АУДАН ӘКІМІ С.МАМЫТОВТЫҢ 31 МАМЫР-САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН СӨЗІ

0

Құрметті аудан тұрғындары!
Қазақ халқының тарихына өшпес із салған қаралы сәттердің бірі саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні жыл сайын аталып өтіледі. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы бойынша 31 мамыр-саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бүгінде репрессия құрбандарының басым көпшілігі ақталғанымен, жан жарасы жазылған жоқ және жазылмақ та емес.
КСРО республикаларында репрессия 1928 жылдан басталды. Қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалды. Оларға «ұлтшыл» деген айып тағылды. Салдарынан Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа зиялылар ату жазасына кесілді. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың әйелдері де Ақмола облысында орналасқан «Алжир» лагерінде азапталды.
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.Биыл ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері етек-жеңімізді жиып, өткенімізді түгендеп, бүгінімізді жаңарту үстіндеміз. Ел үшін жанын құрбан еткен арыстарды бүгінгі ұрпағы ұлағатпен еске алып, өнеге-үлгі тұтып өсуде.
Жазықсыз жапа шеккен алаш арыстарының есімдері мен ерен ерліктері үздіксіз үнемі дәріптелетін болады. Өйткені, уақыт өткен сайын тарихта өшпес із қалдырып, ел үшін құрбан болған бабаларымыздың ерліктері мен мұралары болашақ ұрпақ үшін темірқазық іспетті болары анық.
1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданған болатын. Соның нәтижесінде жазықсыз жала жабылғандар ақталды. Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болған азаматтар тарихта өшпес із қалдырды. Қазақ үшін қайғы-қасіретті, тарих бетінде өз таңбасы қалған бұл жылдарды еш ұрпақ ұмытпақ емес.
Өткенге салауат айтып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын жадымызда сақтау-біздің қасиетті борышымыз. Сол замандағы қиын кезеңдер біздің бірлігімізді одан әрі бекемдеп, мәңгілікке сақталатын болады.
Қадірменді ағайын! «Толған ел тарихын таспен жазады» дегендей, кешегі зұлматты жылдардың жаңғырығы ешқашан ұмытылмайды. Тәуелсіздігіміз баянды болсын. Енді еліміз мұндай жағдайды бастан кешірмесін. Елдігіміз еңселі, бірлігіміз бекем болғай!

Leave A Reply

Your email address will not be published.