Еліңді қорға, ер ұлан
Халқымызда: «Ер — елдің ық жағындағы қаласы, жел жағындағы панасы» деген жақсы сөз бар. Әр ата-ана баласының нағыз азамат болғанын, тек өз отбасының емес, елдің қамын ойлайтын халықтың ұлы болғанын қалап, тілеп отырады. Ал әскер қатарына қосылып, Отан алдындағы борышын өтеу — азаматтық пен қайсарлықтың белгісі емес пе? Мұны елім, жерім деп тұрған, жүрегі Отан деп соғатын жастарымыздың түсінері анық. Ер бала – отбасының тірегі, елінің қорғаны. Мықты қорғаны болмаған елдің болашағы да бұлыңғыр. Ал намыс туын желбіретіп, мемлекеттің айбынын көтеретін ол – әскер. Ол елдің бетке ұстар айбары. Өрекпігеннің мысын басар қаруы. Халқының қорғаны, тәуелсіздіктің күзетшісі. Әскер – кеудесі от жүректі жастардан құралады. Ал біздің жастарымыз Отан қорғау ісіне дайын ба? Бұл жайында Жаңатас қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөліміне барып, әскерге шақыру жайлы және қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білу мақсатында Жаңатас қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім бастығы, подполковник Амангелді Уалиахметовпен сұхбаттасқан едік.
-Амангелді Елемесұлы, алдымен әскери адам ретінде әскер туралы айтып өтсеңіз.
-Әскер кез келген мемлекетке керек. Әскер болмаса, мемлекет те болмайды деген түсінік бар. Еліміздің заңына сәйкес, кез келген 18-27 жас аралығындағы денсаулығы жарайтын әр жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Қазіргі уақытта әскерге шақырылған азаматтарға көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, әскери борышын өтеп келіп, ұлттық бірыңғай тестілеусіз жоғары оқу орнына түсе алады. Әскерде өздерінің жауынгерлік дайындық пәндері бар, ал егер сарбаз осы пәндердің барлығын үздік оқыса, онда оған куәлік беріледі. Осы сертификат арқылы жоғары оқу орнына ҰБТ-сыз және тегін негізде оқи алады. Тағы айта кететін жайт, егер әскерде борышын өтеп жүрген жігіттердің несиелері болса, несиені бір жыл әскери борышын өтеп келгеннен кейін, 60 күн уақыт ішінде жұмысқа орналасқан соң төлеуге мүмкіндік берілген.
-Қорғаныс бөлімінің қызметі туралы және әскерге шақыру процесі қалай жүреді?
-Қорғаныс бөлімінің ең негізгі қызметі — әскерге шақырылушылармен жұмыс жасау. Бұрын алғашқы әскери дайындық оқытушылары мектеп оқушыларын әкеліп, жеке іс жасақтап, тексеріс жүргізетін. Ал қазіргі уақытта тек 18 жасқа толған соң немесе кейінге қалдыру уақыты біткеннен кейін шақырылып, медициналық тексерістен өтеді. Және шетелде оқитын жағдайда оқып жатқаны туралы анықтама әкеледі. Біз 1414 нөмірі арқылы шақырту хабарламасын жібереміз.
Заңда көрсетілген ең негізгісі — шақырылушының өз қолына берілетін шақыру. Шақырту қағазы қолына түскен жігіт 3 күн ішінде аудандық әскери бөлімге келуі міндетті. Егер осы уақыт аралығында ол келмесе, бұл оның қашып жүргенін білдіреді. Заңға сәйкес, біз келмеген адамдардың тізімін полиция бөліміне жібереміз. Заңда егер шақыру қағазын шақырушыға жеке тапсыру мүмкін болмаса, онда іс оны іздеу үшін Ішкі істер министрлігіне беріледі деп көрсетілген. Сондай-ақ келмей, әскерден қашқандарға әкімшілік айыппұлдар салынады.
-Қазіргі уақытта оқушылар және студенттермен жүргізілетін жұмыстар туралы білсек?
-Иә, біз әрқашан білім бөлімімен тығыз байланыста жұмыс жасап, оқушы, студенттермен кездесулер өткізіп тұрамыз. Кездесулер үгіт-насихат бағытында өтеді. Шараларға студенттерді және мектептің 9-11 сынып оқушыларын шақырамыз. Жиын барысында олар өздерін қызықтырған сұрақтарын қояды. Осындай кездесулерді тек қала бойынша емес, ауылдарға да барып, өткіземіз. Біздің бөлімге әскери оқу орындарына түскісі келетіндер де келеді.
-Аудандық әскери бөлім 2025 жылды қалай қорытындылады?
