Жас сарбаз жастарды Отан алдындағы міндетін өтеуге шақырды

0

Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Алайда кейінгі уақытта жасыратыны жоқ әскерге барудан қашатын жастардың қатары көбейді. Ал алдыңғы буын ағалар болса, біз жастарымызға адамзат үшін отан қаншалықты маңызды екенін айтудан шаршамауымыз керек. Сонда ғана олардың елге, жерге деген сүйіспеншілігі артады.
Өткен жылы ауданымызда әскерге шақырылғандар қатарында Олжас Нажмудин болды. Отан алдындағы абыройлы борыш деп санаған жас жігіт өз еркімен әскер қатарына қабылданады.
Олжас Нажмудин қазіргі таңда
Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Қызылжарма ауылдық округі, Қызылжарма ауылында ҚР Ұлттық ұланының 5547 әскери бөлімінде Әскери міндетін өтеп жатыр.
Жас сарбаз Олжас Нажмудин:
-Әскери өмірдің қызығы мен шыжығы қатар жүреді ғой. Алғашқыда еркін жүріп-тұрып қалған адамға тәртіпке үйрену қиындау болғанын жасырмаймын. Күніміз ерте тұрып, жүгірумен бас­талады. Маған әскери дайындық сабақтары мен жаттығу жиындары ұнайды. Ал, «Дабыл» соғылған уақытта отырған жеріңнен тұра салып жүгіресің.
Мұнда достық пен бауырмалдық, тәртіп пен жауапкершілік секілді игі қасиеттерді үйрендім. Барлығымыз да күні кеше келгенімізбен бір атаның баласындай достасып кеттік. Өзіміздің арман-мақсаттарымызбен бөлісіп, жағымды жаңалықтарды талқылаймыз. Соның бірі — бір жыл әскери борышын өтегендер жоғары оқу орнына ҰБТ-сыз түсетіні қуантты. Өйткені, әскери бөлімдегі сарбаздардың көпшілігі оқуға түсіп үлгермеген жастар. Біз үшін бұл мотивация болып, әскерде жақсы нәтиже көрсетуге ынталандырады,-деп жастарымызды Отан алдындағы абыройлы міндетін өтеуге шақырды.
Айта кетейік ҚР Ұлттық ұланының 5547 әскери бөлімі — Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрамына кіретін, қоғамдық тәртіпті сақтау мен мемлекеттік нысандарды қорғауды жүзеге асыратын арнайы бөлімше.
Бұл бөлімше Қазақстанның ішкі қауіпсіздігін нығайтуға жауапты ұлан құрылымының маңызды бөлігі болып табылады.
5547 әскери бөлімінің тәрбие жұмысы бөлімшесінің бастығы
Бабанов Захиддин Фуркатұлы:
-Биыл 5547 әскери бөлімінің құрылғанына 17 жыл толып отыр. Бұл – Отан қорғау жолындағы табанды еңбек пен айбынды тарихтың бір белесі. Бөлім құрылғалы бері тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында 5547 әскери бөлім ел қорғанысын нығайтуда, жас сарбаздарды тәрбиелеуде және әскери міндетті абыроймен атқаруда үлкен жетістікке жетті,-деді.
Иә, өзін ер-азаматпын деп санайтын кеудесінде намысы, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет осы. Халқымыз еліміздің Қарулы Күштеріне сенеді және мақтан етеді. Сондықтан әр қазақ азаматының Отан алдындағы борышын абыройлы өтеуі оның азаматтық міндеті.

Сәулет есқара,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.