Ел келешегі үшін дауыс беремін!

0

Мен Жайылма ауылында туылып, білім ордасын аяқтап, осы ауылдан әскерге аттанғанмын. Әскерден келген соң тракторды тізгіндедім. Міне, сол трактордың рөлінде зейнеткерлік жасқа дейін отырдым. Зейнет жасына дейін еңбектен қол үзбей, кейінгі буынға үлгі болатындай еңбек еттім деп ойлаймын. Ал, елу жасымнан жетпіс жасқа дейін ауылдық мешітте имам, азаншы қызметтерін атқардым.

Осы жасқа дейін талай референдумдарға, сайлауларға қатыстым. Биыл 15 наурызда өтетін референдумның орны бөлек. Әр азамат ел ертеңі, береке-бірлігі мен ауыл тұрғындарының өрісті өмірі үшін дауыс беруге мүдделі. Мен үшін алда өтетін республикалық референдумның маңызы аса зор. Ел дамуына негіз болатын және егемендік пен азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтетін жаңа Конституцияның жобасымен мұқият таныстым. Жалпы, менің ойымша, ұсынылған барлық өзгеріс біздің тәуелсіздігімізді нығайтуға және қорғауға бағытталған.
Келешек жастар үшін білім, ғылым және инновация мәселелері толғандырады, ал елдің ұсынылған Негізгі Заңында олар басты стратегиялық бағыт және мемлекеттің негізгі құндылығы ретінде айқындалған. Жастардың сапалы білім алуына, кәсіби қалыптасуына және азаматтық бастамаларына қолдау конституциялық тұрғыдан бекітіледі. Сонымен қатар, цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау нормасы жаңа дәуірдің талаптарына уақтылы жауап болып саналады.
Мына 30 баптың 4-ші тармағында кез-келген ҚР-ның кәмелетке толған азаматы өзінің зейнет жастағы үйіндегі әке-шешесіне қамқор болуға міндетті деген заң ұнады. Бұл біздің о бастан ата дәстүріміздегі қалыптасқан жағдай еді ғой. Енді оны заңдастырып жатқаны құба-құп. Өйткені қазір ғаламтор дамыған заманда әр түрлі жағдайларды көріп, оның куәсі де болып жүрміз. Жастар ата-анасын сыйлаған үстіне сыйлай түседі деп ойлаймын.
Барлық сарысулықтар елдің одан әрі қарайғы дамуын айқындау жолындағы таңдауға өте жауапкершілікпен қарайды деп айта аламын. Біз үшін референдумға қатысу тек өз құқықтарымызды пайдаланып қана қоймай, азаматтық борышымызды орындау деп білемін.
15 наурызда өтетін референдум – тек дауыс беру ғана емес, бұл әрқайсымыздың ел тағдырына қосқан үлесіміз және біздің пікіріміз маңызды деп айтуға мүмкіндік беретін күн. Сондықтан референдумға белсене атсалысып, өз таңдауымызды жасайық.

Нарбота Тапелов, еңбек ардагері

Leave A Reply

Your email address will not be published.