ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ-ЖАСТАР ИГІЛІГІ ҮШІН
Елімізде соңғы жылдары білім, спорт, денсаулық сақтау саласында ел игілігі үшін көптеген жаңашылдықтар мен оң өзгерістер жүзеге асып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша»,-деген болатын.
Сондай игі істердің бірі — Отан қорғаушылар күнінде аудан тұрғындары үшін, оның ішінде әсіресе, спортсүйер қауымның қуанышына орай, көптен күткен оқиға Дегерес елді мекеніндегі спорт кешенінің ашылуы орын алды.
Құрылысы бой көтергеннен-ақ, тұрғындар қуанышында шек болмады. Өйткені, аудан тұрғындары, оның ішінде балалар мен жастарымыз үшін заманауи спорт кешенінің салынуы салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортпен айналысуға кең жол ашады деп үміттенген болатын. Сол үміттері орындалған күн болды.
Спорт кешенінің ашылу салтанатына аудан әкімі мен орынбасарлары, мекеме басшылары мен спорт ардагерлері, жастар және де аудан тұрғындары қатысты.
Жаңа нысанның ашылуына қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт кешенінде талай мықты спортшылардың түлеп ұшуына тілектестігін білдіріп, спорттың өскелең ұрпақтың денсаулығы мен тұлғалық дамуына тигізер маңызын ерекше атап өтіп, жаңа спорт нысанының аудан жастарының жетістіктеріне жол ашатындығына сенім білдірді.
Мұнан соң бокстан КСРО чемпионаттарының екі дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы Серік Өмірбеков пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев та ізгі тілектерін арнады.
Жаңа спорт нысанының лентасын салтанатты жағдайда аудан әкімі Сәкен Мамытов, Азия чемпионы Серік Өмірбеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сахарап Қырғызбаев және спорт ардагері Тастан Шайхистамов қиды. Айта кетейік, бүгінде ауданда 18 мыңнан аса адам спортпен жүйелі шұғылданады. Сонымен қатар, аудандағы 226 спорттық нысандар қолжетімді.
Сарысулықтарды қуанышқа бөлеген аталмыш жаңа нысанның бой көтеруі келешек жастарымызды спортқа баулуда маңызы мен рөлі зор. Жаңа спорт кешені заманауи талапқа сай салынып, барлық жағдай жасалған. Келген қонақтар кешеннің ішін аралап көріп, алдына шырша отырғызды.