Техникалық шығармашылық орталығында
Өткен аптада Техникалық шығармашылық орталығында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында және жастехниктер мен өнертапқыштардың (әуе, авто, кеме модельдерінің және қолөнер бұйымдарын жасау бойынша) өз ой туындылары бойынша жасаған «Өнерлі қол-бақытқа жол» атты шығармашылық көрмесі өткізілді.
Іс-шараны ашқан аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Қалықбергенұлы іс-шараға қатысқан барлық оқушылар мен жетекшілеріне бұдан да үлкен техникалық шығармашылық экспонаттарды жасап, жоғары биіктерден көрінулеріне тілегін білдірді.
2025–2026 оқу жылы жемісті болды, үйірме оқушылары биік белестерді бағындырып, республикалық, облыстық байқауларда бақ сынап, жас таланттарымыз жеңіс тұғырынан көрініп, мәртебемізді көтерді. Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды ұйымдастыратын облыстық орталықтың ұйымдастыруымен өткен «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты облыстық инновациялық идеялар байқауында үйірме оқушылары өздерінің техникалық жобаларын ұсынып, түрлі номинациялар бойынша жүлделі орындарға ие болды. Атап айтар болсақ автокөліктің қолданыстағы модельдерін әзірлеу саласындағы техникалық құрастыру номинациясы бойынша Сыздық Бекжан «Жол таңдамайтын электрокөлік» жобасымен және Тәңірберген Төлеген «Электрокартинг» жобасымен ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал Абдуайт Ислам «Электромобиль» жобасын ұсынып, ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. «Өндіріс саласындағы техникалық құрастыру» номинациясы бойынша Тұрар Асылай «Өрнек тоқитын құрылғы» жобасымен І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал Мамыр Тоғжан «Ши тоқитын станок», Сержанұлы Ерасыл «Электрлі құм елегіш», Әлімбек Нұрбек «Жем және шөп турағыш», сондай-ақ Болат Нұрасыл «Веложаттықпа» жобаларын ұсынып, ІІІ дәрежелі дипломдарға ие болып, «Ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары саласындағы техникалық құрастыру» номинациясы бойынша Оразәлі Манас «Шағын трактор» жобасымен І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, Бейбіт Алинұр «Жүк тиегіш» жобасымен ІІ дәрежелі дипломға, ал Мұхтар Сұлтан «Тыңайтқыш шашатын машина» жобасымен ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. «Су көлігі саласындағы техникалық құрастыру» номинациясы бойынша Амангелді Бекарыс «Ғ-2-А» кеме үлгісі жобасымен ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал Мұхаммеджан Сеңгірбек «Катерный тральщик 361т» және Жомарт Нұрали «Яхта» жобаларын ұсынып, ІІІ дәрежелі дипломдарға ие болды. Авиация саласындағы модельдеу және Космонавтика және аэрокосмос техникасы саласындығы жобалар номинациясы бойынша «ТШО зымыранын» құрастырып Батырбай Ықылас үлгісімен І дәрежелі, Ербосын Бақдәулет «Кордалы жарты көшірмелі ұшақ» үлгісімен ІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, ал Әмзебек Альмира «Тікұшақ» үлгісін жасап, ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. Құрылыс саласындағы модельдер номинациясы бойынша Дидарқызы Інжу «Спорт кешені» жобасымен І дәрежелі дипломмен марапатталса, сонымен қатар, Тәңірберген Айсұлу «ТШО макеті» және Тұрған Әсем «Автодром макеті» жобаларын ұсынып, ІІІ дәрежелі дипломдарға қол жеткізді. «Үздік рационализаторлық ұсыныс» номинациясы бойынша Үсен Ержігіт «Шағын биогаз қондырғысы» жобасымен ІІ дәрежелі дипломмен, ал Кеңесбек Ерсұлтан «Жел генераторы» жобасын ұсынып, ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың ұйымдастыруымен жаңа жыл мерекесінің қарсаңында өткен «Жаңа жылдық қиял» номинациясы бойынша Абжаппар Ұлназ «Жаңа жылдық костюм» жобасын ұсынып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Есеп беру техникалық шығармашылық көрмесі арнайы жасалған бағдарлама бойынша өткізіліп, көрме барысында арнайы шақырылған ардагерлерге, ата-аналарға, оқушылардың өз ой туындылары бойынша жасаған шығармашылық жұмыстары таныстырылды. Көрме соңында үйірме оқушыларына ауданымыздың құрметті қариялары Жанат ағай мен Жеңісбек ағай ақ баталарын берді.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»