САРЫСУДАҒЫ СЕНБІЛІК СЕРПІНІ

0

Табиғатты аялау-адамзаттың азаматтық ғана емес, перзенттік парызы. Бүгінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны таза ұстау мәселесі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының біріне айналды. Осы ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде кең қанат жайған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы құр ұран емес, ұлттық болмысымызды жаңғыртқан игі істердің бастауы болды. Осы ауқымды қозғалыстың толқыны Сарысу ауданына да жетіп, өңірде бұрын-соңды болмаған серпіліс туғызды. Туған өлкенің тазалығы мен гүлденуіне бейжай қарамайтын, экологиялық тазалықты жүрек қалауы деп білетін жүздеген аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен ерікті жастар бұл күні бір кісідей жұмылып, нағыз еңбек пен ынтымақтың, береке мен бірліктің үлгісін көрсетті.

Шараның дәл 5 маусым-Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орайластырылуының өңіріміз үшін мән-маңызы өте зор. Бұл жай ғана күнтізбедегі атаулы күн емес, адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті арттыруға бағытталған маңызды белес.
Аталған шараларда өскелең ұрпаққа табиғатты аялау, туған жердің әрбір бұтағы мен өзенін көздің қарашығындай сақтау, қоршаған ортаға құрметпен қарау тақырыптары кеңінен насихатталып, жас буынның санасына сіңірілді.
Дәл осы тұста шеңбер ортасына шыққан аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков жиналған барша қатысушыларға, аптап ыстыққа қарамастан белсенділік танытқан ерікті жастар мен мекеме қызметкерлеріне өзінің шынайы ризашылығын білдірді. Ол өз сөзінде туған өлкенің әрбір тасы мен бұтағын аялау, қоршаған ортаны таза ұстау – тек міндет қана емес, осы топырақта өсіп-өнген әрбір азаматтың қасиетті перзенттік парызы екенін айтты.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген бабалар аманатын арқалаған әрбір ұжым, әрбір тұрғын арасында нағыз бауырмалдық пен өзара ынтымақтастық көпірі орнады. Бұл күні Сарысу аспанында тек еңбектің дүбірі ғана емес, бірліктің үні асқақтады.
Жалпыұлттық бастама аясында ұйым­дастырылған бұл тазалық акциясына Сарысу ауданының барлық тыныс-тіршілігін қамтитын мемлекеттік және жекеменшік сектор өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік саланың қызметкерлері түгелге жуық жұмылды. Аудандық маңызы бар мекемелер мен іргелі кәсіпорындар бұл күні тек өздеріне бекітілген мекеме маңын ғана тазалап қоймай, қаланың ортақ қоғамдық орындарын, демалыс аймақтары мен көшелерін де қамтып, кең ауқымды жұмыс жүргізді.
Бұл жолғы ауқымды сенбіліктің негізгі бағыттары қала ішіндегі орталық саябақтар мен гүлзарлардан бастау алып, қала маңындағы ең маңызды әрі қасиетті табиғи нысан – «Ақбұлақ» аумағына дейін ұласты.
Әсіресе, емхананың қызметкерлері мен ерікті жастар «Ақбұлақ» маңындағы мөлдір су көздерінің айналасын көп жылдар бойы жиналып қалған тұрмыстық қалдықтардан, қураған шөптер мен кедергі келтірген жабайы бұталардан толықтай тазартты. Олар бұлақтың көзін ашып, айналасын қоршаған ортаға лайықты көрік берді.
Игі шараның басы-қасында болып, жұмыс барысын тікелей бақылап, үйлестіріп жүрген аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков бізге берген арнайы сұхбатында бұл акцияның маңыздылығы мен алдағы ауқымды жоспарлары туралы кеңінен мәлімдеді. Бұл қозғалыстың бір күндік науқан емес, жүйелі жұмыс екенін айтты:
«Бүгінгі таңда ауданымызда қоршаған ортаға бейжай қарамайтын аудан жұртшылығы бір мезетте жұмылдырылып, қала аумағындағы ең негізгі деген 4 ірі нысанда тазалық жұмыстары жоғары ұйымдасқан деңгейде өткізілді. Мұндағы мақсат тек қоқыс жинау емес, қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру. Жұртшылықтың бұл белсенділігі — Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған „Таза Қазақстан“ жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында атқарылып жатқан ауқымды істердің заңды жалғасы, өңіріміздегі үлкен бетбұрыстың бір парасы ғана»,- деді.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары бұл бағыттағы тазалық шаралары мен абаттандыру жұмыстарының алдағы уақытта да тоқтаусыз жалғасатынын, тіпті ауқымы кеңейе түсетінін жеткізді.
«Таза болса табиғат – аман болар адамзат» демекші, өз үйімізді, өз ауламызды, өз өлкемізді таза ұстау – әрбір саналы азаматтың қасиетті міндеті мен перзенттік парызы!

Аруна СҰЛТАНБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2 – курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.