Арзан бағада сатылды
Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі референдум күні аудандағы дауыс беру учаскелерінде тұрғындар үшін түрлі мәдени және ойын-сауық шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, орталық алаңда азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізілді.
Бұған дейін халыққа қажетті азық-түліктің бағасын тұрақтандыруға бағытталған іс-шараларды көбейту мақсатында әр сенбі күні жәрмеңке ұйымдастырылып келеді.
Жексенбі күні өткізілген жәрмеңкеге Жуалы ауданының жеке кәсіпкерлері 300 кг сүзбе, 300 кг сары май, 500 литр сүт өнімдерін, «Аса Даму» ЖШС-нің жұмыртқасы және көрші Түркістан облысынан «Ордабасы» құс фабрикасының тауық еті өнімдері тұрақты сатылымға шығарылды.
Сонымен қатар, Игілік, Жаңаарық, Байқадам, Жаңаталап және Түркістан ауылдық округтерінен сүт, құрт, ірімшік, сары май секілді сүт өнімдері арзандатылған бағада сатылды.
М.Айдарқұлова, қала тұрғыны:
— Біз әр сенбі сайын жәрмеңкеге келеміз. Бағалары дүкендегілерден әжептәуір арзан және мына қаймақ, майлардың сапасы өте жақсы. Өзіміздің ауылдан келетін кісілерден алып отырамыз. Құрт, май, ірімшік сияқты тағы да басқа тауарларды өте төмен бағамен аламыз. Жәрмеңке біздің халқымызға өте тиімді. Өйткені бағасы да өте төмен. Қажет затымызды да бір жерден қомақты етіп алуға болады,-деді.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»