Құт қонған Сарысу жерінде ұлыстың ұлы күні тойланды

0

Наурыз – халқымыздың ежелден тойлап келе жатқан көктем мерекесі, жыл басы. Бұл – табиғаттың жаңаруымен қатар, адамдардың да бір-біріне ізгі тілек айтып, татуласатын, бауырмалдық пен бірлікті дәріптейтін ерекше мейрам.

Құт қонған Сарысу жерінде Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтіліп, қарт Қаратаудың баурайы ән мен жырға бөленді. Аудан орталығында ақ шаңқай киіз үйлер тігіліп, қазақи нақыштағы көріністердің самалы есіп тұрды.
Ең әуелі аудан әкімі С.Мамытов бастаған зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері аудан әкімдігі ғимаратының жанына «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұранмен шырша екті.
Орталық алаңда жиналған адам қарасы көп болды. Ұлттық дәстүр мен өнерді қамтыған мазмұнды бағдарламалар дайындалған. Киіз үйлер аумағында қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, жаңадан дүниеге келген нәрестеге ат қою, бесікке салу, байлау, бау тағар, көрісу, қымыз мұрындық, ұршық фест, бауырсақ фест, балаларға базарлық, тұсаукесер салттарынан көріністер қойылды.
Сондай-ақ, гір тасын көтеру, асық ату, қазақша күресте балуандар боз кілемде күрессе, қол күресінен және өзге де ұлттық спорт түрлерінен ойындар өткізілді. Келушілер қазақ халқының бай мәдениетімен танысты. Ұлттық тағамдар көрмесі арқылы салт-дәстүріміз дәріптелді.
Наурыз мерекесі одан әрмен концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйледі:
-Барша аудан жұртшылығы мен тұрғындарын, ел ертеңі жастарды әз-Наурыз – Ұлыстың ұлы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Ел Тәуелсіздігінің арайлы таңы атқан күннен бастап – атадан балаға мирас болған әз-Наурыз мерекесінің тұяғы босап, тынысы ашылды, ұрпағымен қауышып, сағынған халқына қуаныш сыйлады. Өйткені, төл мерекеміз Наурыз – еңбек пен тәрбиенің, өнер мен мәдениеттің, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлеріміздің мерекесі!
Қазіргі таңда халқымыздың рухани өмір төрінен орын алған осынау төл мерекеміздің маңызы мен мәртебесі артып, жаңғырып келеді. Бүтін елімізде Наурыз мерекесін он күн бойы тойлаудың жаңа тұжырымдамасы берік орын алды.
Қазіргі таңда әз-Наурыз мерекесі ару Алтайдан әсем Алатауға, қазыналы Қаратаудан қарт Каспийге дейін созылып жатқан байтақ еліміздің дамуы мен өркендеуіне тірек болып отырған ел бірлігінің жарқын үлгісіне айналды.
Осы мерейлі мереке күндері көпұлтты халқымыз бір-біріне жақсылық пен бақыт, бейбітшілік пен ынтымақ тілеп, мейірім мен ізгілікке жол берген. Біз бүгінде осы қастерлі мерекені еліміздегі өзара татулық пен келісімнің орнықты жағдайында қарсы алып отырмыз.
Жақын күнде жалпыхалықтық референдумда қабылданған еліміздің жаңа Конституциясы осы жарқын пейілдердің айқын көрінісін бүкіл әлемге паш етті. Ал, татулық пен бірлік, ынтымақ пен өзара келісім еліміздің баға жетпес байлығы, қазына жетпес құндылығы. Ең қастерлі байлығы адам мен өмірін сақтауға, еркін жолын ашуға бағытталған Тәуелсіз Қазақ елінің жаңа Ата Заңы аясында жаңару мен өркендеуге негізделген барлық істеріміз баянды болсын! Өйткені, ел абыройын асқақтату қашан да қасиетті парыз. Ендеше, науша Наурыздың нұрынан нәр, шуағынан қуат алған бірлігіміз бен татулығымыз жарасып, еліміз дамып, өңіріміз өркендей берсін,-деді.

