Сарысулық сұрмерген Сүлейменов

0

Республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Ақ жол» газеттерінде жарияланған көрнекті Мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Ұлы Отан соғысының даңқты сұрмергені Ыбырайым Сүлейменов туралы «Өшпес ерлік» атты маңызды мақаласы ойға ой салып, қолға қалам ұстатты.
Олай дейтінім, 2001 жылы қараша айында батырдың өзі туып- өскен Сарысу ауданы, Ұйым елді мекеніндегі орта мектепке Ыбырайым Сүлейменовтің есімі берілуіне арналған салтанатты шараға оны ұйымдастырушылардың бірі ретінде белсене қатысқанымды ризашылықпен еске аламын.
Тараз қаласында №37 Сүлейменов атындағы орта мектеп те бар. Оны айтасыз, Псков облысы, Невель қаласындағы бір көше Сүлейменов Ыбырайымның атымен аталады. Қала азат етілген бетте еңбекшілер депутаттары Невель қалалық Кеңесінің шешімімен Приамурская көшесі мен Трофяной бұрылысына Ыбырайым Сүлейменов пен Мәншүк Мәметова сынды қазақтың қос қыранының есімін берген екен.
Ыбырайым 1911 жылы Сарысу ауданында дүниеге келген. Соғысқа дейін «Қызыл күншығыс» ұжымшарында ұста болған. 1936 жылдан бастап сол кездегі аудан орталығы – Байқадамның іргетасын қалауға қатысады. Атап айтқанда аудандық атқару комитетінің үйі құрылысының бас ұстасы болады. Байқадам — Жамбыл тас жолын салуға қатысқан. 1939 жылы облыс орталығында тракторшылар курсын бітірген соң, Жамбыл МТС-інде тракторшы болып, осында қалып қойған. Ол МТС қазіргі орталық алаңда, яғни «Атшабар» алаңында болған екен. 1941 жылдың күзінде Жамбыл қаласынан әскерге шақырылып, Алматыға жөнелтілген. Онда 100-жеке атқыштар бригадасының құрамының 2-батальонында мергендікке шыныққан. Командирі капитан Ф.Ушаков, комиссары капитан Р.Ашкеев болған. Сол кездің өзінде Ф.Ушаков Ыбырайымның батырлығын танып: «Біздің Сүлейменовке ешкім тең келмейді. Отан соғысында қазақта Сүлейменовтен асқан мерген жоқ. Біздің Сүлейменов Кеңес Одағының батыры болады»,-депті.
Ұстаздан осындай баға алған Ыбырайым 1941–1942 жылдың қысында Мәскеу түбінде қорғаныс шебіне аттанады. Иір-қиыр жолдар… Сүлейменов сапында болған 100-бригада Калинин майданының құрамында Псков облысын азат етуге қатысады. Ондаған елді мекенді қан кешіп жүріп азат етеді. Приездово, Дроздово, Тройня, Плеханово және Молодой Туд деревнясы үшін болған жан алысып, жан беріскен шайқасқа қатысады. Осы ұрыста 79 фашисті жер жастандырғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Великие Луки түбіндегі шайқаста бір өзі 60 фашистің көзін жояды. Осы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» ордені беріледі. 239 фашистің көзін жойған сұрмергенге арналып, «Фронтовик» газетінің 1943 жылғы 10 наурыздағы саны жарық көреді. Осылайша Ыбырайымның батырлығы бүкіл майданға жария болды. Одан әрі қарай жылжыған батырлар Невель қаласы үшін шайқасады. Осы шайқаста немістің 42 әскерін о дүниеге аттандырады.
Осыдан кейін-ақ жерлесіміздің мергендік даңқы дүрілдей береді. 3 — ші екпінді армияның мергендер слетіне қатысқан оған 1943 жылдың басында М.И.Калинин мен армия генералы К.Н.Галицкий өз қолдарымен «Қызыл жұлдыз» ордені мен старшина әскери атағын тапсырады. Бұл туралы 1943 жылы 10 наурыз күнгі «Фронтовик» әскери газетінде толық жазылыпты. «Кіші Сталинград» аталған Великие Луки қаласы үшін болған шайқаста ол ерекше мергендігімен көзге түседі. 15 тәулікке созылған осы шайқаста ол көзін жойған фашистер саны 180 – ге жеткен екен. Бұл туралы сол бригадада соғысқан жазушы Әзілхан Нұршайықов 1977 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының 3 — ші нөмерінде толық жазды. Ал Ыбырайым Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған 1943 жылғы 15 — шілдеде ол қатардан шығарған жау саны 239 — ға жеткен еді. Жамбыл атамыз өзінің өлеңімен жазылған «Жүз жасаған жүректен» атты хатында Ыбырайым ерлігін тебірене жырлайды. Осы өлең «Социалистік Қазақстан» газетінде 1943 жылдың 30 мамырында жарияланыпты. 1943 жылы 15 қазан күні Невель қаласын жаудан азат ету кезінде Ыбырайым ерлікпен мерт болады. Тап сол күні, сол шайқаста қазақтың даңқты батыр қызы Мәншүк Мәметова да қаза тапқан еді. Ыбырайымның Батыр атағына ұсынылған 15 шілдеден ол қаза тапқан қазанның 15 — не дейінгі аралықта оның оғынан тағы да 42 жау солдаты жер жастанған екен. Сөйтіп ол көзін жойған жау саны бас — аяғы 281 — ге жеткен. Тап осы аралықта Калинин майданы Прибалтика майданы болып өзгеріп, 100 бригададан дивизия жасақталып, басқа майданға ауыстырылып жіберілді. Батыр атағына ұсынған ұсынысқа 3 — ші екпінді армияның қолбасшысы К.Н.Галицкий қол қойған. Ол құжаттар Мәскеуде қараусыз қалады. Тек, алты айдан кейін Мәлік Ғабдуллиннің ықпал етуімен Мәншүкке ғана Батыр атағы беріліпті. Қалған құжаттар кейін қаралып, Ыбырайым Сүлейменовке 1944 жылы 4 маусымда, яғни ұсыныстан бір жылдан аса уақыт өткен соң, өзі қайтыс болғаннан кейін сегізінші айда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Ленин ордені берілген.
Қашан да халық өз батырын ұмытпайды. Тараз қаласындағы үлкен көшенің бірі Ыбырайым Сүлейменовтің есімімен аталады. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында сол көшенің бойында атақты сұрмергеннің еңселі ескерткіші орнатылды. Ал, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев батыр Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағын берді.

Алдаберді МАҚАШЕВ, Тараз қаласы және Сарысу ауданының Құрметті ардагері

Leave A Reply

Your email address will not be published.