Әр көшет-ел ертеңіне егілген үміт
Өткен сенбі күні қалалық орталық саябақта Қазақстан жастарын еңбекке баулып, патриоттық рух пен экологиялық мәдениетті нығайтуды көздейтін «Жасыл ел» бағдарламасы аясындағы жастар еңбек жасағының кезекті маусымы салтанатты түрде ашылды. Жаз мезгілінде қала жастары туған өлкені көркейтіп, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына белсене араласу арқылы қоғамға пайдалы еңбекке жұмылдырылады.
Аталған жобаның негізгі мақсаты-NEET санатындағы, яғни оқымайтын және жұмыс істемейтін жастардың қатарын азайту, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау, жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау, табиғатқа қамқорлық танытып, туған еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды мақсат еткен «Жасыл ел» жобасы ауданда 22 жылдан бері өтіп келеді.
Бұл-ең табысты және ауқымды әлеуметтік жоба, жастарды еңбекке баулудың өте маңызды құралы. Жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, өздерін туған жердің иесі ретінде сезінуге жетелейді.
Іс-шара Қазақстан Республикасының әнұранымен басталды. Ашылу салтанатына аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, еңбек жасақшыларын құттықтады.
-Құрметті жас достар!
Сіздерді еңбек сүйгіш жастардың алаңына айналған – «Жасыл ел» еңбек жасағы маусымының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Жастар-елдің ертеңі, ұлттың үміті. Мемлекетіміздің жаңа дәуірдегі даму жолында, саяси-экономикалық және рухани өрлеуінде жастар қауымының алар орны ерекше. Егемен еліміздің болашағы-білімді, белсенді, ұлтжанды жастардың қолында.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастар саясатына айрықша назар аударып отыр. Мемлекет басшысы «Жаңа адамдар» жастар форумында: Қазақстанның жастары-жасампаз. Олардан тың идеялар, игі бастамалар шығады. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында,-деп жастарға ақ жол тілеген.
Бүгінгі таңда Сарысу ауданында 14 пен 35 жас аралығында 12 мыңнан астам жас бар. Аудандағы Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда «Жастар ресурстық орталығы» жастармен жұмыс жасауда басым бағыттарды іске асыруда.
Аудан жастары қоғамдық саяси науқандарға үн қосып, әркез белсенділік танытып келеді. Үстіміздегі жылдың 15 наурызында өткен жалпыхалықтық референдум кезінде үгіт- насихат жұмыстарын жүргізуде, таратпа материалдарын жапсыру, тарату жұмыстарында ерекше атсалысты. Бұл — жастардың қоғам назарынан тыс қалмайтындығының айқын көрінісі. Болашағы жарқын, көздегені көк аспан жастардан күтеріміз мол.
Жастарды еңбекке баулитын «Жасыл ел»-2005 жылы құрылған, жастарды экологиялық мәдениетке тәрбиелейтін және абаттандыру жұмыстарына тартатын республикалық еңбек жасағы болып табылады. Аталмыш жобаның негізгі мақсаты-қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және еңбекке ынталандыру. Маусымдық жұмыс барысында жауынгерлер ағаш отырғызу, саябақтарды тазалау, гүлзарларды күту, экологиялық акцияларға қатысу жұмыстарын жүргізетін болады. Жұмыссыз жастарға арналған маусымдық «Жасыл ел» еңбек жасағы аясында 50 жауынгер жұмыспен қамтылады.
Қадірменді жас достар!
Жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашу-біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінгі сәт-сіздер үшін аса маңызды сәт. Армандарыңыз асқақ, мақсаттарыңыз айқын болсын!
Сіздерге мықты денсаулық, тың идеялар мен жарқын жобалар, биік белестер мен толағай табыстар тілеймін!-деп, еліміз үшін маңызды оқиға саналған жалпыхалықтық референдумға белсене атсалысқан бірқатар жастарға Алғыс хаттарды табыстады.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің орынбасары Диханбай Ақділда, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мадина Прімбек, аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек сөз сөйлеп, ел келешегі болған жастарға ақ батасын берсе, Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Ұйымдастыру және бақылау» бөлімінің басшысы Назерке Айнабекова «Ақ тілегім еліме» әнін тамылжыта шырқады.
Іс-шара соңында қалалық орталық саябаққа шыршалар отырғызылды.
Сол күні Түркістан ауылдық округіне қарасты «Көсегенің көк жонында» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жобасындағы «Мөлдір бұлақ» республикалық акциясы аясында игі шара өтті.
Тазалыққа бастама болған шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық ардагерлер кеңесінің, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, этнос өкілдері мен жастар қатысты. Келушілер алдымен «Қамыр әулиеге» зиярат етіп, құран бағыштады. Аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы сөз сөйлеп, табиғатты аялауға бағытталған игі шараның маңыздылығына тоқталды. Акция барысында қатысушылар тал отырғызып, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»