Тазалық-табалдырықтан басталады
Халық даналығында «Тазалық оны сақтаған жерде болады» деген нақыл сөз бар. Расында да қоршаған ортаға деген құрмет айналаны таза ұстаудан басталады. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» акциясы қолға алынып, жүйелі жүзеге асуда. Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында да бұл мәселеге айрықша тоқталды.
«Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама.
«Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет.
Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек.
«Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті.
Аймақ басшысы шаруашылықпен ғана айналыспайды. Әкім қоғамдық, рухани мәселелерді әрдайым назарда ұстауға тиіс. Әрбір басшы елмен етене жұмыс істеуі керек, тұрғындармен сенімді байланыс орнатуы қажет. Сонда жұрт та оның бастамаларын қолдайды, ел үшін пайдалы іске жұмыла кіріседі. Әкімнің абырой-беделі дегеніміз де – осы»,– деді Президент Жолдауда.
Бүгінде Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытовтың басшылығымен аймақта санитарлық тазалық, абаттандыру, көріктендіру, көгеріштендіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, аудан орталығы Жаңатас қаласында оң өзгерістер анық байқалады. Кеншілер шаһарының көшелері көз тартарлықтай кейіпке еніп, мұнтаздай тазалығымен ерекшеленуде. Сонымен қатар заман талабына сай салынып жатқан жаңа нысандардың да эстетикалық келбеті қаланың сәнін кіргізіп, сәулетін арттыруда. Мұның бәрі де нақты жұмыстың нәтижесі екендігі сөзсіз.
Бағамдап қарасақ, экологиялық мәдениетті қалыптастыру – баршаға ортақ міндет. Тазалықты сақтауға жергілікті атқарушы органдар мен уәкілетті ұйымдар ғана емес, тұтастай көпшілік жауапты болуы тиіс. Сонда ғана атқарылып жатқан жұмыстар лайықты жалғасын табады. Мұны айтып отырған себебіміз, кейде тұрғынүйлердің кіреберісінде тұрған тұрмыстық қалдықтарды көргенде көңілге кірбің ұялайды. Қол созым жердегі қоқыс контейнеріне барып адам баласына тән әрекетін жасаса дейсің. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген сөз осындайда айтылса керек. Әйтпесе, өзінің туған қаласына, өсіп-өніп отырған мекеніне осылай қастық қылуға бола ма?
Тағы бір мәселе, отбасылық тәрбиеге байланысты. Кейбір ата-аналар қоқыс төгуге балаларын жұмсайды. Баланың аты– бала. Жас жеткіншектердің көбі ойынның қызығына кіріп, қоқысты діттеген жеріне дейін жеткізбейді. Соның салдарынан ол төгіліп, шашылып жатады. Жел тұста айналаны тегіс ластайды. Бұл да салғырттықтың бір көрінісі. Сондықтан да кішкентай жеткіншектерді жұмсамас бұрын жақсылап ескерткен абзал. Қоқысты контейнердің ішіне салу керек. Сонда ғана аумақ жинақы әрі таза болады.
Жалпы, тазалық мәселесі аудан басшылығының жіті бақылауында. Жуырда ғана аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен қалалық әкімшілік ғимаратында қала тазалығы мәселесіне арналған маңызды жиын өткені белгілі.
Басқосуға аудан әкімінің орынбасары, қала әкімі аппаратының ұжымы, тазалық мекемесінің қызметкерлері, ішкі саясат бөлімі, жастар ресурстық орталығы, медиа орталығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының және тұрғын үй бөлімінің жетекшілері, мәслихат депутаты Б. Балғабай, полиция басшысының орынбасары Аслан Жақыпбеков, сондай-ақ Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж. Орымбаев қатысты.
Жиын барысында қаланың санитарлық жағдайын жақсарту, көшелер мен аулалардың тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару және абаттандыру жұмыстарын жүйелеу мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, тұрғындармен кері байланысты күшейту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында нақты тапсырмалар берілді.
Аудан әкімі жауапты мекемелерге қала тазалығын тұрақты бақылауда ұстап, әр аумақта жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды. Қала тазалығы – баршаға ортақ міндет екені атап өтіліп, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатыны жеткізілді.
Тазалықты сақтау әр адамның өзінен басталады. Қоқысты кез келген жерге тастамау, табиғатты ластамау, ағаш отырғызу және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – экологияны қорғаудың қарапайым жолдары. Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптап жинау және қайта өңдеуге беру табиғатты қорғауға үлкен үлес қосады.
Таза қоршаған орта – дені сау ұлттың кепілі. Егер әр адам табиғатты аялауды өз міндеті деп санаса, аймақтың экологиялық жағдайы жақсарып, келешек ұрпаққа таза әрі көркем табиғат қалдыра аламыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қоршаған ортаның тазалығы – баршаға ортақ жауапкершілік. Табиғатты қорғау арқылы біз өз денсаулығымызды, болашағымызды және туған жеріміздің көркеюін қамтамасыз етеміз.
«Sarysý» АҚПАРАТ