Аудандық мәдениет үйінің концерттік бағдарламасы тарих құпияларын ашқан театрландырылған қойылымнан басталды, одан кейін ортаға өнер көрсету үшін ауданның шығармашылық ұжымдары шықты. Концерт барысында ұлттық аспаптарда орындалған әуендер мен халық билері, түркі халықтарының музыкалық өнері, қазақтың «Тойбастар», «Наурыз-Думан» және өзге де әндері, «Жарапазан» тұрмыс-салт жыры және дәстүрлі өнер қойылымдары қамтылған. Күй күмбірлеп, «Айжанқыз» би ұжымының бишілері би биледі.
Мереке қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, халық ойындарына атсалысты.
Осындай іс-шара легі ауылдық округтерде де жалғасын тапты.
Байқадам
Ауданымыздың қара шаңырағы Саудакент ауылында Ұлыстың Ұлы күніне арналған іс-шара кең көлемде өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысты. Алдымен келушілер тал отырғызып, табиғатты аялауға үлес қосты. Мұнан соң аудан басшысы бастаған зиялы қауым өкілдері, аудандық құқық қорғау органдарының өкілдері мен ардагерлер кеңесінің мүшелері қолөнер көрмесін аралап, спорттық ойындарды да тамашалады. Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, ауылдың өнерпаздары әуелете ән шырқап, мейрамның көркін қыздырды. Аталмыш шара барлық ауылдық округтерде жалғасын тапты.
Жайылма
Жайылма ауылдық округінде әз-Наурыз мерекесі кең көлемде, жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Н.Молдабеков құттықтау сөз сөйлеп, жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, Жайылма ауылдық округінің әкімі Ж.Смағұлов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Құрманбеков сөз алып, ел бірлігі мен татулығының маңызын атап өтті.
Шара аясында ұлттық салт-дәстүрлер насихатталып, ақ дас­тархан жайылып, Наурыз көже ұсынылды. Ауыл тұрғындары мен қонақтар ұлттық құндылықтарды дәріптеген көріністерге куә болып, мерекелік бағдарламаны тамашалады.
Сонымен қатар, мереке барысында спорттық ойындар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынасты. Жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Осындай тағылымы мол, берекелі мереке ауыл тұрғын­дарының бірлігін нығайтып, ұлттық дәстүрлерімізді жаңғыртуға үлкен үлес қосты.
Игілік
Игілік ауылдық округінде Наурыз мейрамы аталып өтті. Көктемнің келуі мен жаңарудың белгісіне айналған бұл мереке ауыл тұрғындарын бір алаңға жинап, ерекше көңіл күй сыйлады.
Мерекелік шара барысында ауыл өнерпаздары сахна төрінде әсем әндер орындап, ұлттық нақыштағы қойылымдар ұсынды. Көрермендерге халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен насихатталды. Әсіресе, жастардың белсенділігі мен өнерге деген қызығушылығы көпшіліктің көңілінен шықты.
Шара барысында ақ дастархан жайылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Ауыл тұрғындары бір-біріне ізгі тілектерін білдіріп, татулық пен бірліктің үлгісін көрсетті.
Мерекелік кештің соңы ұлттық спорт түрлерімен жалғасын тапты. Қатысушылар күш сынасып, ептілік пен батылдықтарын паш етті. Бұл сайыстар көрермендерге ерекше әсер сыйлап, мерекенің мазмұнын одан әрі аша түсті.
Игілік ауылдық округінде өткен Наурыз мейрамы ауыл халқының ынтымағы мен бірлігін айқындап, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.
Жаңаталап
Жаңаталап ауылындағы мерекелік іс-шара барысында ауыл тұрғындары ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып, бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетті. Әдеттегідей, ауыл алаңында киіз үйлер тігіліп, ақ дастарқан жайылып, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар, концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ән-күй мен би орындалды.
Осындай игі шаралар ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлкен үлес қосады.
