Қосымша білім беру – оқушы дамуының басты тірегі

0

Сарысу ауданы білім бөлімінің әдіскері Куленова Гүлмира Тұрсынбайқызы

Қазіргі қоғамда білім беру жүйесі тек мектеп қабырғасымен шектелмей, жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыруды көздейді. Осы тұрғыда қосымша білім беру мекемелері ерекше маңызға ие. Олар балалар мен жасөспірімдердің қабілеттерін ашуға, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Қосымша білім беру мекемелері – бұл негізгі білім беруді толықтыратын, оқушылардың қызығушылықтары мен бейімділіктеріне сәйкес білім мен дағды беретін ұйымдар. Оларға өнер мектептері, спорт секциялары, ғылыми-техникалық үйірмелер, тіл курстары және түрлі шығармашылық орталықтар жатады.
Бұл мекемелердің басты ерекшелігі – еркін таңдау мүмкіндігі. Оқушылар өз қызығушылығына қарай бағытты таңдап, өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады. Мысалы, бір оқушы музыкаға қызықса, екіншісі робот техникасы немесе сурет салумен айналысуы мүмкін. Осы арқылы әр баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасалады.
Қосымша білім беру ұйымдарының тағы бір маңызды қыры – олардың тәрбиелік мәні. Мұнда балалар тек білім алып қана қоймай, ұжымда жұмыс істеуді, жауапкершілікті сезінуді, уақытты тиімді пайдалануды үйренеді. Бұл дағдылар олардың болашақ өмірінде үлкен рөл атқарады.
Сонымен қатар, мұндай мекемелер дарынды балаларды анықтауға және оларды қолдауға мүмкіндік береді. Түрлі байқаулар мен жарыстар арқылы оқушылар өз қабілеттерін көрсетіп, жетістіктерге жете алады. Бұл олардың өзіне деген сенімін арттырады.
Қосымша білім беру ұйымдары дарынды балаларды анықтауға және оларды қолдауға мүмкіндік береді. Оқушылар өз қабілеттерін көрсетіп, түрлі халықаралық, республикалық байқаулар мен жарыстарда аудан намысын абыроймен қорғап жүр. Бұл олардың өзіне деген сенімін арттырады.
Мәселен, «Балауса жұлдыздары» халықаралық өнер байқауында Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің “Ықылас Дүкенұлы” атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, Бас жүлде мен 150 000 теңге сертификатын жеңіп алды. Ал «Күй – құдіретті әуез. Ортақ әуен – ортақ үн» атты республикалық байқауда осы мектептің домбыра, баян және қобыз сыныбының оқушылары жүлделі орындарға ие болды.
Тараз қаласында өткен Х республикалық «Жарық жұлдыз» байқауында Ы.Дүкенұлы атындағы балалар саз мектебінің «Өрлеу» ансамблі Бас жүлдені иеленді. Ал республикалық TURAN FEST өнер байқауында Игілік ауылдық балалар өнер мектебінің «Наркескен» домбырашылар ансамблі І-орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, осы байқауда домбыра аспабы бойынша орта топта Тілеуқара Естай Бас жүлдеге ие болды.
Жаңатас қалалық аула клубының оқушылары да жоғары нәтижелер көрсетті. Қолөнер бағыты бойынша Қайрат Нұрасыл, ал бейнелеу өнері бойынша Еркін Тамерлан Бас жүлдені жеңіп алды.
Тараз қаласында өткен «BE STAR / Жұлдыз бол» VIII республикалық өнер байқауында Жайылма ауылдық балалар өнер мектебінің оқушылары Кенжебек Нұрсұлтан мен Әбдіқадыр Санжар Бас жүлдеге ие болып, халықаралық байқауға жолдама алды. Сонымен қатар, Балалар шығармашылық орталығының оқушысы Бисенбек Жанель хореография номинациясы бойынша Бас жүлдені жеңіп алды.
Техникалық бағытта да жетістіктер аз емес. Техникалық шығармашылық орталығының оқушысы Оразәлі Манас Жарасұлы «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты республикалық инновациялық идеялар байқауында ІІ-орынға ие болды.
Балалар- жасөспірімдер орталығының оқушылары облыстық «Терең тарихтан- жарқын болашаққа» сурет байқауында Бақытова Аруна бас жүлде, «Жырлайды жүрек» атты шығармашылық байқаудың облыстық кезеңіне қатысып, өз өнерін жоғары деңгейде көрсеткені үшін Жолдыбай Нұрбігүл ІІ-орынмен марапатталды.
Спорт саласында да аудан оқушылары жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Арыстанды орта мектебінің оқушысы Алиева Гүлнар Жамбыл облысы чемпионатында І-орын алып, Үндістанда өткен Азия чемпионатында және Дубай қаласында өткен Азия кубогінде де жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, Елдосқызы Қарлығаш ересектер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатында және Дели қаласында өткен Азия чемпионатында І-орын иеленді.
Сарысу ауданындағы қосымша білім беру ұйымдары оқушылардың шығармашылық, спорттық және зияткерлік қабілеттерін дамытуда үлкен рөл атқарып отыр. Бұл жетістіктер – ұстаздар еңбегінің, оқушылар талпынысының және жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Қорытындылай келе, қосымша білім беру мекемелері – тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды әлеуметтік институт. Олар оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың болашақ мамандығын таңдауға да бағыт береді. Сондықтан бұл саланы дамыту – қоғамның бас­ты міндеттерінің бірі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.