«Болашақ» бөбекжай-бақшасында
Жыл басы, Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз да келіп жетті. Бұл күнді күллі қазақ жұрты үлкен тойға ұластырып, дүбірлетіп, алты алаштың басын біріктіріп, ұлттық нақышта атап өтуде.
Қаламыздағы «Болашақ»бөбекжай-бақшасында «Ағарған күні» мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараның мақсаты-балаларға қазақ халқының ұлттық тағамдары, әсіресе сүттен жасалатын тағамдар (ағарған) туралы түсінік беру. Ұлттық дәстүрді құрметтеуге, дастархан мәдениетін сақтауға тәрбиелеу.
«Болашақ»бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Э.Сатиева сөз алып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
-14-23 наурыз аралығында Қазақстанда жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі өтеді. Наурыз мейрамын атап өтудің бұл форматы аз уақыт ішінде тарихи дәстүрлерді, мәдени іс-шараларды, қоғамдық бастамаларды ұштастырып, ел бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды халықтық мерекеге айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген. Ол Наурызды тек бір күндік мереке ретінде емес, адамдардың жүздесіп, игі істер істеп, жаңарып, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтатын кезең ретінде қабылдаған тарихи дәстүрге негізделеді.Ұлыстың ұлы күні – қай кезеңде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі болып, ұлттық дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыз жаңғыртылып, жалпы адамзаттық құндылықтар дәріптелген. Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамы елімізге, әрбір отбасына ауызбіршілік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін.,-деді.
Сондай-ақ бөбекжай бақшасының тәрбиеленушілері тақпақтар айтып, ән мен биден шашу шашып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
К. СҮЛЕЙМЕНОВА, «Sarysý»