Алғыс арқалаған азамат
Жаңаталап — ауданымыздағы бірлігі жарасқан, еңбекпен ерлеп шаруалары шалқыған, бақ береке, ырыс дәулеті тасыған алтын бесік ауылдарымыздың бірі. Ақ таңы арайлап атып, шуақты күні шырайланып батып, кер маралдай керілген ауыл жыл жылжыған сайын көркейіп, гүлденіп келеді. Ауылдың ажарлана түсіп, құлпыра түсуіне туған жер перзенттері, атқа мінген кәсіпкер азаматтар өз үлестерін қосып жатыр. Сондай туған жерге туын тігіп жүрген атымтай жомарт, кең жүректі абзал азаматтың бірі Ишанқұлов Қожаиұрат десек артық айтқандық болмас еді. Дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, пұры тасысын» деп бекер айтпаса керек. Жақсының жақсылығын айту үшін алдымен тарихқа таңба салып, белгі қалдырған өткен күндерге ой жүгірткеніміз жөн болар.
Асқаралы 67 жастың асуына сергек қадам басқан Қожамұрат ел басына күн туған Ұлы Отан соғысының отты жылдарында дұшпанға найзасын кезеген майдангердің ұлы. Асқар тау әкесі Ишанқұлов Қожамқұл ағамыз төрт жылға созылған қиян-кескі, жан алып, жан беріскен алапат соғысқа толық қатысып, елге жеңіс туын желбіретіп оралған екен. Аспаны ашық, шуағын шашқан бейбіт күндерде жемісті еңбек етіп, соңында өшпес із қалдырып кетіпті. Өз басым Қожамқұл ағаны көрмесем де Ұлболған апаны көзіміз көрді. Толық денелі, ақсары жүзінен мейірім шуағы шашылған, аузын ашса жүрегі көрінген ақкөңіл, ашық жарқын жан еді. Талай мәрте бір дастарханда дәмдес-тұздас боп, тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырған салихалы, өнегелі әңгімесін тыңдадық. Ұлболған апа алты ұл, алты қызға әлемнің жарығын сыйлаған алтын құрсақты «Батыр ана» болатын.
Ұлболған апа құдай қосқа қосағы Қожамқұл аға дүниеден өткен соң терең ой үстінде жүріпті. Ел-жұртына қадірлі болған қариясының жылдық асы өткен соң ұл-қыздарының басын қосып, ақыл салыпты.
-Айналайын, ұл-қыздарым, Әйтеке би бабаларың «Батыр болсаң дұшпанға найзаң тисін, Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деп өсиет қалдырған екен. Әкелерің қырғын соғысқа қатысып, дұшпанға найзасын тигізді. Шүкір, тәубе бәріңнің де отбасы, тұрмыс жағдайларың жақсы. «Біреуден ілгері, біреуден кейін» дегендей үлкен өмірдің ұлы көшіне ілесіп келесіңдер. Енді сендер де халыққа пайдаларыңды тигізіңдер. Ауылда бос тұрған үйлер бар деп естимін. Соның бірін жөндеуден өткізіп, мешіт етіңдер. Халықтың алғысын аласыңдар,-дейді.
Сауапты іске бастамашыл болған ардақты ананың ақылын ұл-қыздары құп көреді. Үлкен ұлы Қожамұрат бастап, бауырлары қоштап іске кіріседі. Бос тұрған мемлекеттік нысан үйінің құжаттарын реттеп, құрылыс жұмыстарын қызу қолға алады. Жөндеу жұмыстары сапалы аяқталған соң ауыл тұрғындарының қатысумен мешіт үйінің ашылу рәсімі өтеді. Осы өткен іс-шараға орай журналист Әлсейіт Әлменовтың аудандық «Сарысу» газетінің 2000 жылғы 2 желтоқсандағы санында «Ишанқұлұлы Қожамқұлдың есімі Жаңаталап мештіне берілді» деген тақырыпта мақаласы шыққан екен. Автор бұл мақаласында Байқадам ауылдық округі әкімінің орынбасары Серік Нұрмаханов, зейнеткер Тәжібай Станбеков, ауыл биі Төлен Аюбеков, Саудакенттегі «Майлыбай» мешітінің имамы Сәкен Әбдіралин, «Қожамқұл ата» мешіиінің имамы Ғабит Кәрімбеков, Жаңаталаптың бұрынғы тұрғыны Мұхамедия Жолдасовтардың сөз сөйлегендерін, олардың Ұлболған апа мен ұл-қыздарына айтқан алғыстарын жазыпты. Сонымен қатар бір отбасы ұрпақтарының жасаған жақсылықтары, атқарған абыройлы істеріне орай мешітке Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Ишанқұлұлы Қожамқұлдың есімін беруді қызу қолдағаны баспасөз бетінде жария болыпты.
Атқан оқтай, шапқан аттай зымыран уақытта тоқтау болған емес. Ғасырлар тоғысып, арада алты жылдан астам уақыт өткен соң Ұлболған апа тағы да терең ойға беріліпті. Ұядағы ұлдары мен қиядағы қыздарының басын қосып ақыл айтуды жөн көреді.
