Еңбекке ерте араласқан ана

0

Бүгінгі күннің батыры кім десе, ойланбастан Ұлы Отан соғысының ардагерлері дер едік. Ел басына қара бұлт үйірілген қиын-қыстау заманда қолына қару алып, болашақ ұрпақ үшін қан майданда от кешкен арыстардың алдында мәңгілік қарыздармыз. Біз оларға қаншалықты қамқорлық көрсетсек те аздық ететіні белгілі. Ардагерлерді ардақтап, қарттарды құрметтеу – бүгінгі ұрпақтың басты парызы.
Қазіргі таңда ауданымызда Ұлы Отан соғысының ардагерлері болмаса да, тыл еңбеккерлері бар.
Досбол ауылында тыл және еңбек ардагері Хафизова Калия тұрады.
Қос ғасырдың куәгері еселі еңбек етіп, елдің алғысын арқалаған. Қара жұмысқа жегіліп, саналы ғұмырын бүгінгі толқынның болашағы үшін сарп еткен ардагермен тілдесіп қайттық.
Хафизова Калия 1942 жылы 1 қаңтарда Қарағанды облысы, Қаражал қаласында дүниеге келген. Қаражал қаласында бастауыш сынып мектебін бітіреді. Еңбек жолын 1962-1965 жылдары Байқадам туберкулездік ауруханасында лаборант болып бастаған. Зейнетке шыққанға дейін Түгіскен сов­хозында түрлі жұмыстар атқарады. Тыл еңбек ері. Елге елеулі әжеміз қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Қазіргі уақытта, ұрпақтары әр түрлі салада қызмет атқарып жүр.
1966 жылы отбасын құрып, 5 ұл-қыз, 21 немере, 16 шөбере, 3 шөпшек тәрбиелеп өсірді.
Қазір құрмет пен қошеметке бөленген ақ жаулықты әже бала кезінде тауқыметті көп көргенін мұңая еске алады. Тәрбиелеп өсірген 5 баласының әрқайсысы өз алдына отбасылы болып, ғұмыр кешіп жатыр.
Ақ жаулықты әже : -Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, жер-жерде қалыпқа келтіру жұмыстары басталғанда біз де ер азаматтармен барлық дерлік тірлікке араластық.Осы бейбіт күннің қадірін біліп, еңбектің жалауын жықпаңдар. Еңбек етсең бәрі болады. Ал жалқаулық атты дерттен жастарымыз аулақ жүрсін деймін. Біз сол заманда жұмыс талғамайтынбыз. Ал қазір оқу оқып, қалаған салаңа баруға болады ғой. Сол үшін бүгінгі ұрпақ бақытты,- дейді.
Ақ жаулықты Калия әже болса, балаларының ортасында немерелері мен шөберелерін құшырлана сүйіп, жастардың ғұмырында мұндай тауқымет болмасын деген тілекте. Ұлы жеңіске тыл еңбеккерлерінің де қосқан үлесі зор.
“Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді”. Бұл сөзді Бауыржан Момышұлының өзі айтқан. Сондықтан, майдан уақытында аянбай тер төккен ардагерлерімізді әрқашан құрметтеуіміз қажет. Ерліктері ұмытылмауы керек.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.