарды еске алып, тарихымызға тәу етіп, бүгінгі арқалаған аманат пен ертеңгі келешектің мән-маңызын ұғыну әрбір отандасымыздың бас ты міндеті.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»