-Әрбір аймаққа міндетті түрде әскерге шақырылатындардың белгілі бір саны беріледі. Ал облыс әр ауданға бөліп береді. 2025 жылдың күзгі әскерге шақырту науқанында біз жоспар бойынша 85 адам шақыруға тиісті болдық. Ал біз әскерге 78 жігіт жібердік. Ал биыл көктемде 85 адам жіберу керек болып, біз 15 наурыздан 30 наурыз аралығында 8 жігітті әскерге аттандырдық. 2025 жыл жақсы жаңалықтарға толы болды. Айта кетерлігі, жігіттер бөлімге өз еріктерімен келді. Осы жылы барғысы келгендер көп болды. Бізге оларды іздеудің қажеті де болмады. Көбісі шақырту қолдарына түскен бойда өз беттерімен келді. Тек өзі ғана келмей, қасына достарын, таныстарын ертіп әкеліп, біз бірге әскерге барғымыз келеді деп айтқандар да болды. Олардың барлығы медициналық тексерістен өтсе, бір жерге әскери борыштарын өтеуге аттанады.
2026 жыл басталды. Алдағы жылдың көктемгі және күзгі шақырту науқандары да былтырғы жылдағыдай керемет нәтижемен
аяқталады деген үміттеміз.
-Медициналық тексеруден өтпеген әскерге шақырушылар саны нешеу? Жалпы әскерге шақыруға үміткерлердің денсаулық жағдайына қатысты негізгі себептер қандай?
-Қазіргі уақытта медициналық қарап тексеру қорытындысын шығаруға әлі ерте деп ойлаймын. Өйткені ол жұмыс әлі жалғасып жатыр. Іріктеудің негізігі өлшемшарты әскерге шақырушылардың денсаулық жағдайы болып қалады. Жағдайды түсіну үшін осы жылғы көктемгі әскерге шақыру нәтижелерінің статистикасына тоқталып өтейін. Көктемде 73-тен астам әскерге шақырушы медициналық қарап тексеруден өтті. Оның 10 пайыздан астамы әскери қызмет өткеруге жарамды болып танылса, 15 жігіт әскерге шақыру мерзімінде ем қабылдап жатқандықтан кейінге қалдырылды. Ал қалған 10 пайызы денсаулық жағдайы бойынша әскерге шақырылудан босатылды. Енді ем қабылдау үшін әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдыруды қажет ететін негізігі аурулар: ішқұрылыс аурулары, хирургиялық, неврологиялық, көз аурулары. Осындай аурулар көп. Оның бәрі қазіргі медициналық тексеру барысында анықталған.
— Жалпы әскерге шақыру науқаны мен әскерге шақыру комиссиясының жұмысында қандай жаңашылдықтар бар?
-Өткен әскерге шақыру барысымен салыстырғанда жаңалық енгізілген жоқ. Бұл ретте осы жылдың басынан бастап 2 жаңа қызмет көрсету түрі-бұлар әскерге шақыруды кейінге қалдыру және әскерге шақырудан босату мемлекеттік қызмет көрсету түрлері енгізілді. Қазір үйден шықпай, электрондық үкімет порталы арқылы өтініш білдірген әскерге шақырушыларға «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 35 және 36 баптарын негізге ала отырып, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату беріледі.
— Ата-аналарды қызықтыратын бір сұрақ бар, жылда қойылатын сұрақ. Қандай жағдайда әскерге шақыруды кейінге қалдырады?
-Қолданыстағы заңға сәйкес әскерге шақыруды кейінге қалдыру әскерге шақыру комиссияның шешімімен беріледі. Бұл ретте комиссияның төрағасы әкімнің орынбасары болып табылады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру отбасы жағдайы бойынша, білімін жалғастыру үшін, денсаулығы және басқа да себептер бойынша беріледі. Сонымен қатар әскерге шақырудан босату мен қатар әскерге шақыруды кейінге қалдыруда электрондық үкімет порталының «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасының ақпараттық жүйесі арқылы беріледі. Әскерге шақыру немесе оны кейінге қалдыру бөліміндегі сұрақтар бойынша кеңес беру үшін Қорғаныс министрлігінде жедел желі жұмыс істейді. Онда жауапты лауазымды адамдар түсініктеме береді және сіздерді толғандыратын барлық сұрақтарға жауап береді. Қорғаныс министрлігінің сайтында көрсетілген телефон нөмірлері бойынша хабарласып та кеңес алуға болады.
– Амангелді Елемесұлы, жаңа қызметке келгеніңізге де көп бола қойған жоқ. Көпшілік білетіндей, әскери қызметкердің еңбек жолы өңірлерге жиі ауысып тұратынымен белгілі. Өзіңізбен, өмір жолыңызбен кеңірек таныстырып өтсеңіз…
– Мен 1984 жылы 25 мамыр күні Солтүстік Қазақстан облысы, Ш.Уәлиханов ауданы, Қайрат ауылында дүниеге келгенмін. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін, Қарағанды Заң академиясын, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті «Заң ғылымдарының магистрі», «Қорғау» жұмылдыру курсын бітіргенмін. Қызметтерім жайлы айтар болсам, Шұғыл әскери қызметте, Көкшетау қаласының УДО жүргізушісі, Ақмола облысы, Атбасар қаласы ҚББ қорғаныс бөлімінде бөлім бастығының орынбасары-топ бастығы, жұмылдыру дайындығы тобының бастығы және Ақмола облысы, Сандықтау ауданының ОДО бастығы қызметтерін атқарғанмын. 2025 жылдың сәуір айынан бастап, Жаңатас қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім бастығы болып жұмыс істеудемін.
