Тазалық басты назарда
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бүгінде бұл шараға ерікті жастар мен белсенді студенттер ғана емес түрлі мекеме қызметкерлері мен ғалымдар да атсалысуда. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы ауданда әсіресе ауылдық округтерде белсенді ұйымдастырылуда.
Саудакент ауылындағы орталық саябақта аталмыш акция бойынша тазалық жұмыстары жүргізілді. Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков:
-Тазалық – игі істің бастауы, табиғатқа деген жанашырлықтың жарқын үлгісі. Бүгінгі іс-шараның мақсаты – табиғатты аялау, жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту және туған жердің көркеюіне үлес қосу.
Біздің мақсатымыз – экологиялық жауапкершілікті әр азаматтың күнделікті әдетіне айналдыру. «Таза бейсенбі» – қоғамды ортақ игілікке жұмылдыратын аса маңызды акция. Осындай жүйелі іс-шаралар арқылы біз елді мекендеріміздің санитарлық ахуалын жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаға деген жаңа көзқарас қалыптастырамыз.
Ағаш егудің мағынасы терең. Ағаш егу — жай ғана жұмыс емес, бұл — болашақ ұрпаққа деген қамқорлық. Жалпы, Президентіміздің “Таза Қазақстан” бастамасы — бүкіл елді біріктірген игі іс. Қазір бұл бастама еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асып жатыр. Шын мәнінде, бұл бір күндік науқан емес. Бұл — біздің еліміздің болашағына деген өз көзқарасымыз. Бұл — келер ұрпақ алдындағы аманатымыз, бәрімізді жұмылдыратын ортақ іс. Бүгін мұнда салалық кәсіподақ өкілдері жиналды. Бұл — балалар жүрген жердің гүлденуіне, болашақта үлкен саябаққа айналуына үлес қосу деген ниет. Бұл бастама ұрпақтар сабақтастығының, экологияға деген қамқорлықтың және балалар болашағына қосылған үлкен үлестің белгісі боларына сенімдімін, -деп тазалық шарасының маңызын жеткізді. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Диханбай Ақділда, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Арқабай Төлмағанбетов, кеңес мүшесі Сейітқадыр Әбдіхалықов та сөз сөйлеп, ізгілікке бастар тазалық шарасында ауыл тұрғындарын белсенділікке шақырды. Тазалық жұмыстары барысында саябақ іші күл-қоқыстан тазаланып, талдар әктелді. Акцияға сондай-ақ, ауыл тұрғындары мен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері де бірлікпен қатысты.
Қолдарында сыпырғы, күрек пен балта. Техника да тынымсыз жұмыс үстінде. Саудакент ауылында ұйымдастырылған Таза Қазақстан акциясы кең көлемде өтті. Мемлекеттік қызметшілер, еріктілер мен жергілікті тұрғындар атсалысып, аула сыпырып, қураған бұтақтарды кесіп, қоқысты шығарды. Бұл тек тазалық емес, бұл экологиялық мәдениетті арттырудың нақты үлгісі.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аудан көлемінде жандана түсті. Барлық ауылда тұрғындар, түрлі ұйым өкілдері мен белсенділер сенбілікке шығып, өз аумақтарын ретке келтірді. Кей жерлерде өзен мен көл маңайы қоқыстан тазартылса, басқа аймақтарда көшет отырғызылып, жасыл желек жаңарды. Аулалар сыпырылып, арық-атыздар тазартылып, жол жиегі мен саябақтар абаттандырылды.
Иә, қоқыстың ретсіз шашылуы-тек қана эстетикалық жағынан жағымсыз көрініс емес, сонымен қатар қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіреді. Желмен ұшқан пластик пакеттер, сынған бөтелкелер мен басқа да тұрмыстық қалдықтар қала келбетін бұзып қана қоймай, экожүйеге кері әсерін тигізеді. Аулада немесе көше бойында шіріп жатқан қалдықтар түрлі аурулардың таралуына себепші болуы мүмкін. Табиғатымыздың тазалығын сақтау- өзімізге жасаған жақсылық.
Ауданымыздың тазалығы тек әкімдікке немесе коммуналдық қызметтерге ғана байланысты емес. Әрбір тұрғын өз ауласын, көшесін таза ұстаса, қоқысты арнайы жәшіктерге ғана тастаса, біздің ауданымыз әлдеқайда көрікті әрі жайлы болар еді.
Сонымен қатар, жергілікті билік пен еріктілер тобы ауданның тазалығын жақсарту мақсатында түрлі сенбіліктер ұйымдастырып келеді. Дегенмен, ең бастысы-әр адам тазалықты сақтауға өз үлесін қосуы керек. Табиғатымыздың көркін сақтау-болашақ ұрпаққа қалдырар ең асыл мұра.
Тазалық мәдениетін қалыптастыру-ортақ жауапкершілік. Балаларымызға үлгі болу үшін, өзіміз тазалықты сақтай білуіміз керек. Егер сіз көшеде немесе қоғамдық орындарда біреудің қоқыс тастағанын көрсеңіз, оларға сыпайы түрде ескерту жасаңыз.
Баршамыз бірігіп, туған қаламыздың тазалығын сақтауға атсалысайық! Сарысу ауданы-біздің ортақ үйіміз, оны таза ұстау-әрқайсымыздың міндетіміз.
Сәулет Есқара, «Sarysý»