Қала тазалығы баршаға ортақ

0

Көктем басталысымен ауданда көктемгі екі айлық тазалық жұмыстары ұйымшылдықпен жүргізілген болатын. Тазалық жұмыстары барысында аудан әкімдігінің барлық мекеме ұжымдары талдарды, шыршаларды отырғызып, өздеріне белгіленген жерлерді тазалап, сонымен қатар, арықтардың іштерін қоқыстан тазартып, бордюрлер, талдардың түптері әктелген еді.

Осы екі ай көлемінде «Тал отырғызу», «Көшет» акциялары ұйымдастырылып, аудандық аурухананың алаңына, «Ұстаздар аллеясына», «Ақ бұлақ» шипа суының басына талдар мен шыршалар отырғызылды.
Ал, қазіргі таңда ауа райының аптап ыстығына қарамай әр жұма сайын аудан әкімдігінің мекемелері, мектеп және балабақша ұжымдары, «Сарысу» медиа орталығы өздеріне белгіленген орындар мен өз мекемелерінің айналасын қоқыстан тазартуда.
Әдеттегідей тазалық жұмыстарының жүргізілу барысын білу мақсатында қаланы аралап көрген болатынбыз. Тазалық жұмыстарына 217 адам қатысты. 2,1 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 210 метр арық тазаланған.
Дегенмен, «әттегенай» дейтін өкініш өзегімізді өртейді. Қаламыздың таза болғаны, әдемі болғаны өзімізге жақсы емес пе? Осыны кейбір тұрғындар, жастар түсіне алмай келеді. Дәлел ретінде айта кетсек, арықтарда қоқыс тастайтын жерге жетпей жатқан қара, сары пакеттерге салынған, тұрғын үйлерден шыққан қоқыстар, түнімен қаланы қыдырып, бей-берекет шашылған шемішке қалдықтары мен баклашкалар, балмұздақтың қағаздары. Бұл қисынсыз әрекеттердің бәрі өзгенің емес, өз қолымызбен жасалып жатыр. Шындығына келгенде, тазалық әр адамның өзі үшін және отбасы үшін керек екені белгілі. Аула таза болса, қала таза болады. Оны бәрі біледі және мойындайды. Дейтұрғанмен, сөзі мен ісі қабыспайтын тұрғындардың бұл ісі қазіргі таңда қала келбетін қашырып-ақ тұр.
Барлығымыз ауданымызды, қаламызды көркейтуге үлесімізді қосып келеміз.
Тазалық жұмыстарына да өз үлесімізді қосып, қаланы таза ұстайық, көркіне көрік қосайық.

Камели Сүлейменова, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.