Тал егу жұмыстары жүргізілді

0

«Істің басы – ниет». Ниет болса, тақыр жерді де гүлдендіруге болады деген қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу — маңызды игі істердің бірі. Барша жұртты жұмылдыратын тал егу жұмысы арқылы балалардың табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыру парыз.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Әйтеке би атындағы орта мектепте ауқымды тал егу жұмыстары жүргізілді.
Аталған акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Сонымен қатар, экологиялық акция аясында тал егу жұмыстарымен қатар тазалық шаралары да кең көлемде ұйымдастырылды. Мектеп директоры, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар бірлесіп, мектеп ауласын тазалап, өз үлестерін қосты.
Бұл іс-шараның мақсаты – табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және таза, жасыл қоршаған ортаға деген жауапкершілікті жастарға көрсету.
Ата-бабадан мирас болып келе жатқан тал егу дәстүрі аймағымызда қайта жаңғырды. Айналамызды жасыл желекпен көмкеру бастамасына мұрындық болған ұйымдастырушылар мұндай шаралар жас ұрпаққа үлкен өнеге дейді.
Көктем басталғалы тал егу акциялары ауданымыздың барлық елді мекендерінде белсенді жүргізілуде. Аймағымыздың көркеюіне қандай да бір үлесін қосуға ниетті кез-келген азамат өз ауласына қалаған талын отырғыза алады.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.