«Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады
Кітап – ақылына ақы сұрамайтын ұстаз» дейміз. Қай кезеңде де кітаптың орны бөлек. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы да «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Кітапхана оқырманға қолжетімді болу қажет» деп, кітапхана саласына баса көңіл аударып келеді.
Қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Оқитын ұлт» бағдарламасы аясында бірқатар ауқымды іс-шаралар да іске асырылды. Ал биыл екінші жыл «Ұлттық кітап күні» мерекесі атап өтілуде. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Кітапханашылар күні» кәсіби мерекесін «Ұлттық кітап күнімен» бірге 23 сәуірге белгіледі. Мерекелердің осылайша бір күнде атап өтілуі оның маңызын арттырып қана қоймай, кітапханалардың қоғамдағы орны ерекше екенін айқындайды.
Халқымыз әр ғасырда-ақ ел даналары мен замана тұлғаларының өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған ұлағатты және тәрбиесі мол өнегелі сөздерін кітаптан алған. Кітаптың – рухани қазына аталуы да сондықтан.
Осыған орай аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде «Кітап әлеміне қош келдіңіз!» атты кеш өтті.
2026 жылғы мерейтой иелеріне және «Бір ел-бір кітап» акциясына, Ұлттық құндылықтармен түрлі кітапханалар жобасына арналған безендірілген көрмелер және инсталляциялар, қызықты ойындар таныстырылды.
Көрменің мақсаты-оқырмандарды кітап оқуға баулу, білімді қоғам қалыптастыру болып табылады. Оқырмандар шара барысында өздері оқыған кітаптарынан үзінділермен бөлісті.
Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Н. Молдабеков құттықтау сөз сөйледі.
-Құрметті кітапхана қызметкерлері мен сала ардагерлері! Сіздерді 23 сәуір – Ұлттық кітап күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Кітап — өткен мен болашақты жалғайтын алтын көпір. Бүгін — кітаптың мерекесі, барша оқырманның қуанышы. Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына» деп бекер айтпағаны белгілі. Бұл ретте Президентіміз Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында: «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар — білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды», — деген болатын.
Бүгінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері оқырмандар санын арттыруда белсенді жұмыс жасауда. Ауданда 26 кітапхана мен 21 цифрландырылған орталық бар. Кітапханалар жүйесінде 117 қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ, көзі көрмейтін зағип жандардың кітап қорын өз игіліктеріне пайдалану үшін «Зағип және көзі әлсіз көретін азаматтарға» арналған бөлімі, сонымен қатар кітапхана жұмыстарын автоматтандыру, оқырмандарға қызмет көрсету, кітап қорын өңдеу және толықтыру, ақпараттық – библиография, кітапхана ісін дамыту бөлімдері жұмыс атқарады. Жолдауларды насихаттау, оқырмандар конференциясы, дөңгелек үстелдер, кездесулер кеші, сұрақ — жауаптар кеші, әдеби — музыкалық кештер, танымдық сағаттары, кітап көрмелері, пресс стол, әдеби круиз, әдеби бейне, өлең баттл, естелік сағат, библиошар, шығармашылық кеш, толеранттылық кеші, достық қонақ алаңы, этнографиялық калейдоскоп, өзекті диалог сынды іс — шараларды ұйымдастыруда кітапхана ұжымының еңбегі зор, -деп, бірқатар сала мамандарын аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.
Одан кейін аудандық мәслихат аппаратының басшысы Б. Жұмағұлов құттықтау сөз сөйлеп, кітапханашыларға аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хатын тапсырды.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмахановамен жолығып, сұхбаттасқанымызда аудандық кітапхананың атқарылған жұмыстарына кеңінен тоқталды.
-Ауданда 1 аудандық орталық кітапхана, 3 қалалық, 22 ауылдық, барлығы 26 кітапхана филиалдары оқырмандарға қызмет көрсетуде.
Ауданымызда көзі көрмейтін зағип жандардың кітап қорын өз игіліктеріне пайдалану үшін «Зағип және көзі әлсіз көретін азаматтарға» арналған бөлімі, сонымен қатар кітапхана жұмыстарын автоматтандыру, оқырмандарға қызмет көрсету, кітап қорын өңдеу және толықтыру, ақпараттық –библиография, кітапхана ісін дамыту бөлімдері жұмыс атқарады.
