Тазалықты сақтау- Басты парызымыз
Сенбіліктің қоғамның назарын аудан көшелерінің тазалығын сақтауға аударып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор. Аудан көлемінде екі айлық санитарлық тазалық жұмыстары жүруде.
Осыған сәйкес, ауданда орналасқан барлық мекемелер мен бөлімдер өздеріне бекітілген көшелерді тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Сенбілік нәтижесінде жол жиектері және арық жүйелері қатты қалдықтардан, арам шөптерден тазартылып, арнайы техникалардың көмегімен бірнеше тоннаға қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар қаланы көріктендіру, көгеріштендіру жұмыстары атқарылды. Саябақ, скверлерге, арнайы бекітілген аймақтарға түрлі ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде көп жылдық талдар мен сәндік ағаштары, жеміс ағаштары бар.
Иә, қай кезде де болмасын ең бірінші өз ортаңа тазалықпен қарау адамдықтың басты қасиеті екендігі белгілі. Аталмыш шараның аудан тазалығын сақтауда ғана емес, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуда да алар үлесі зор.
Қала тазалығы – әрбір тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігінің айнасы. Өкінішке қарай, соңғы уақытта қала көшелерінде және шағын аудандарда бей-берекет тасталған қоқыс, қаланың экологиялық жағдайына немқұрайлы қарау мәселесі жиі кездесуде. Қазіргі таңда қала бойынша қоқыс төгетін жәшіктер қойылған. Бірақ, соған қарамастан, кейбір тұрғындар тұрмыстық және басқа да қалдықтарды арнайы орындарға емес, көшеге, жол жиегіне, саябақтарға немесе аулаларға, су ағатын арықтардың ішіне, талдың түбіне тастауды әдетке айналдырған.
Қоқыстың ретсіз шашылуы – тек қана эстетикалық жағынан жағымсыз көрініс емес, сонымен қатар қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіреді. Желмен ұшқан пластик пакеттер, сынған бөтелкелер мен басқа да тұрмыстық қалдықтар қала келбетін бұзып қана қоймай, экожүйеге кері әсерін тигізеді. Аулада немесе көше бойында шіріп жатқан қалдықтар түрлі аурулардың таралуына себепші болуы мүмкін. Табиғатымыздың тазалығын сақтау – өзімізге жасаған жақсылық.
Қала тазалығы тек әкімдікке немесе коммуналдық қызметтерге ғана байланысты емес. Әрбір тұрғын өз ауласын, көшесін таза ұстаса, қоқысты арнайы жәшіктерге ғана тастаса, біздің ауданымыз әлдеқайда көрікті әрі жайлы болар еді.
Сонымен қатар, жергілікті билік пен еріктілер тобы қаланың тазалығын жақсарту мақсатында түрлі сенбіліктер ұйымдастырып келеді. Дегенмен, ең бастысы – әр адам тазалықты сақтауға өз үлесін қосуы керек. Табиғатымыздың көркін сақтау – болашақ ұрпаққа қалдырар ең асыл мұра.
Тазалық мәдениетін қалыптастыру – ортақ жауапкершілік. Балаларымызға үлгі болу үшін, өзіміз тазалықты сақтай білуіміз керек. Егер сіз көшеде немесе қоғамдық орындарда біреудің қоқыс тастағанын көрсеңіз, оларға сыпайы түрде ескерту жасаңыз.
Баршамыз бірігіп, туған қаламыздың тазалығын сақтауға атсалысайық! Жаңатас – біздің ортақ үйіміз, оны таза ұстау – әрқайсымыздың міндетіміз.
С. ЕСҚАРА, «Sarysý»