– Қазір көктемгі науқан. Әскерге шақыру жұмыстары қалай жүргізілуде? Ауданға қойылған талаптың нәтижесі қандай?
– Әскерге шақыру жұмысы – жергілікті атқару органдары көмегімен атқарылады. Дәрігер, медициналық жабдықтар, көлік, полиция қызметімен қамтамасыз етілген. Дәрігердің барлығы да-білікті сала маманы. Барлығы өз ісінің шебері. Қазіргі уақытта жергілікті атқару органдарының ұйымдастыруымен көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысы жалғасын табуда.
– Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге жастардың көзқарасы қандай? Әскерге баруға не кедергі?
– Әр бала әрқалай. Бір бөлігі-әскерге баруға қызығып, ниет білдірсе, екінші бөлігі-немқұрайлық танытып жатады. Әскерге құлқы жоқ жастармен учаскелік инспектор етене жұмыс істеуде. Үйіне барып, ата-аналарымен сұхбат жүргізіп, түсініктеме алуда. Жалтарғандардың дені әлеуметтік жағдай мен жұмыссыздықты алға тартады. Бірі-несиесі барын айтса, бірі-ата-анасына қарап отырғанын себеп қылады. Негізі балалардың әскерден жалтаруына басты себеп-жұмыссыздық. Күнкөріс қамымен де сыртта жүргені көп. Одан бөлек жалтарғандардың арасынан жауапкершіліктің жоқтығы да анық байқалады. Бүгінде «әскер» десе ат-тонын ала қашатындар жетерлік. Неге? Жасыратыны жоқ, қазір әлеуметтік желі мен телеарнадан түрлі жаңалықтар бірінен соң бірі тарап жатыр. Ал, ата-ана үшін әскер әлемі осынысымен қорқынышты болып тұр. Егер әскерге барудан жалтарған жағдайда оларды құқық қорғау органдарымен біріге отырып іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Алайда, қандай жағдай болмасын әскерге шақырылған уақытта міндетті түрде келуі тиіс. Заң бәріне ортақ. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексі бойынша азаматтың «мен әскерге бармаймын, азаматтық борышымды өтемеймін» деген арызы түссе, 387-бап бабына 1-ші, 2-ші тармақтарына сәйкес шара қолданылады. Өз уақытында келмеген жағдайда әкімшілік кодекс бойынша 647, 648, 649 баптарға сәйкес айыппұл салынады.
– Әскерге шақырудан қандай азаматтардың кейінге қалуға мүмкіндігі бар?
-Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы №561 Заңының 35-бабы мынадай себептермен беріледі. Отбасы жағдайы бойынша, денсаулық, оқуды әрі қарай жалғастыру, басқа да себептермен кейінге қалдыра алады. Әйтсе де әр себеп құжаттармен расталу тиіс.
– Қазіргі жастың психологиялық, моральдық деңгейі қандай? Бұл әскерге баруға қаншалықты әсер етеді?
– Жастардың психологиялық-моральдық деңгейі төмен болғандықтан, әскер қатарына баруға кері әсерін тигізіп жатады. Ондай азаматтармен психолог мамандары жұмыс жүргізіп жатыр.
– Жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша қандай шаралар ұйымдастырылуда?
-Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру-мемлекеттің өміршеңдігіне әсер ететін негізгі рухани тірегі бола отырып, қоғамның дамуына, азаматтың адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына, жастардың әскери іске қызығушылығын арттыруға негіздейтін маңызды бағыттардың бірі болып табылады.
Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз тәуелсіз еліміздің айбынды жастарына әрқашан зор үміт артамыз, сенеміз. Қазақстанның әрбір жетістігі-жас өрендердің алаңсыз, жарқын келешегі үшін жасалған қадам. Бүгінде біздің елімізге барша әлем қауымдастығы құрметпен қарайды. Мемлекетіміз қарқынды дамуда. Еліміздің абыройын арттыру сіздердің Отан алдындағы қастерлі борыштарыңыз болып табылады».
Осы орайда аудан әкімдігі мен білім бөлімінің бекітілген жоспары бойынша мектептер мен колледждерде оқушылар мен студенттер арасында кездеулер өткізіліп, онда видеороликтер көрсетілді. Сонымен қатар, мектептерде «Мен елімнің ертеңімін» тақырыбы бойынша эссе жазу байқауы, ауған соғысы және ардагерлермен кездесулер, дөңгелек үстелдер, шеберлік сағаттар, сондай-ақ әлеуметтік желілерде пікір мен өзара ой алмасулар өткізілуде.
-Жастарымызға әскери мамандық иесі атану үшін қандай кеңес берер едіңіз?
— Жастарымызға әскери мамандық иесі атану үшін жоғары әскери білім беретін оқу орындарында әртүрлі мамандықпен білім алуы қажет. Сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өтеген соң, сол әскери бөлімде келісімшартпен қызмет етуге болады. Мерзімді әскери қызмет өткерген соң, Қазақстан Республикасының барлық жоғары оқу орындарына әскери кафедраға грант негізінде білім алуына мүмкіндік бар.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Камели Сүлейменова, «Sarysý»