Кітапхана ісі мамандарының жасақталуы бойынша: орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жұмыс атқаратын қызметкерлер саны –117, оның ішінде — 63 кітапхана қызметкері болса, әкімшілік қызметкер-6, шаруашылық қызметкерлері-48.
Жоғары білімді қызметкерлер саны – 39, оның ішінде сала бойынша-31. Арнаулы орта – 14, оның ішінде сала бойынша-17.
Бүгінгі күні кітап қорының жалпы саны – 457743 дана, мемлекеттік тілде – 259970 дана, жаңа түскен әдебиеттер саны – 278 дана, мемлекеттік тілде — 266 дана, кітап берілімі – 109350 дана, мемлекеттік тілде- 85595, оқырман саны- 7560 адам, келім саны -48650 адам.Кітапханалар «КАБИС» бағдарламасымен жұмыс атқарады. Енгізілген дерекқор -443690 дана, оның ішінде-13862 мерзімді басылымдар. Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 3 айлық есептік кезеңде 497 іс-шара өткізді, оның ішінде ауылдық жерде 278, бұл оқырмандар конференциясы, дөңгелек үстелдер, кездесулер кеші, сұрақ-жауаптар кеші, әдеби-музыкалық кештер, танымдық сағаттары, кітап көрмелері, пресс стол, әдеби круиз, әдеби бейне, өлең баттл, естелік сағат, библиошар, шығармашылық кеш, толеранттылық кеші, достық қонақ алаңы, этнографиялық калейдоскоп, өзекті диалог, және т.б. Мәдени көпшілік іс-шараларға қатысқандардың саны- 5376 адам, оның ішінде ауылдық жерде 2840 адам, лүпіл 1970, пікір 274, қаралым 1970. Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 27 қызығушылық клубтар жұмыс істейді.
Сарысу аудандық орталық кітапханада 2018 жылы 3 цифрландырылған ақпараттық орталық ашылды. Олар: Жайылма, Әшір Бүркітбаев ауылдық кітапхана филиалы және аудандық орталық кітапхана, 1 «Коворкинг» білім орталығы ашылды. Аудандық орталық кітапханада 2019 жылдың наурыз айында 12 «Цифрландырылған ақпараттық орталық» ашылды: Саудакент, Тоғызкент, Шағалалы, Өндіріс, Игілік, Ұ.Сыздықбайұлы, Жаңаталап, Үшбас, Досбол, Ұйым, Шығанақ, Жайлаукөл, 2020 жылы Әбілда, Арыстанды, Ақтоғай, Қызылдихан, Маятас, Қамқалы ауылдық кітапхана филиалдарында ашылды. 2021 жылы 2 «Коворкинг» орталығы ашылды. (Саудакент, Өндіріс ауылдық кітапханаларында) Мұнда пайдаланушылар интернетке қосылған компьютер арқылы тегін интернет желісіне шығу мүмкіндігі, WI-FI желісі арқылы қызмет цифрландырылған жүйеде көрсетіледі және бөгетсіз жұмыс істеуге қолайлы. Бір мезгілде бірнеше пайдаланушылар жұмыс жасай алады.
Ауыл тұрғындары жол жүрмей-ақ, өздерінің Халыққа қызмет көрсету орталығынан ашқан жеке кілтімен кез келген компьютерге отырып e.gov.kz электрондық үкімет порталы арқылы электрондық анықтамалар алады, олар: мекен-жай анықтамасы; жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтама; жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар тауралы анықтама; сотталғандықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама; балалардың жөргек пұлына құжаттар өткізу; зейнетақы қорының жинағын бақылау жұмыстары кез келген тұрғынға қолжетімді. Кітапханалар жүйесі бойынша барлық кітапханалар компьютермен қамтамасыз етіліп, интернет жүйесіне қосылып, телефон қондырылған.
Бүгінгі таңда кітапханаларда барлығы 118 компьютер бар. Принтер -97. 23 телефон нүктесі бар. Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жеке электрондық поштасы жұмыс істейді. Сол сияқты 26 кітапханалардың электрондық поштасы бар, -деп алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Иә, руханиятымыздың алтын қазығы болған кітаппен бірге сусындай берейік. Кітапты жастана оқитын оқырмандардың саны арта берсін.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»