-«Көз қорқақ, қол батыр» деген. Қолдарыңнан келетінін әрі жағдайларың жақсы болған соң айтып отырмын. Енді ауылға жаңа мешіт салыңдар. Алланың нұры жауады,-дейді.
Қазақ халқында тағлымды тәмсіл «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген қанатты сөз бар. Алтын құрсақты ананың даналықпен айтқан ақылынан соң ұл-қыздары әке көріп оқ жонып, шеше көріп тон пішіп жүргендерін іс жүзінде делелдейді. Іргетасы қаланған мешіт алты ай ішінде бой көтеріп, құрылыс жұмыстары толық аяқталады. Мешіт үйі жұмыстарының қарқынды жүргізіліп, сапалы аяқталуына Салтанаттың жұбайы, күйеу бала Нұрланның қосқан үлесі көп болады. Жаңа мешіттің ашылу рәсімі өтеді. Жарқын істің жанашыры болған әулет ұрпақтары мештті «Жаңаталап ауыл мешіті» деп атауға ұйғарым жасайды. Ауыл тұрғындарының ақ тілекті алғыстарында шек болмайды. Одан бері де арада 18 жыл өткінші жауындай, көзді ашып жұмғандай өте шығыпты.
Ет жүрегі елім деп лүпіл қаққан жеке кәсіпкер Ишанқұлов Қожамұрат өз қаражатымен өткен жыдың соңғы айында мешіт ішін жаңа үлгіде толық күрделі жөндеуден өткізіп, еденіне қымбат бағалы кілем төсетіпті. Ауыл тұрғыны, бүгінде «Майлыбай» мешітінің имамы Ғабит Кәрімбеков:
-«Ауыл аралас, қой қоралас» демекші Қожамұрат ағамен бір ауылда бірге тұрамыз. Бұл ағамызды еңбек етіп, жақсылық жасау үшін жаралған жан десем артық айтқандық бомас еді. Ұлболған апаның көзтірісінде ұйымдастыруымен ұл-қыздары 1998 жылы бос тұрған нысан үйін күрделі жөндеуден өткізіп, мешіт еткенде ең алғашқы имамы мен болдым. Одан кейін жаңа мешіт құрылысын жүргізген ұйымшыл бауырларына бас-көз боп, зыр жүгіріп Қожамұрат ағамыз жүрді. Енді міне, мешіт ішін тағы да қомақты қаражат жұмсап, әрлеу жұмысын жүргізіп, ауыл халқының алғысын алып отыр. Менің ойымша халықтан алғыс алғаннан артық бақыт жоқ болар,-дейді мақтаныш сезіммен.
Ауылдастарының ақ тілекті алғысын арқалаған кейіпкеріміз Ишанқұлов Қожамұрат өмір және еңбек жолдары жайлы қысқа-нұсқа былай дейді.
-1959 жылы 13 наурызда жарық дүние есігін ашыппын. Балалық шағым туып өскен Жаңаталап ауылында өтті. 1976 жылы Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектепті тамамдадым. 1979 жылы Красногорск совхоз техникумын тамамдаған соң «Байқадам» кеңшарында механик боп еңбек жолымды бастадым. 1980-1982 жылдар аралығында отан алдындағы әскери борышымды өтеп келген соң кеңшарда еңбек жолымды қайта жалғастырдым. 1991 жылдан жеке кәсіпкерлікпен айналыстым. Зейнет демалысына шыққан 2023 жылға дейін жеке иеліктегі «Газель» автокөлігіммен аудан орталығы Жаңатас қаласына ауыл тұрғындарын тасымалдадым. Өскелең уақыт талабына сай 2004 жылы «Қожамқұл ата» шаруа қожалығын аштым. Төрт түлік мал өсірдім. Егістік, жайылымдық жерлеріміз, ауыл халқына сауда қызметін көрсететін «Нұр-2» атты сауда дүкеніміз бар. Лизингке қуатты «Беларусь» тракторын да алдым. Ірі қара малдарынан сүт өндіріп, мал бордақылаумен де айналысамыз.
Қара қазан, бала-шаға нәсібін кәсіптен, бақытын еңбектен тапқан Қожамұрат шаңырағы шаттықты, берекелі жанұяның бәйтерегі. Құдай қосқан қосағы Шардарбекова Зейнеп екеуі үш ұл, бір қызды үкілеп өсіріп, мақсаттарына жеткізді. Бүгінде ұя мен қияға қонған ұл-қыздарынан 15 немере сүйген бақытты ата мен әже атанды. «Адал еңбекпен мал іздемек-арлы адамның ісі» деп хакім Абай айтқандай ақ адал маңдай терлі еңбегімен төрт түлік мал өсіріп, қолы да, жолы да ашық, атымтай жомарт, ауылдастарының алғысын арқалаған Қожамұрат қария жайлы бір үзік сырымыз осындай.
Темірлан Әбілдаев, ардагер журналист