Домбыра-ұлтымыздың жаны
Мерекелік бағдарлама аудандық орталық кітапхананың қызметкерлері ұйымдастырған тақырыптық көрмелер мен таныстырылым алаңдарының жұмысынан басталды. Келушілер қазақ халқының рухани мұрасымен, ұлттық дәстүрлерімен және күй өнерінің тарихымен танысты.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Н. Молдабеков аудан тұрғындарын Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, домбыраның қазақ халқының өміріндегі айрықша маңызын атап өтті.
-Биылғы мерекенің орны ерекше, тарихи мәні терең. Ұлттық домбыра күні мен Астана күнін еліміздің жаңа, халықтық Конституциясының заңды күшіне енуімен қатар атап өтіп отырмыз. Бұл – мемлекетіміздің құқықтық негіздері мен ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарының сабақтастығын айқындайтын, мемлекеттілігіміздің тұғырын нығайтатын маңызды кезең.
Қазақ халқы мен домбыра – егіз ұғым. Домбыра – қазақтың жаны, ұлттың үні, мемлекеттіліктің символы. Ол халқымыздың шежіресін, тарихы мен тағдырын, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан арман-мақсаттарын сақтап келеді. Осы баға жетпес мұраны көздің қарашығындай сақтап, оны жас ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз-, – деді.
Шарада аудандық орталық кітапхананың қызметкерлері кітап көрмесіне шолу жасады.
Жиында аудан өнерпаздары қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны жырға қосып, күйлерді күмбірлете орындаса, жезтаңдай әншілер әуелете ән шырқады.
Айта кетейік іс-шараның басты мақсаты жастарға ата-бабадан кәсіп болған дәстүрлі домбыраға қызығушылық сезімін оятып, өнер арқылы білімге терең бойлауға мүмкіндік тудыру. Сонымен қатар халқымыздың дәстүрін, салтын, мәдениетін, әдет-ғұрпын құрметтеуге тәрбиелеу, тарихи кітаптарды оқуға шақыру.
«Sarysý»-АҚПАРАТ