Әскерге бару-борыш қана емес, зор абырой
Еліміздегі әрбір ер азаматтың міндеті Отан алдындағы борышын өтеу болып табылады. Жалпы, Тәуелсіз әрі кең байтақ елімізді сыртқы жаудан қорғап, болашақ ұрпаққа табыстау ата-бабадан бері жалғасып келе жатқан аманат десек қателеспесіміз анық.
Әскер қатарына алынған жастар еліміздің әр аймағында Отан алдындағы борышын өтейді. Бір жыл бойы олар әскери өмірдің қыр-сырын үйреніп, әскери техниканың тілін меңгереді. Мәселен, бұрын әскерге барғандар бұл салаға қатысты емес істерді, яғни ас әзірлеу секілді тағы да басқа жұмыстарды атқаратын болса, қазір бұл шаруалардың барлығы олардың мойнынан алынып тасталған. Борышын өтейтін азаматтар біліміне, қабілетіне қарай тек қана белгілі бір мамандық бойынша оқып, үйренеді.
Ілгеріге қарағанда қазір әскерде барлық жағдай жасалған. Киім-кешек, тамақтандыру мәселесінде ешқандай қиындық жоқ. Соңғы жылдары әскерде тәртіп те күшейді. Казармада сенім телефоны жұмыс істейді. Жігіттердің отбасымен тілдесуіне де мүмкіндік жасалған. Әр аудандағы тиісті мекемелер аймақтан аттанған жігіттің отбасына аман келуі үшін жұмыс жүргізеді. Олар азаматтың әскери борышын өтеп жатқан өңірден ақпарат алып отырады.
Біз мереке қарсаңында әскери қызметін абыройлы атқарып келген Жаңатас қаласының тұрғыны Дәулеткерей Дайырбекұлы Әбжанмен кездесіп, әңгімелескен болатынбыз. Мұндағы мақсат- қазіргі әскердегі жағдаймен жас жігіттерді таныстыру және әскерден қорқып, қашып жүретін азаматтарды Отан алдындағы әскери борышын өтеуге шақыру. «Ұланы бар елдің, ұраны бар», — демекші, елім деп тұрған жастардың абыройлы міндетін атқаруы — алдағы уақытта Отанына қалтқысыз еңбек ететінінің айқын дәлелі. Себебі олар, әскери тәртіптің қандай екенін, Отан үшін от кешу мен жау жағадан алған жағдайда бәріне дайын тұрудың – міндет екенін жақсы біледі. Кейіпкеріміз осы тұста әскери өмір жайлы айтып өтті.
-Мен 2006 жылы 21 қарашада Жаңатас қаласында дүниеге келгенмін. Қаладағы Абай атындағы орта мектептің 9-сыныбын аяқтаған соң, Жаңатас көпсалалы колледжінде оқыдым. 2024 жылы өз еркіммен Отан алдындағы борышымды атқаруға аттандым.
Алаңсыз балалық шақтың тәтті кезінде «Отан-сенің ата-анаң, Отан-досың, бауырың» деп басталатын жыр шумақтарын талай тақылдата айтқан болатынбыз.
Ендеше сол өлеңнің «Отан» деп өс жас қауым, оны ардақтап сүйе біл» деп аяқталатыны да есте. Бүлдіршіннің бал тілімен айтылған бұл өлеңнің мән-мағынасын сол кезде түсінбесек те, бүгінде мәніне жеткендейміз. Жадымызда сақталған осы бір өлең жолдары әрбір тұлғаның жүрек түкпірінде Отанға деген махаббат пен сүйіспеншіліктің берік орнауына сеп болады. Ал Отанды қорғау-оны сүйген әрбір ердің парызы.
Мен әскери борышымды өзіміздің Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Гранитогорск елді мекеніндегі әскери бөлімде өтедім. Әскерде қиындық пен қызық қатар жүреді. Оны барып өз көзіңмен көрген дұрыс. Әскери тәртіп бәріне үйретеді, шыңдала түсесің. Сондай-ақ, үйден жырақта жүріп, бәрінің қадірін түсінесің. Бір жағынан бұл барлық ер азаматтың Отан алдындағы борышы. Ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпес дейді ғой. Сондықтан әскери міндетін өтеп келгендер әскердегі қиындықтарды ғана айта бермей, керісінше, ондағы тәртіп пен қызықтарды айтып артымызда еріп келе жатқан інілерімізге дұрыс жол көрсету керек деп ойлаймын,- дейді Дәулеткерей Дайырбекұлы.
Иә, әскер – өмір мектебі. Оның қазанында қайнап, сынағына шыңдалып шығу кез келген азамат үшін өмірлік олжа болатыны сөзсіз. Сонымен қатар әскерде болған азамат өмірде де проблемалармен бетпе-бет келгенде оны шешудің жолын іздейді. Кез келген сынаққа сынбайды, керісінше қарсы тұрады. Бүгінгі азаматтарда осындай қасиет байқала бермейді. Сол үшін үлкен өмірдің алғашқы баспалдағынан әр азамат өтуі керек.
Халық батыры Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскер қызметінен жалтарса, онда ол патриот емес» деген қанатты сөзі бар. Сондықтан, әскерге барып, еліне қызмет ету – әрбір ер азаматтың Отан алдындағы міндеті.
Мемлекетіміздің тыныштығын қадағалап жүрген айбыны асқақ сарбаздарымыздың орны еліміз үшін қашанда бөлек. Себебі, олар халықтың қауіпсіздігін сақтауда көптеген міндеттер мен маңызды рөл атқаратыны айтпасақ та белгілі.
Иә, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келіп, бүгінде ер азаматқа тән мамандықта қалтқысыз қызмет етіп жүрген Дәулеткерей көп жастарға үлгі десек, артық айтқанымыз емес. Себебі, ол патриот жастардың қоғамда өз орнын тауып, елі мен жерін құрметтеумен қатар, халқына адал қызмет етуді борыш деп санайды.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»