Мұражай-ұлт руханиятының айнасы
Мұражай — халқымыздың өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір, тарихтың үнсіз шежіресі. Әрбір жәдігер — ел тарихынан сыр шертетін асыл мұра, ұлт руханиятының айнасы.
Рухани мұрамызды ұлықтайтын ерекше мереке – Халықаралық мұражай күніне орай ауданымыздың қара шаңырағы Саудакент ауылындағы мәдениет үйінде «Көне жәдігер – ұлт мұрасы » атты мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков сөз сөйлеп, сала мамандарын аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапаттады.
«Саудакент» халық театры «Балауыз мүсіндер мұражайы» поэма желісімен жазылған театрландырылған көрініс қойды.
Саудакент ауылының өнерпаздары әуелете ән шырқап, мың бұрала би биледі.
Иә, ауданымызда Саудакент ауылындағы аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейі — аудан тарихын түгендеп, мәдени мұрамызды сақтап келе жатқан киелі шаңырақтардың бірі.
1978 жылы Сарысу ауданының 50 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған мұражай бүгінде аудан тарихының алтын қорына айналып отыр.
Қазіргі таңда мұражай қорында 6058 жәдігер сақталған. «Археология», «Ықылас Дүкенұлы», «Табиғат», «Этнография», «Мәдени ағарту және өнер» залдары келушілерге халқымыздың бай тарихы мен мәдениетін насихаттауда.
Тарихын құрметтеген елдің болашағы қашанда жарқын болмақ. Мұражай — халқымыздың рухани жады, ұлттық құндылықтарымыздың алтын ордасы.
Өткенімізді ұмытпай, мәдени мұрамызды көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа аманат ету — баршамыздың парызымыз.
Содан кейін «Жастар Ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Саудакент ауылындағы Т.Мақашев атындағы тарихи-өлкетану мұражайында «Тарих – сөйлейтін түн» тақырыбында танымдық-рухани кеш өтті.
Кешті Байқадам ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Төлмағамбетов ашып беріп, музейдің маңыздылығы мен артықшылығын тілге иек етіп, оның жастар мен ұрпақ тағдыры үшін алар орнын атап өтті.
Кеш Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйімен бастау алса, М.Тұрысбектің «Қазақстаным, алға!» әнімен жалғасып, ҰОС ардагерінің бейнесін сахналап, соғыс кезінде жазған естелік хаттары оқылды. Құрманғазының күйі «Адай», А.Жамалбек «Балбырауынды» орындады. Кеш жалғасы музейдің бөлмелерін тамашалаумен, саяхат жасаумен жалғасты. Әр бөлмеде «Құпия экспонаттар» жасырылып, келушілерге арнайы викториналық сұрақтар қойылып, естелік сыйлықтар табысталды.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»