Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі
Сарысу өңірінде отбасы құндылығын сақтап, тамырын тереңге жіберген, жапырағын жайған өнегелі, іргелі әулеттер жетерлік. Солардың бірі – Cарқытбаевтар отбасы. Отасқандарына үстіміздегі жылы 51 жыл болған Амангелді ақсақал мен Жамал ана бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере, шөберелерінің арасында бақуатты ғұмыр кешіп отыр.
Бала күнінен еңбекке араласқан Амангелді аға ұжымшардың түйесін баққан әкесінің еңбек жолын үлгі тұтты. Мектеп бітіріп, 1964 жылдан әкесіне қолқабыс етіп, көмекші болады. 1966 жылы ел алдындағы әскери борышын үш жыл өтегеннен кейін, 1970-1977 жылдары өрісі төрт түлікке, қонысы құтқа толы Жайылма совхозында шопан таяғын қолына алып, қой бағады.
Алланың ер азаматқа берер ең үлкен сыйы туғаннан зиялы, пейілі кең, мейірімі мол, ибасы мен иманы бар, кешірімді зайыбын жолықтыруы. Жақсыны жазбай танып, жаңылмай жар таңдау не үшін қажет? Себебі болашақ әулеттің, ұрпағыңның жайнап-жайқалып өсуі әйел затына тікелей байланысты. Амангелді ағамыз осындай ибалы жұбайы Оңғарқызы Жамалмен 1975 жылы үлкендердің ақ батасын алып, шаңырақ көтереді. «Әйел-үйдің ырысы» дегендей, кейіпкеріміз — Амангелді ағамыз отанасының бойынан қазақ аналарына тән асыл қасиеттерді көре де, тап басып тани да білген. Шын мәнінде, екі жақсыны құдай қосқан. Сарқытбаевтар әулетінің ырысы тасыған, ынтымағы жарасқан, балалы-шағалы, немерелі болып өсіп-өнген, мәуелі отбасына айналуы отбасы иелерінің «бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарған» ауызбірлігінің арқасы екені шүбәсіз. Ата жолын жалғастырған Амангелді аға жұбайы Жамалмен бірге шаруасы шалқыған Шығанақ ауылында 1979 жылдан кеңшардың бір отар қойын бағуға шешім қабылдайды. Ал, 1986 жылдан 1998 жылға дейін түйе баққан. Сол жылдарды еске алған кейіпкеріміз:
«Отыз жылға жуық мал бақтым. Қой баққан жылдары абыройсыз болған емеспін. Жыл сайын отардан отар өргіздім. Еңбегім еш болмады. Ең алғаш әкемізден бөлініп, өз алдыма кеңшардың қойын бағуға бел буған кезімде талай қиындықтар болғаны рас. Бірақ сол бейнетті өмірдің зейнетін бүгін көріп отырмыз,- дейді. Осы жерде отағасының әңгімесін жалғаған жары Жамал апай: жас күнімізде от жағып, күл шығардық. Күніне қаншама сиыр саудым, отағасымның қасында жүріп, бала-шағаны бірге жетілдірдік. Соның бәрі сол кездің тұрмысы ғой»,- деп қостады.
Амангелді аға мен Жамал апа тоғыз перзентті дүниеге әкелген бақытты ата-ана. Осы перзенттері өсіп өніп, барлығы бір-бір маман иесі атанып, өз шаңырақтарының отағасы мен отанасы болып отырған жайы бар. Ал, осы тоғыз перзенттен 33 немере мен 12 шөбере сүйген аяулы ата-әже.
Қазіргі таңда ортаншы ұлдары Самат пен келіні Айымның қолында. Қара шаңырақтың иесі атанған Самат пен Айым да орталарына сыйлы, достарына қадірлі жандар. Самат ауданымыздағы іргелі кәсіпорын «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде «БелАз»-ды тізгіндесе, келіні Айым аудандық орталық ауруханасында учаскелік мейіргер. Ағайын-туыстары қызыға қарайтын шаңырақ.
Еңбек деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған ақ жарқын ағамыздың бұл күнде ел сыйлаған азамат, абзал әке, ардақты ата, сүттей ұйыған отбасының ақылманы болып отырғанын көзімізбен көріп жүрміз.
Адал еңбекпен келген бедел де, дәулет те бір Алланың берген несібесі. Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған малшы мамандығы әулет үшін қастерлі де қасиетті екенініне олардың еңбек жолдарын парақтағанымызда көзіміз жетті. Мұратқа жеткізетін, өмірді сәнді де салтанатты, мәнді де мағыналы ететін еңбек. Олай болса еңбек жолдары көпшілікке үлгі болған Сарқытбаевтар әулетіне алдағы уақытта табыс пен береке тілейміз!
К. СҮЛЕЙМЕНОВА, «Sarysý»