Жаңаталап ауылындағы бұл мереке де жоғары деңгейде өтіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жаңаарық
Ұ. Сыздықбайұлы ауылында өткен мерекеде Ұлттық нақышта безендірілген сахнада қонақтарды күй шертумен қарсы алу, тұсау кесер рәсімі, әжелеріміздің жүн сабау дәстүрі, сондай-ақ ұлттық және сурет көрмелерінің ұйымдастырылуы думанды кештің ажарын аша түсті.
Аудан әкімінің аппарат басшысы Рысдәулет Құдайберген тұрғындарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Кеш барысында ауыл өнерпаздары өнер көрсетіп, ұлттық ойындар (қошқар көтеру, гір тасын көтеру, қол күрес, арқан тарту) ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.
Түркістан
Ә. Бүркітбаев ауылында Ұлыстың ұлы күні кең көлемде аталып өтті.
Мерекелік шара барысында ауыл әкімі Д. Борсықов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Жылқыбаев құттықтау сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарына ақжарма тілектерін арнады. Олар Наурыздың маңыздылығын атап өтіп, ел бірлігі мен татулығының әрдайым берік болуын тіледі.
Іс-шара барысында ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп, ақ дастархан жайылып, наурыз көже ұсынылды. Ауыл тұрғындары бір-бірімен көрісіп, ақ тілектер айтып, мерекелік көңіл-күйге бөленді. Сонымен қатар ұлттық ойындар ұйымдастырылып, өнерпаздар әннен шашу шашты.
Осындай игі шаралар ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға өз үлесін қосуда.
Досбол
Досбол ауылдық округінде көше тұрғындары арасында үздік бата беру, көрініс құру, ұлттық ойын-жамбы ату, арқан тартыс, үздік киіз үй, таза көше жарыстарымен сайысқа түсті.
Мерекелік шара ұлттық, спорттық-бұқаралық ойындармен жалғасып, ұлттық ойындарымыз насихатталып, жастар қазақша күрес, гір тасын көтеруден, арқан тартыс­тан, қол күресінен жарысқа түсіп, жүлделі орындармен, сыйлықтармен марапатталды.
Тоғызкент
Тоғызкент ауылында мереке шаттық пен береке сыйлап, кең көлемде аталып өтті.
Бұл күні ауыл тұрғындары бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетіп, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртты.
Ақ дастархан жайылып, жиналған қауымға наурыз көже ұсынылды.Дәмі тіл үйірер бауырсақтар таратылып, барша жұртқа мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Ән мен күй шырқалып, мың бұралған би биленді. Ұлттық ойындар ойналып, салт-дәстүрлеріміз дәріптелді.
Мерекелік іс-шараға атсалысқан ауылдар марапатталды.
Қамқалы
Қамқалы ауылдық округінде мереке жоғары деңгейде өтті.
Мерекелік іс-шараға ауыл тұрғындары мен қонақтар жиналып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеді. Ауыл әкімі М.Төлеутай барша жұртшылықты құттықтап, ізгі тілегін білдірсе, ауыл ақсақалы Б.Баушенов ел бірлігі мен береке-бірліктің маңызына тоқталды.
Ақ дастархан жайылып, Нау­рыз көже ұсынылды. Спорттық жарыстар мен мерекелік бағдарлама ауылдастарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

***

Жаңатас қалалық аула клубының ұйымдастыруымен 2-шағынауданы 8 үйдің спорт алаңында Наурыз мерекесіне арналған «Қош келдің, әз-Наурыз» атты мерекелік іс-шара өткізіліп, көрме ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылуында Сәкен Мариям «Наурыз» әнін орындады. Сондай-ақ, бишілер тобынан Берікқызы Каусар, Берік Дана, Берік Аяулым, Мырзабек Раяна, Тәжібай Айлана «Кербез», «Жұлдыз» билерін биледі. Айдарқызы Назира, Сламхан Көркем, Абай Нұрсезім, Манапұлы Нұрали ән айтып, өз өнерлерін көрсетті. Қазақтың ұлттық ойындары ойнатылды, әжелерден құралған топ қазақтың салт-дәстүрлері тұсаукесер мен бесікке салу рәсімдерін көрсетті. Мекеме тарапынан наурыз көже ұйымдастырылып, ата –аналарға, қонақтарға, тәрбиеленушілерге ұсынылды.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.